Басты бет Мәдениет және руханият ҚАРАДАЛАНЫҢ ҚАРА НАРЫ

ҚАРАДАЛАНЫҢ ҚАРА НАРЫ

0
2,614

«Қарадалада – қалың із,
Қарадалада – жанымыз.
Қарадалада киелі –
төгілген кіндік қанымыз…» деп туған жермен тілдесіп, Қарадалада кіндігін кесіп, әсем Алматыға арман қуып кеткен, аласармас биігіне қуатты жырларымен жеткен Қарадаланың қара баласы болған Нұрлан Оразалин бүгінде бар қазақтың данасына айналған.

Ол халқына қара өлеңнен қамал соғып, асыл сөзден маржан теріп, ұлт руханиятының дамуына үлес қосты. Ол қадау-қадау дүниелерімен қазақ әдебиетінің өрге домалауына өлшеусіз септігін тигізді. Ол қасиет қонған Қарадаласын қазақтың нәрлі сөзімен көмкеріп, жырға қосты. Ол аттай жиырма жылдан астам уақыт қарашаңырақ Жазушылар одағын басқарды. Басқарып қана қоймай, сөз зергерлері шаңырағын қиындықтан шығарудың жолдарын тауып, одақтың орға құлауына тосқауыл болды. Ел газеті «Егемен Қазақстанды» басқарған жылдары да аға басылымның тасының өрге домалауына еңбек етті. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты болып сайланып, ел ішіндегі іргелі істердің ілкімді дамуына үлес қосты. Сенатор ретінде бар күш-жігерін сарп етті. Осылайша ел үшін есепсіз тер төккен, Қарадаланың қара нарына айналған Нұрлан Мірқасымұлы мағыналы ғұмырының биік бір белесі 70 жасқа жетіпті. Осыған орай елге келіп, туған жерге табан тіреп, ауылдастарымен кездесу өткізді.
Аса көрнекті ақын, танымал драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығынң лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Нұрлан Оразалиннің 70 жылдық мерейтойына арналған «Аспантаудың ақиығы» атты шығармашылық кешке ауыл-ауылдан жырсүйер қауым мен Нұрлан ағаның шекпенінен шықпаса да, армандары асқақ жас ақындар, ұстаздар көптеп жиналды. Ғасыр жасаған Күрішбек атамыз да кештің құрметті қонағы болды. Бүгінгі қазақ әдебиетінің корифейлері мен ақын-жазушылар, өкшебасар қаламгерлер де осы кешке арнайы келіпті. Кеш қонақтары әуелі Нұрлан Мірқасымұлының шығармаларынан топтасқан кітап көрмесімен танысты. Жырдан шашу шашылып, қара сөздің шеберлері үлкен ілтипатпен қарсы алынды.
Ақынның «Талбесік» атты диалог-поэмасынан сахналық көрініс қойылған соң, Нұрлан Мірқасымұлының өмірбаянынан бейнеролик көрсетілді.

