AMANAT: Асы жайлауы мемлекет меншігіне өтті
Жер көлемі 3 500 гектарды құрайды
Бұл туралы AMANAT партиясы «Жер аманаты» республикалық комиссиясының өңірдегі көшпелі отырысында айтылды.
Өңірге жұмыс сапарымен келген партияның Атқарушы хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Еңбекшіқазақ ауданында болып, Масақ ауылдық округінің тұрғындармен және шаруа қожалық иелерімен кездесті.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Іле-Алатау Тур» ЖШС-нен №03-044-184-002 кадастрлық нөмердегі аумағы 3 500 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы атақты «Асы жайлауы» деп аталатын жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын жария етті.
«Асы жайлауы мемлекет меншігіне Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 1 маусымдағы №907 қаулысымен қабылданды. Сондай-ақ Бұғыты қыстауында 2,4 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің қайтарылды», — деді ол.
Айта кету керек, биыл Алматы облысында игерілмей жатқан 213.5 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті.