Басты бет Тағзым ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

0
866

Заманбек Нұрқаділов қазақтың біртуар азаматы. Тірі болғанында қаңтардың 15 күні 80 жасқа толар еді. Маңдайымызға біткен бағымыз еді. Амал жоқ, ұлтжанды, елі үшін ештеңеден тайсалмаған қоғам қайраткері туралы өткен шақта естелік айту ауыр, әрине. Дегенмен халқы, ел-жұрты барда оның аты өшпейді. Әрбір ісі, әңгімесі айтылып отырады. Мен де мерейтойы қарсаңында шамамның келгенінше бірге жүрген кездерімнен естелік жазуды жөн көрдім. Жақсы адамның жанында болған сәттерім үшін бақыттымын десем артық мақтанғандық бола қоймас.

Әлі есімде 1989 жылдың қаңтар-ақпан айлары болуы керек Алматы облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінің күн тәртібінде А.Розыбакиев атындағы совхоздың директоры Ғоппа Әбдіманапов пен партком хатшысы менің мінездемелерімізді бекіту жөнінде мәселе қаралатын болды. Бұл орталық комитетінің  «Кадр саясаты туралы» қаулысының міндеттерінен туындаған мәселе болатын. Сол кездегі Коммунистік даңғылындағы (қазіргі Абылайхан) облыстық партия комитетінің ғимаратына кіріп, лифтімен бірінші хатшының қабылдау бөлмесіне көтерілейік деп тұрғанымызда кезекші милиционер қазықтай тұра қалып әскери сәлем белгісін жасай қалды. Кімге мұндай сәлем беріп тұр екен деп артыма бұрылсам, сұңғақ бойлы орта жастағы ер адам лифтке қарай асыға басып келіп бізбен қол беріп амандасты. Бәріміз лифтімен көтеріліп қабылдау бөлмесіне кіргенімізде, жаңағы азаматқа обком хатшысының көмекшісі Айдын Дәулетұлы: «Сәлеметсіз бе Заманбек Қалабаевич, кіре беріңіз» деп оның сырт киімін алып, ішке кіргізді. Мен көмекшіден: бұл кім? – деп сұрап едім: «Алматы қаласы атқару  комитетінің төрағасы Нұрқәділов, сіздердің жерлестеріңіз», – деді. Мен сол күні Заманбек ағаны бірінші рет көрдім.

Күн тәртібіне қарасты біздер жөніндегі мәселені бюро мүшелері көпке созған жоқ, себебі әрқайсысының алдында біздің кеңшар туралы анықтамалар бар екен. Кеңшар директоры екеуміздің мінездемелерімізді бюро мәжілісі бірауыздан бекітті. Обком хатшысы Төлебеков маған қарап «Жолдас комиссар, сіз не айтасыз, сұрақтарыңыз бар ма?» – деп әзілдеген болып емеурін білдірді. Біз Алматыға жүрерде ауданның бірінші хатшысы Ж.Розахунов маған кеңшар орталығы Бахар ауылында «Жастар орталығы сарайының» құрылысына қаражат сұрап көр және өзіңе жоғарғы партия мектебінде оқуға жолдама берулеріне өтініш жаса деген. Мен осы екі сұрақты қойып едім, обком партияның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Зуев күлді де, орысшалап «О-оо қарай көріңіздер, коммунистің «қарапайымдылығын» деп мені мұқатты. Сол кезде бюро мүшелерінен Нұрқәділов оған: «Сен неге күлесің, біз ауыл жастарына жағдай жасамасақ кімге жасаймыз. Мына партком хатшысы білімімді әрі қарай жетілдірсем дегеннен басқа не сұрап тұр!» деп оған тесіле қарап зілденіп өңін суытып айтты. Төлебеков орысшалап (ол қазақша мүлдем сөйлемейтін) менің өтініштерімді еске алатындарын айтып, Зуевты арашалаған болды. Алайда айтқаны сол кабинетте ұмыт қалды.

Мен Заманбек Қалабайұлының ұтжандылығын, қазағына деген махаббатын, ауылға деген көзқарасының ерекше адам екенін бірден сезіп, іштей риза болдым. Содан біраз жылдар өтіп, Қазақстан тәуелсіз, егеменді ел болып Президенттік басқару жүйесі орнықты. З.Нұрқәділов Алматы қаласының әкімшілік басшысы болып тағайындалды. Мен аудан әкімшілігі басшысының  бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрдім. 1993 жылдың қазан айында аудан басшысы М.Насыров кабинетіне шақырды. «Бөдеті» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Монебаев Тұрсын екеуі отыр екен. «Тұрсын Алматыға барғанында Нұрқәділовтың қабылдауында болып, туған жеріңізге келіп қайтсаңыз деп ұсыныс жасаған екен, ол кісі қабыл алыпты. Ертең ауданға келетін болды, соған дайындал» – деді.

Ертесі Шарын өзенінің көпірі алдынан күтіп алдық. Зәкеңмен бірге әпкесі Панаркүл мен зайыбы Мақпал келді. Шарын шатқалындағы ерен ағашы орманындағы қонақжай үйден дәм татып Кетпенге (туған ауылы) жол тарттық. Аудан басшысы облыстық әкімшілікке шақырылғанын, сондықтан мені қонақтармен бірге болатынымды Зәкеңе ескертті. Осылайша дара тұлғамен бірге болу бақыты бұйырды. Жолшыбай жерасты ыстық суларына тоқтап суын ішті. Ол кезде арасан суларын жүгері алқаптарын суаруға, мал бордақылау қора-жайларына пайдаланушы едік. Сонда Зәкең «Мынадай жерасты байлығын емдеу, демалыс орнына айналдыру тиімді ғой» деп пікірін айтты.

Кетпен ауылындағы әкесі Нұрқәділдің ең үлкен ағасы Байғожа Қалабаевтың (орманшы болған) отбасына барып, амандық-саулықтарын біліп әңгімелесіп шықты. Сол күні кеште Тұрсын Монебаевтың үйінде қонақ болып, әңгіме барысында қазіргі нарық экономика қыспағында ауыл халқының тұрмыс жағдайларынан хабардар еттік. Ауыл басшылары халықтың да, шаруашылықтардың да күнелтетін табысы төрт түлік малдан  екенін көлденең тартты. Алайда Алматы ет комбинаты малды өте арзан бағаға сатып алатыны айтылды. Заманбек ағамыз сонда «Оу, мұнысы қалай,  Алматының сауда орындарында ет өнімдері тапшы, ал оның өзі сендер айтқан бағадан екі есе қымбат» деп ашуға булықты. Ертеңгі шайден кейін Бөдеті ауылының клубына бардық. Халық лық толы. Зәкеңдерді қол шапалақтап, ыстық лебіздерін білдіріп қарсы алды. Ақ самайлы бір кейуана Зәкеңнің анасы Шаруан апаймен бірге еңбек еткен кездерін және Зәкең мен әпкесінің бала кездерінен естелік айтып берді. От жағылмаған клубтың іші суық болғанымен, қарапайым халықтың ыстық ықыласымен қонақтар көңілденіп отырды. Кездесуде шаруашылықтың бір маманы кешегі болған әңгімені естігендей Алматы ет комбинатының жөнсіз талаптары жөнінде  айтты. Зәкең жағдайдың ақ-қарасына  жетемін деп уәдесін берді. Кездесу соңында Мақпал сахнаға шығып домбырасымен тамаша әндерін орындап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп үлкендердің ақ батасын алды. Қайтар жолда жан-жағына көз тастап «Зәріп, бізде тек көсіліп жатқан Қарадала ма десем, күре жолдың жоғары жағы әсем Кетпен тауына, ал төменгі жағы Ілеге дейін орман тоғаймен ұласады екен ғой. Қалай Мақпал, менің туған жерім саған ұнады ма?» деп сұрап еді, Мақпал «О, Зәке, керемет»  – деп жауап қатты.

Көпке созбай Заманбек Қалабайұлы құқық қорғаушылар мен аудиторлардан арнайы топ құрғызып Алматы ет комбинатының өндірістік және қаржылық қатынастары жағдайын тексеруге жіберіпті. Комбинат басшылығы қызмет бабын асыра пайдаланып, көптеген қаржылық тәртіптің өрескел бұзылғаны анықталады. Зәкең бірден комбинат басшысын қызметінен босатқызды. Қала тұрғындары мен ауыл еңбеккерлері Зәкеңе  ризашылығын білдіргендері айтпаса да түсінікті.

Арада біраз уақыт өткен соң жолым түсіп өзім Заманбек Қалабайұлының қабылдауында болып сәлем беріп, ауылға келіп демалып қайтыңыз деп шақырдым. Сонымен қараша айының соңғы күндерінің бірінде маған Зәкеңнің көмекшісі телефонмен желтоқсанның бастапқы демалыс күндеріне келетінін білдірді. Мақпал екеуі қасында көмекшісімен айтқан уақытында келді. Шонжы шекара әскери бөлімінің командирі подполковник Әбдіразақ Ілиясовпен бірге барып шекара бекетінен күтіп алдық. Біздің үйде дастарқан басында шекара отрядының басшысымен арнайы таныстырып, бұл жігіттің Шонжы отрядына басшы болып келген бірінші қазақ екенін айттым. Демалысымызды аңшылық жасауға Іле өзенінің жағалауындағы тоғайлы өңірге баратынымызды айтып едім, Заманбек ағамыз құптады. «Жолшыбай бір шекара заставасына кіруге бола ма?» деп сұрады. Ә.Ілиясов қуана қарсы аламыз деп, – жауап берді. Қалжат ауылының маңайындағы заставалардың біріне кіріп сарбаздардың жатақханасы мен асханасын, тамақ өнімдерін сақтайтын қоймасын, моншасын көріп көңілі толмады. Күзетке жүруге дайындалып тұрған 15 шақты шекарашы сарбаздардың әрқайсысымен қол алысып амандасып, қай жерден келгендерін сұрап білді. Олардың екеуі  орыс, қалғаны қазақ жігіттері екен. Бір-екі шекарашының керзі етіктерінің тұмсығы ажырап кеткен, кейбіреулерінің киген шинельдерінің тозығы жетіп тұрғанын көріп, кейіді. Сарбаздарға: «Балаларым, бұл қиыншылықтар уақытша ғана, әлі-ақ жағдайымыз жақсарады. Тек сендер түсінушілік пен төзімділік танытыңдар, жас мемлекетімізді, тәуелсіз еліміздің тыныштығын қорғауға бәріміз борыштымыз» деп тебіреніп ақыл айтты. Шынайы жүректен шыққан сөздерін сарбаздар түсінді.

Іле өзенінің жағалауында шекарашылардың  бақылау мұнарасына көтеріліп, айналаға дүрбі салып көрді. Мұнарадағы шекарашының тоны, пимасы бар екендігіне көзі жетіп, риза кейіп танытты.

