
Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және заңға деген құрметті арттыру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ұйғыр ауданында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аудан көлемінде жастармен, білім беру ұйымдарының оқушыларымен, студенттермен және ауыл тұрғындарымен түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кездесулер барысында заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында форумдар, пікірталас алаңдары мен кездесу шаралары ұйымдастырылып, олардың қоғамдағы жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің қатысуымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен кеңестер өткізіліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқылануда. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар барысында қоғамдық орындар мен жастар көп шоғырланатын аумақтар қамтылып, түсіндіру шаралары жүргізіледі. «Заң мен тәртіп» идеологемасын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар ақпараттық кеңістікте де белсенді жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарына арналған құқықтық мазмұндағы мақалалар, бейнероликтер мен ақпараттық материалдар әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және LED экрандарда тұрақты жарияланып келеді. Сонымен қатар, тұрғындар арасында жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылып, заң талаптарын сақтау мен құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Заң үстемдігін қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және әділетті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
Аудандық Журналистер клубының мүшесі Перизат Сембекқызы
