
Соңғы жылдары ақпараттық технологиялардың дамуы қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде онлайн қызметтерді пайдалану, интернет арқылы сауда жасау, қаржылық операцияларды қашықтан жүргізу күнделікті қалыпты жағдайға айналған. Алайда цифрлық мүмкіндіктердің артуымен қатар интернет алаяқтық деректері де көбейіп келеді. Бұл мәселе қазір тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның назарын талап ететін өзекті мәселелердің біріне айналды. Қазіргі таңда алаяқтар азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін меңгерген. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі, байланыс операторы немесе мемлекеттік мекеме маманы ретінде таныстырып, сенімге кіруге тырысады. Кей жағдайларда телефон арқылы хабарласып, азаматтың есепшотына қауіп төніп тұрғанын айтып қорқытады. Ал енді бірде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған хабарламалар таратып, күмәнді сілтемелерге өтуге итермелейді. Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтарының басты қаруы – адамның сенімі мен асығыстығы. Олар азаматтарды түрлі сылтаулармен жеке деректерін беруге, банк картасының нөмірін айтуға немесе телефонға келген құпия кодтарды жіберуге көндіреді. Осындай ақпараттарды қолға түсіргеннен кейін алаяқтар жәбірленушінің қаражатын иемденуге әрекет жасайды. Соңғы уақытта жалған инвестициялық жобалар да көбейіп отыр. Әлеуметтік желілерде немесе түрлі интернет платформаларда аз уақыт ішінде мол табыс табуға уәде беретін жарнамалар жиі кездеседі. Алаяқтар бастапқыда аз мөлшерде қаржы салған азаматтарға жалған пайда көрсетіп, кейін ірі көлемдегі қаражат аударуға көндіреді. Нәтижесінде тұрғындар жинаған қаржысынан айырылып жатады. Сонымен қатар интернет-дүкендер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де азаймай отыр. Әсіресе бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзан тауарларды ұсынатын күмәнді парақшалар көбейген. Мұндай жағдайда сатып алушы алдын ала төлем жасап, кейін сатушымен байланыса алмай қалады. Сондықтан интернет арқылы сауда жасаған кезде тек сенімді және ресми сауда алаңдарын пайдаланған жөн. Құқық қорғау органдары интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Әлеуметтік желілерде арнайы жадынамалар жарияланып, кездесулер барысында азаматтарға қауіпсіздік шаралары түсіндірілуде. Дегенмен, мамандардың пікірінше, алаяқтықтың алдын алуда әр адамның жеке жауапкершілігі мен қырағылығы ерекше маңызды. Кез келген жағдайда банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, жеке сәйкестендіру нөмірін немесе құпия сөздерді бөгде адамдарға беруге болмайды. Егер белгісіз тұлғалар қаржылық операция жасауға немесе жеке мәліметтерді ұсынуға шақырса, әңгімені тоқтатып, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексерген дұрыс. Интернет кеңістігі мүмкіндіктермен қатар қауіп-қатерлерге де толы. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау және күмәнді әрекеттерге сын көзбен қарау – әрбір азамат үшін маңызды міндет. Қарапайым сақтық шараларының өзі үлкен шығындардың алдын алуға көмектеседі. Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда азаматтардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығы жоғары болуы тиіс. Интернет алаяқтықпен күресте құқық қорғау органдарының жұмысы маңызды болғанымен, әр адамның сақтығы мен жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Өйткені алаяқтардың арбауына түспеудің ең тиімді жолы – ақпаратқа сергек қарап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау.
Жастар ресурстық орталығының маманы Ақжан Тілеубердіқызы
