Қарадала өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов, Рожин Максим, ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен танысып, қоғамдық қабылдау жүргізді.
Қабылдау барысында ауданымызда ауыл тұрғындары жер, су , жол, газ мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Тиляпжан Рахмаев ағамыз да біраз мәселелер жайында ойын білдірді. «Мемлекет басшысының елімізді дамыту үшін ең әуелі патриотизм, онан соң кәсібилік, яғни білім қажет екенін айтқаны кімнің болса да көкейіне қонады. Ендеше әр азамат осы мақсатта, осы жолда еңбек етуі керек. Бүгінде ауданымыз алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – жетістік. Инвесторлар да ауданмызға келуде. Тұрғындарымыздың көбі мемлекетке алақан жайып емес, өз күнін көруге талпынуда. Бірақ проблемалар көп. Мысалы биылғы жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары түгелдей ыстық тамақпен қамтылмақ. Қуанарлық жайт. Бірақ таяқтың екі ұшы болғаны сынды, бұл мсәселеде де шешілмеген жай бар. Ол асханаларда кімдер жұмыс істейді? Ол мамандардың сауаты, білімі бар ма? Әлде асхананы жалға алушылар арзан жұмыс күші ретінде кім көрінгенді көшеден әкеліп жұмыс істетеді ме? Ертең осындай жағдайлар болса, бала денсаулығына кім жауап береді? Міне, біз осы мәселелерді назардан шығарып алдық. Сондықтан мұны Үкіметтің алдына қою қажет», — деген Тиляпжан Ашимұлы ауданымыздың кейбір ауылдық округтеріндегі ауыз су мәселесіндегі проблемаларды да айтып өтті. Үлкен Ақсу, Шарын, Қалжат ауылдарының ауыз суына миллиондар бөлініп, бірақ халық тұтынатын сапалы ауыз суға қол жетпегенін ашына жеткізді.
Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Патям Халикова 9 жыл бойы ішетін ауыз суға қол жеткзе алмай, бармаған жері, баспаған тауы, қақпаған есігі жоқ екенін айтып, өз мәселесінің қашан шешілетінін сұрады. Ал аудандық мәслихат депутаты Алимжан Ашимов болса жерден нәпақасын тауып жүрген дихандардың бас ауруына айналған су мәселесін және арзан бағада мемлекеттен берілетін дизельге қол жеткізу арман болып отырғандығын ашық айтты.
Жанарбек Әшімжанов шын мәнінде осындай күрделі мәселелер әлі де шешімін таппай отырғанын, бірақ жаңа заң талаптары жасақталып, тиісті орындардан талап-арыздардың орындалуы турасындағы мәселелер қатаң назарға алына бастағанын айтты. Әр сауалға тұщымды жауап беріп, алдағы уақытта жүйелі жұмыстар атқаратындықтарын жеткізді.