Басты бет Ақпарат ағыны Адам құқығы – Конституциялық құндылықтың өзегі

Адам құқығы – Конституциялық құндылықтың өзегі

0
15

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңін айқындады. Жаңа Ата Заңда мемлекет дамуының негізгі қағидаттарымен қатар, адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілген. Бұл – Конституцияның басты құндылықтарының бірі әрі қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды ұстаным. Жаңа Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Бұл норма әр азаматтың қадір-қасиеті мен құқықтарын құрметтеудің мемлекеттік деңгейдегі маңызын нақты көрсетеді. Адамның құқығы мен бостандығын қорғау – құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі. Ата Заңда бұл қағидаттың бекітілуі қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілігін де арттырады. Құқық пен міндет бір-бірімен тығыз байланысты. Өз құқықтарын білу – азаматтық сауаттылықтың белгісі болса, өз міндеттерін орындау – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан Конституцияны құрметтеу тек оның нормаларын білуімен шектелмей, күнделікті өмірде заң талаптарын сақтау, өзгенің құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау арқылы жүзеге асады. Әділетті қоғамның негізі де осындай құқықтық мәдениеттен қалыптасады. Әр азамат заң алдында тең екенін сезініп, өз құқығының қорғалуына сенімді болған кезде қоғамдық тұрақтылық нығаяды. Ал мемлекет өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған институттар мен тетіктердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс. Жаңа Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, білім мен прогресс сияқты құндылықтар мемлекеттің негіз қалаушы қағидаттары қатарында белгіленген. Бұл қағидаттар өзара сабақтас. Заң үстемдігі бар жерде құқық қорғалады, құқық қорғалған жерде азаматтың мемлекетке деген сенімі қалыптасады, ал сенім бар жерде қоғамның тұрақты дамуына берік негіз қаланады. Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – адамға деген құрметті мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде орнықтыруы. Бұл ретте әрбір азамат өзінің құқықтарын талап етумен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезінуі қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау, өзгенің пікіріне және құқығына құрметпен қарау, еңбек ету, білім алуға ұмтылу, туған жерге жанашырлық таныту – Конституцияда бекітілген құндылықтардың күнделікті өмірдегі нақты көрінісі. Мемлекеттік қызметшілер үшін де бұл қағидаттың маңызы ерекше. Халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуі, өз міндетін жауапкершілікпен орындауы және әрбір шешімінде заң талаптарын басшылыққа алуы тиіс. Себебі мемлекеттік қызметтің түпкі мақсаты – халыққа қызмет ету. Азаматтың мәселесін тыңдау, оның өтінішіне жауап беру, заң аясында шешу жолдарын түсіндіру – Конституцияда бекітілген адам құқығын құрметтеудің күнделікті көрінісі. Жаңа Конституцияның қабылдануы – тек құқықтық құжаттың жаңаруы ғана емес, елдің дамуындағы маңызды кезең. Оның нормалары қоғамның ортақ құндылықтарын айқындап, азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Ата Заңның талаптарын құрметтеу арқылы біз заңға деген құрметті, азаматтық жауапкершілікті және қоғамдық келісімді қалыптастырамыз. Әр азамат Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын біліп қана қоймай, оның мәнін түсінуі маңызды. Себебі Конституция – тек мемлекеттік құрылымды айқындайтын құжат емес, ол азаматтың құқығын қорғайтын, қоғамдағы әділет пен тұрақтылықтың құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат. Адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекіткен жаңа Конституция – әділетті, құқықтық және жауапты қоғам қалыптастырудың берік негізі. Ата Заңды құрметтеу – мемлекетті құрметтеу, ал оның құндылықтарын күнделікті өмірде сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Ұйғыр аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Қырғызбаева Мейір

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Адал азамат – әділетті қоғамның негізі

  Әділетті қоғам құру – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. …