Бір-екі сағат аңшылық жасағандай болдық, шекарашылармен фотосуретке түсіп, қайта жолға шықтық, қонақтар кештетіп Алматыға қайтып кетті. Арадан көп уақыт өтпей-ақ командир Ә. Ілиясов ертең Алматы қаласы әкімшілігі атынан 5-6 мәшинемен керуен келеді, – деді. З.Нұрқәділовтың  тапсырмасымен Алматының әр ауданынан шекарашыларға арнап жаңа жыл қарсаңында қажеттеріне жарататын бұйымдар мен жылы іш киімдер, аяқ киімдер, спорт тауарлары, көкөніс пен ет және балық консервілері сияқты т.б. заттарды тиеген жүк машиналары келді. Сол кезде Калинин ауданының (қазіргі Бостандық) әкімшілік басшысының бірінші орынбасары Амандық Батталовпен  танысқан едім. Олар әкелгендерін табыстап қайтқаннан кейін Зәкеңе телефонмен рақмет айттым. «Зәріп, біздің әрқайсысымыздың  міндетіміз ғой, сарбаздардың көңілін демеп қолдау көрсетуіміз керек. Бұл шара бір реттік қана емес, тұрақты назарымда болады», – деді.

Облыс аумағындағы барлық өндіріс салалары дамуы ұлғайды. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлігі бірнеше есеге өсіп, жаңа нысандар іске қосылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Облыстың қаржылай табысының өсуі оның бюджеттік кірісінің ұлғаюына қол жеткізді. Зейнетақы мен жәрдемақылар ай сайын өз мезгілінде төленуі қамтамасыз етілді.

Міне менің естелігімде айтылғандар Алматы қаласы басшысының тікелей міндеттерді емес. Бірақ жанашыр, ешнәрсеге бей-жай қарай алмайтын аңғал, әсіресе ауыл десе ішкен асын жерге қоятын адал адамның әрекеті. Мен ардақты да асыл ағамыз, қазақтың біртуар азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері, ірі тұлға болған Заманбек аға Нұрқәділовтың өзім куә болған шын жүректен адал ниетпен жасалған бір-екі қамқоршылық пен қайырымдылық істерін 80 жылдығы қарсаңында баяндауды өзімнің борышым деп санадым. Ал облыс әкімі лауазымында атқарған жұмыстары қыруар. Барлық ауыл әкімдерінің күнделікті жұмыстарын жақсарту үшін бәріне су жаңа «Нива» автокөлігін мінгізді. Облыс аумағындағы барлық өндіріс салалары дамыды. Кіші және орта бизнес кәсіпкерлігі бірнеше есеге өсіп, жаңа нысандар іске қосылып, мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылды. Облыстың қаржылай табысының өсуі оның бюджеттік кірісінің ұлғаюына қол жеткізді. Зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар ай сайын төленетін деңгейге жетті. Қысқа мерзімде Алматы мен  Талдықорған аймақтарындағы барлық қалалар мен шалғайдағы кішігірім ауылдардағы барша бюджеттік мекемелердің (мектеп, аурухана, мәдениет ошақтары) жылу жүйелері қайта жөнделіп, сұйық отынмен (дизель, жанар майы) жылыту қазандықтарымен қамтылды. Оларға арнайы  цистерналармен жанармай тасымалдап жеткізуді қамтамасыз етіп, көмір тасымалдау мен жағу азабынан босатты. Бұл түсінген адамға өте ауқымды жұмыстар. Өзім облыстық жол және коммуналды шаруашылықтар басқармасын басқарып қызмет атқарғанымда куә болған оқиғаларым бұл.

Заманбек Қалабайұлының есімі аталса рухымыз оянып, жан дүниемізде бір арпалыстың болатыны рас. Ұлтыңды сүйсең Зәкеңдей сүй деуге болады. Амал жоқ еліне, халқына, жұртына берері өте көп ағамыздың арамыздан ерте кеткені, маңдайымызға сыймағаны қабырғамызды қайыстырады. Қарапайым ауыл баласынан бүкіл қазақ еліне танымал, халқына адал қызмет еткен Заманбек Қалабайұлы Нұрқәділовтың орасан зор еңбектері ұмытылып бара жатқандай боп көрінеді. Кейінгі ұрпағы ағаның ұлты үшін жасаған ерен еңбегін ескерер деп сенемін.

Зәріп БИДАЙБЕКОВ,

зейнеткер

ауданның «Құрметті азаматы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …