Басты бет Саясат ЖЫЛ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРМЕН БАСТАЛДЫ

ЖЫЛ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРМЕН БАСТАЛДЫ

0
595

Ұлу   жылы қазақ еліне бірден жағымды жаңалықтарымен, жемісті жетістіктерімен кіріп келді десек болады. Оның ішінде біздің ауданға қуаныш толы қоржынымен келіп жетті. Жыл бастала салысымен екі аптаның ішінде ғасырға толған қарт ардагерді қараша жұрт құрметтеп, ғасыр тойын жасап, астына темір тұлпарын мінгізіп жатса, артынша ауданымызға облыс әкімі арнайы келіп жаңа мектеп ғимаратын ашып, ұстаздар мен оқушыларға қайталанбас шынайы шаттық сыйлап кетті. Ол жаңалықтың ізі суымай сонау парламенттен халық қалаулылары өңірге ат басын тіреп, халықпен үндесіп, ауылдағы денсаулық сақтау мекемесінің лентасын қиып, жергілікті тұрғындарға толағай қуаныш тарту етті. Бірінен соң бірі орындалып жатқан арман-мақсаттар ұзағынан сүйіндірсе екен деп жақсылыққа балап отырмыз.

Парламенттің мінберінде шалғайдағы қарашаның қамын қаузап, ағайынның арман-тілегін шенді мен шекпендіге жеткізіп, ел аманатының орындалуына барын салып еңбек етіп жүрген халық қалаулылары Әшімжан Жанарбек Садықанұлы мен Рожин Максим Николаевич ағымдағы жылдың сапар басын біздің өңірден бастады. Жұмыс барысымен ат терлеткен аудан қонақтарын «АМАНАТ» партиясының жергілікті филиалының төрағасы Нұров Мәулен Мұқажанұлы арнайы күтіп алып, өзекті мәселелер өртеніп тұр деген салаларды аралатып шықты.

Өткен жыл еліміз үшін өзіндік ерекшеліктері мен жағымды жаңалықтарымен есте қалатын жыл болды. Алайда сын-қатерлер де айналып өткен жоқ. Абай өңіріндегі алапат өрт еліміздегі өрт сөндіру саласы мен құтқару қызметін, төтенше жағдайлар саласын біршама әбігерге салып, азаматтарымыз айдың күннің аманында тілсіз жаудың кесірінен қаза тауып, бүкіл ел болып аза тұтқанымыз әлі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Осыған орай мәжіліс депутаттары сапарының ең алғашқы әлқисасын ауданның төтенше жағдайлар бөлімінен бастады. Төтенше жағдайлар мен өрт сөндіру қызметінің жеке құрамымен тілдесіп, олардың базынасын тыңдап, орналасқан ғимарат пен арнайы техникалардың жай-күйін қолмен ұстап, көзбен көріп қайтты. Айтылған күрмеулі сауалдар мен өзекті мәселелерді де қағаз бетіне түртіп алды.

Одан кейінгі нысаналы нүкте аудан орталығында орналасқан Райымбек шекара бөліміне түсті. Біздің аудан шекаралы аймақта орналасуымен де ерекшеленетіндігі айқын. Сондықтан шекараның шебінде түн күзеткен әскерилер мен елдің тыныштығы үшін қызмет етіп жатқан шекарашылардың жалпы жұмыс барысымен және олардың сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыратын ғимарат, техника, материалдық қамтамасыз етілу сынды ең негізгі мәселелер кеңінен талқыланды. Жұмысқа кедергісін тигізетін түрлі шешімін таппай жүрген сұрақтар мен күн тәртібінен түспей жүрген өзекті сауалдар талқыланып, ел арасынан жиналып жатқан аманаттардың қатарына қосылды.

Ауданның зиялы қауым өкілдері мен аудандық маслихат депутаттары, ауылшаруашылық саласында нәпәқасын тауып жүрген бірқатар шаруалармен де бас қосу өткізіліп, ауылдың тыныс-тіршілігі турасында да тақырып талқыланды. Аудандық маслихат депутаттары ең әуелі республикалық маңыздағы жол қатынас мәселесін көтеріп, Ашимов алимжан Көкбек – Шонжы арасындағы тас жолдың тозығы жетіп, жүруге мүмкін болмай қалғандығын айтты. Жөндеу жұмыстары басталып, былтыр жасалған 4 шақырымның да шекесі шылқып тұрғаны шамалы екендігін де жасырмады. Мемлекеттің миллиондары жұмсалатын жол бір жасалғанда сапалы жасалса екен деген талап-тілектерін де жеткізді. Сонымен қатар, Шонжы ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлердің есіктің алдына келіп тұрған көгілдір отынға қосылуы таусылмас жырға айналғандығын айтып, халықтың қара қазандай өкпесі мен аманатын жеткізді. Аудандық маслихат депутаты Анар Дүйсенбайқызы Мемлекеттік сатып алу бағдарламасының пайдасынан гөрі тигізіп жатқан зиянының көп екендігін мәселе ретінде көтерді. Көлденең көк аттының табыс көзі мен үйінде жатып алып білгенін істейтін сыбайлас жемқорлықтың нағыз ордасына айналған бұл жүйені қайта реформалау қажеттігі айтпаса да ақиқат. Алыстағы ағайынның айқайын жеткізейін деп, аманатын арқалап келген шаруалардың арасынан сөз алған Мақсат Қабиұлы ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын атадан қалған ұлан-ғайыр далада жайылым жер жетіспей жүргендігін айтып күйінді. Конкурстан конкурсқа қатысып, том-том құжат жинап, ұлтарақтай жерге жете алмай, алақандай жер арман болып жүргендігін айтып ашынған шаруалар да болды. Айтылған ағайынның жан айқайын қойын дәптеріне аманаттап жазып алған депутаттар мәжілістің мінбесінде мәселе ретінде көтеріліетіндігін айтып сендірді. Осы өзекті сауалдарды шешуге бар күштерін жұмсайтындықтарын айтып, мәселелердің шешілу жолдарын да жиналғандармен бірге талқылап өтті. Аудандық маслихат депутаты Бибігүл Байжұмақызы да өртеніп тұрған өзекті сұрақтарды ортаға салды. Елдің арасында ауыздан түспей айтылып, қоғамда қызу талқыға түсіп бара жатқан міндетті медициналық сақтандырудың машақатын мәжілісмендерге нақтылап жеткізді. Сонымен қатар, мектептегі кіші қызметкерлердің шайлығына жетпейтін айлық жалақысын көтеру керектігін де көлденең қойды. Адам айтса нанғысыз азғантай ғана айлық қаражатқа қажырлы еңбек етіп барып әзер жететіндігін айтып, кіші қызметкерлер еткен еңбегіне қарай ақы алуы қажеттігін алға тартты. Өте орынды көтерілген мәселені де тиісті министрліктердің назарына жеткізіп, қажетті жиындарда мәселе ретінде көтеретіндерін айтып уәде берді.

Жиын соңынан жеке қабылдауға жазылған аудан тұрғындарын жеке қабылдап, олардың да көкейінде жүрген күрделі сауалдарын өздеріне аманат ретінде түртіп алды. Халықпен емен-жарқын кездесуден кейін сапар бағыты Тасқарасу ауылдық округіне қарай бұрылып, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратына келіп табан тіреді. Тасқарасу ауылдық дәрігерлік амбулаториясы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, есігін тұрғындарға айқара ашқалы тұрған болатын. Осы нысанның лентасын қиып, елге қолданысқа беру салтанаты дәл осы мәжіліс депутаттарының ауданға сапарына тұспа-тұс келді. Жиналған барша ауыл тұрғындарымен бірігіп, Парламенттен ат терлетіп келген халық қалаулылары ауылдық емхананың ашылу салтанатын өткізіп, жергілікті халыққа бір ауыз жылы лебіздерін жеткізді.

Осылайша қасиетті Қарадала өңіріне қос депутаттың жоспарлаған бір күндік іс-сапары сәтті өтіп, соңғы нүктесі халықтың игілігіне ашылған заманауи нысанның лентасын қиюмен қойылды. «Қонақ келсе құт келеді» деген халықтың даналығы тегін айтылмаса керек. Қос депутаттың қадамдарымен ауданға құт келіп, ашылған нысанның жалғасы тоқтамай, жыл аяғына дейін жаңа ғимараттардың ашылуы мен халық үшін істелген игі бастамалардың басында бас қоса берейік!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…