Басты бет Тағзым Зейнетке дейінгі бейнет

Зейнетке дейінгі бейнет

0
1,087

“Ел ерсізболмайды”, — деген атадан қалған асыл сөз бар. Анадан туғаннан елім деп іңгәләп, еңбекке жарағаннан-ақ ел үшін қызмет етіп, көпшіліктің батасына бөленіп, елдің аузынан түспей, халықтың арасында жүретін, «Ел басына күн туса, етігімен су кешетін» ер азаматтардың қатары бүгінде аз емес. Ел ағасы қайсы десе мақтанып көрсете алатын біздің өңірдің атпал азаматы, ғұмырының тең жартысын халыққа қызмет етуге арнаған ауданымыздың тумасы Мәулен Мұқажанұлын осы өңірде танымайтын жан кемде-кем шығар.

Бүгін аталмыш тұлғаның өмірі мен жүріп өткен еңбек даңғылын әңгімемізге арқау етіп, зейнетке дейінгі бейнеттің сүрлеу-соқпағындағы қиын да қызықты кезеңдерді, тарихи сәттерді тарқатып айтпақпыз. Мәулен Нұров 1961 жылы қаңтардың 20 жұлдызында қасиетті Қарадаланың өр жағындағы тау етегінде дүниеге келіп, Шошанайдың киелі бесігінде тербелген. Қарапайым ауылдың отбасында дүниеге келген бала Мәулен жастайынан қызмет етіп, маңдай термен табыс табуға құмар болып, 16 жасынан-ақ жұмыс істеп, боз бала шағынан ел қатарлы еңбекке араласа бастады. 1980 жылы әскер қатарына шақырылып, 2 жыл әскери борышын өтеп келген соң  “Ленин” атындағы колхозда көлік жүргізуші болып  жұмысын жалғастырады. Білім алуды да кейінге қалдырмай, екі жоғарғы мамандықты иеленген. 1986 жылы Алматы ауыл шаруашылық техникумын «техник-механик» мамандығы бойынша, 2005 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тамамдап шыққан. 1992-1995 жылдары «Ынтымақ» ұжымшарының бас инженері, 1995-2007 жылдары «Өркен» шаруа қожалығының төрағасы қызметтерін атқарып, ауышаруашылық саласының жілігін шағып, майын ішкен маман болып шығады. Бертін келе өңірдің саяси-басқарушылық саласына бет бұрып, 2007-2012 жылдары Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарды. Ауданның өкілетті органының тізгінін ұстаған жылдары халық қалаулыларымен айтарлықтай ауқымды жұмыстардың басын қайырған.

2012 жылдан бастап, бұрынғы “NurOtan” партиясы, қазіргі «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағалық лауазымын еншілеп, бүгінгі күнге дейін табаны күректей 12 жылға жуық осы көшбасшы партияның тізгінін ұстап келеді. Осы уақытқа дейін “AMANAT” партиясының аудандық филиалында төраға лауазымында табанды еңбек еткен Мәулен Мұқажанұлы еліміздің саяси өмірінде болып жатқан түрлі реформалар мен сайлау науқандарында, басқа да игі бастамалар мен ауқымды жобаларда өңірдің өркендеуіне, еліміздің жан-жақты қарыштап дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қоса алды. Партияның барлық мүмкіндіктері мен күшін іске қосып, халықтың мүддесіне аянбай қызмет көрсете алды. Партияның әр жылғы түрлі әлеуметтік жобаларының аясында қайырымдылықты да,  қамқорлықты да белсенділікті де көрсетіп, ауданның тарихында қалатындай жұмыстар атқара алды. Ел ағаларымен бірігіп, “Ардагерлерді ардақтайық” деп ұрандап қазыналы қарттар мен ардақты ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, үлкеннің батасын алды. “Кедергісіз келешек” деп жүгіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарды толыққанды қоғамға тартып, олардың құқының қорғалуына телегей тер төкті. “Бақытты отбасы” деп ұрандап, өңірдің әл-ауқаты төмен отбасыларына үнемі қол ұшын соза білді. Әр баланың бақытты болуы үшін бар мүмкіндіктің жолын ашуға еңбек етті. “Партиялық бақылауды” ту етіп ұстап, аймақта салынып жатқан әрбір құрылыстың сапасын көзден таса қылмай қадағалады. “Бармақ басты, көз қыстының” тамырына балта шауып, сыбайластықтың қоғамда одан әрі асқынып кетпеуінің алдын алып, әділетті қоғам құруға білек сыбанып жұмыс істеді. Ел аралап, алыстағы ағайынның мұңын мінбеге жеткізіп, қараша халықтың жанайқайына үнемі құлақ түре білді. Қызмет еткен жылдар мен өмірінің тең жартысында аудандық маслихат депутаты болып сайланып, халықтың шын сенмін арқалап, үкілеген үміттерін ақтай білді. Мұның барлығы асыра мақтау емес, еткен еңбек пен төккен тердің жемісін жалпақ жұртқа тарқатып айту. Сонымен қатар бұл айтылғанның барлығы қазақтың “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын”, — деген тәмсіліне саяды.

