ҮМІТКЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Ауданымызға Парламент Сенатының депутаттығына үміткер Нұрлан Қылышбаев ат басын бұрып, кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімі Алимжан Тохтасунов, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары және үміткердің сенімді өкілі Жеңіс Тойшыбековтер қатысты. Жиын тізгінін қолына алған аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Есжан сөз кезегін сенімге өкілге берді. Нұрлан Наурызұлының өмірбаянымен таныстырған соң Жеңіс Тойшыбекұлы осыдан бір жыл бұрын аудан жұртшылығымен кездескен кездегі өзінің мақсаттары мен көпшіліктің айтқан аманатының біразына қол жеткізген халық қалаулысының араға жыл салып, тағы да жақсы үмітпен келгендігін жеткізді.
Парламент Сенатының депутаттығына үміткер Нұрлан Наурызұлы жұмыстарының есебін берді. Мәселен мемлекеттік сатып алу заңы бойынша Парламент Сенатындағы комитетке ұсыныс жасап, комитет төрайымы Бірғаным Әйтімовадан қолдау алғандығын, сәуір айында арнайы жұмыс тобы құрылып, аймақтарға ұсыныстар жіберіліп, қыркүйек айында жоба қаралатынын айтты.
«Каз АгроФинанс» АҚ тарапынан берілетін несиелердің қаржыландыру кестесін қайта қарау бойынша мамыр айында төраға орынбасары Гүлназ Атамқұловаға мәлімдегенін, аудан бойынша өтініш білдірген 50-60 адамның 20-30-ының құжаттары 3-5 жылға бірнеше бағыт бойынша үзіліссіз несие беруді қарастыру ұсынылғанын жеткізді.
Орман шаруашылығы бойынша жаңа заң қабылданғандығын, сауда нүктелерінде посттерминалдардың орнатылып, көлеңкелі экономиканы жою қажеттілігі туралы да ұсыныс жасағандығын да түсіндірді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов, аудандық мәслихаттың депутаты Ноғайбек Дәуренбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұровтар өз ойларын ортаға салып, үміткердің ниетіне ақ жол тіледі.
Жиынды қорытындылаған Нұрәкім Есжан 28 маусым күні өтетін сайлауға депутаттардың толықтай қатысуын сұрады.
Ынтызар БЕРЕНБАЕВА
ҚазХҚжӘТУ студенті