«Иіскеп үнсіз сәуірде лала гүлді,
Аспантауды аңсадым, бала күнді.
Түсті есіме ескі ауыл, ескі бөктер,
Шаң мен шыққа ораған балағымды», – деп балалығын жырға қосқан ақынның көз алдына бейнежазба сол күндерді алып келді. Ол ойнаған қырат та, ол асыр салған суат та сол қалпы. Бала күннің балғын естеліктері ғана қалған бүгінде. Осындай әсерлі бейнероликтен кейін сахна төріне Нұрлан ағамыз құрметпен шығарылып, төрге отырғызылды.
Алғашқы болып ақжарма тілегін ақтару үшін мінбеге аудан әкімі Алимжан Тохтасунов көтерілді. Халықтың қажетіне жарап, ұрпақтар жолында қызмет ету әрбір азаматтың міндеті. Дегенмен осы міндетті әркім әрқалай әрі өз қабілет-қарымынша атқарып келеді. Нұрлан ағамыз да биік-биік мінберлерде болашақ үшін толғанды, келешек үшін келісті сөздер айтты. Оның жыр-жолдарының өзі жастар үшін таусылмас азық екенін айтқан аудан басшысы райымбектіктер Мұқағалимен мақтанса, біз Нұрлан ағамызбен мақтанатынымызды жеткізді. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен өнерінің тарландары атанған Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Кәдірбек Сегізбай, Смағұл Елубай, Есмұхан Обаев, Жұмабай Шаштайұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәкен Тойшыбеков, кәсіпкер Стахан Белғожаев, медицина ғылымдарының докторы Әрмен Рысмендиев, ауданымыздың тумасы Болат Нұрғазиев, белгілі дәрігер Тұрарбек Төлендиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек сынды арқа сүйер ағалары мен өкшебасар інілердің ізгі тілегі де Нұрлан ағамызға арналды. Сахнаға құттықтау сөз сөйлеп шыққан әрбір азамат ақын ағамыздың мерейін үстем етті. Бірі адамгершілігін сөз етсе, енді бірі қарапайымдылығын, бірі өткірлігі мен өжеттігін, қайсыбірі қара қылды қақ жарған әділдігін, бірі тектілігін, енді бірі қиыннан жол табар ептілігін тілге тиек етті. Қалай десек те, бұл күні барлық ниет те, тілек те Нұрлан ағамыздың құрметіне арналды. Сүмбе ауылының тумасы Санжар Келеке ағаға деген ізгі лебізін өлең жолдарымен жеткізді. Оқушылар Нұрлан Мірқасымұлының шығармашылығынан өлеңдер оқып, көрермен көзайымына айналды. Артынан ерген ұрпақтарына риза болған ағамыз да сиясы кеппеген жыр жинақтарын тарту етіп, аталық ақ тілегі мен батасын берді. Қасиетті Қарадаласын жырына арқау еткен ақын өзі де халқына бірқатар өлеңдерін оқып, жырмен сусындатты.
«Өткенімді елестетіп көмескі,
жиі іздеймін жасыл жыра, белесті.
Ескі ауылды…
Сары жұртты іздеймін
қара қырды, қараша үйді сол ескі», – деп ақын ауылға, ағайынға, өткен күнге деген бар сағынышын қара сия мен ақ қағаздың құдіреті арқылы жыр жолдарына сыйғыза білген. Тағы бірде:
«Құм көшкен құла түздеймін,
қараша-қатқақ күздеймін;
қабаржып Қарадаладан
қоңыр шалдарды іздеймін», – дейді. Міне, бұл ақын жанының арпалысы, ішіндегі «қан майдан» көрінісі. Осындай сағынышын арқалап келген ағамыз бұл кеште ағынан жарылды, ақтарылды. Елін көріп ерекше күш жинады. Туған жерге келіп шабытына шабыт қосып, алдағы күніне күш-қуат жинағанын жасырмады. Түйдек-түйдек жырларын жасындай төкті. Мұндай шығармашылық кешке сусап қалған ағайын да уақыттың озғанымен санаспады.
Кеш соңында ақынның жары, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тәлімгер-ұстаз Фаузия Оразбаева да Нұрлан мен оның жырларын құрметтеп келген ауыл тұрғындарына басын иіп, алғысын айтты. Ауылдың көнегөз қарттары, ел ағалары болып отырған Күрішбек Көжекбаев, Нұрмаш Сағабаев, Нурвяг Сейитов, Қуаныш Тезекбаев, Ызғарбек Бектұрсыновтардың иықтарына шапан жапты.

ТҮЙІН:


Ақындық қаламының ізінен еркіндіктің, бостандықтың лебі ескен, ұлылықты, асқақтықты аңсап, қасиетті жермен, көктегі Тәңірімен тілдесіп, жырды мәңгілік Құбыласына теңеген, Аққу-өлеңін арынан биік қойған тау тұлғалы нар ағаның жырына еліткен біз 4 сағат уақыттың қалай зымырап өткенін аңғармай қалыппыз. Өлеңнің, жырдың құдіреті де осы болса керек. Аспантаудың ақиығымен өткен жыр кеші жабырқаулы жандарға жаз көңіл сыйласа, жыр кешіне ат арылтып арнайы келген әнші Сұлушаш Нұрмағанбетованың «Ағалары» мен  қазақ ән өнерін дамытуға атсалысып жүрген белгілі дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиевтың үкілі домбырасымен айтылған әуезді әндер көрерменнің көңілін бір селт еткізді. Бұл кеш осылайша Қарадаланы әуезді ән мен жақұт жырлармен тербетті.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…