Осындай ерен еңбектің жолында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының маслихатына 20 жыл», «генерал Мерқұловтың 90 жылдығы» мерекелік медалдарымен марапатталған.  Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғыс хатымен екі рет марапатталған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «AMANAT» партиясының төрағасы Е.Қошановтың алғыс хаттарымен марапатталған. Алматы облыстық маслихатының құрмет грамотасына ие болған. Бүгінгі таңда Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы деген атаққа ие аудандағы беделді аға буынның бірі.

«Туған жерге туыңды тік!», — деген халық аузындағы ескертпе даналықты да жерге тастамай қызмет жолында жүргенде туған өлкенің өркендеуіне де өзінің айтарлықтай үлесін қосқан ел ағасы. Таудың етегінде орналасқан аядай ғана Шошанай ауылының әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көші ілгері жүруі үшін бар күш-жігерін жұмсаған. Өзге өңірге ауыз су арман болып тұрған шақта ауылының әр тұрғыны ауыз сумен қамтылуы үшін ерен еңбегін сіңірді. Ауылдың ішкі көшелерінің күрделі жөндеуіне, көше жарықтарының орнатылуына, заманауи ұялы байланыстың сапалы жұмыс істеуіне үлкен үлесін қосты. Облыстан ауданға жақсылық келсе, ең әуелі туған өлкесіне бір ұшын тістетуге бүйрегі бұрып тұрды. Күнікеше бой көтерген зәулім де заманауи ауыл мешітінің бой көтеруіне ел ағасы ретінде көштің басында жүріп, әр кірпішінің сапалы қалануына аянбай еңбек етті.

Арбаның алдыңғы дөңгелегінің ізін артқы дөңгелегі басатындығы заңдылық. Алдымыздағы аға буынның осындай еңбекқорлығы мен іскерлігін, елжандылығы мен жан-жақтылығына қарап жаның сүйсінеді. Мұндай еңбек жолы жас буынның қай-қайсысына болмасын нағыз үлгі. Мәулен Мұқажанұлының бүгінгі зейнет жасына дейінгі жүріп өткен өмір даңғылы мен асқан асулары, бағындырған биіктері, шыққан шыңдары және осы жолда алдынан кездескен кез келген кедергіні сабыр мен ақылды ұштастыра отырып оңай жеңе білуі, тағдырдың арагідік сынақтарына танытқан табандылығы мен төзімділігі бүгінгі жас ұрпақты жігерлендіретіндігі айқын. Зейнетке дейінгі бейнеттің суығы мен ыстығына көніп, бойындағы бүкіл адами болмысын, қадір-қасиетін жоғалтып алмай жаухардай жарқырап, құрметті демалыстың жасына жеткен Мәулен Мұқажанұлының ендігі өміріне өнегелі жылдар, мықты денсаулық, сарқылмас күш-жігер және қазыналы қарттық тілейміз!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …