Алматы қаласында ұлтымыздың мақтанышы, мемлекет, қоғам қайраткері, жерлесіміз Заманбек Нұрқаділовті еске алу асына қатысу бақыты бұйырды. Адам өте көп болды. Атақтылардың біразын көрдік. Қазақтың біртуар азаматтары Асанәлі Әшімов пен Серік Үмбетовтер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли, жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, жалпы қазақтың көптеген марқасқалары құранның ішінде болды. Парламент депутаты Жанарбек Әшімжан ас тізгінін қолына алып, Заманбек Қалабайұлының мемлекетке, қоғамға, ұлтына жасаған жақсылықтарын, қайраткерлігін әңгімеледі. Президенттің сәлемдемесін жеткізген Берік Уәли бағышталған құран ағамыздың рухын шаттандырып, аруағы қолдасын деп шынайы тілегін жеткізді.
Заманбек Қалабайұлы туралы мен де өзімнің жүрек түкпірімде жүрген сөздерімді айттым. Қасиетті Қарадаланың төсінде Кетпен деген табиғаты тамаша ауылда кіндігі кесілгендігін, сол үшін мақтанатымызды айттым. Ұлтжандылығымен, еліме еңбегім сіңсін деген күрескерлігімен Алматы қаласын, Алматы облысын басқарды. Ол бір қиын кезеңдер еді. Соған қарамастан қаланың да, облыстың да экономикасын, мәдениетін көтеруге көп күш салды, алға қойған мақсаттарын орындады. Осындай атпал азаматымыздың рухына бағышталған асымызды Жаратушы ием қабыл етсін. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Атын өшірмеу үшін әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бәрі орынды. Нағыз батыр, батыл, шындықты ұстаным етіп ұстаған ұлтжанды азаматтың атының жаңғырғанына бәріміз қуаныштымыз. Алматы қаласының үлкен даңғылының біріне атын беруіміз керек, ескерткішін де осы қалаға орнатқан дұрыс болар еді. Ал Қарадаладан түлеп ұшқандықтан аудан орталығынан бір көшенің атын және іргелі мектептердің бірінің атын атауымыз жерлес азаматымызға деген құрметіміз болар еді, – деген ойымды жеткіздім. Әлиханның сөзі бар емес пе «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» деген. Зәкеңнің білімі, сауаттылығы, білгірлігімен қоса мінезі де бар еді. Сол мінезінің арқасында ол ешкімнен тайсалмады, жасқанбады. Ойын ашық айтты. Шындықтан, ардан аттаған емес. Мүмкін сол қасиеті үшін ұлты оны жақсы көрді. Ол мінезінің біреулерге ұнаған, ұнамағанында шаруасы болмады. Соңғы деміне дейін елім, халқым, жерім деп кетті. Ондай тұлғалар аз бүгінде. Сондықтан Заманбек Қалабайұлының есімін жадымызда сақтауды қолға алып, ұрпаққа оның тағылымы мен өмір жолын, шындық үшін шырылдаған шынайылығын танытуымыз парыз. Мемлекет басшысының өзі мұрындық болып, есімін ұлықтауды қолға алғанда жерлестері, қызметтес болған біздер оны жалғастырмасақ арымызға сын болмақ. Ұлты үшін кез келген кедергілерге төтеп берген Заманбектей арысымыздың аты халқы барда ұмытылмайды.
Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ,
ауданның, облыстың құрметті азаматы