Басты бет Рухани жаңғыру Салт-дәстүр – халқымыздың рухани өзегі

Салт-дәстүр – халқымыздың рухани өзегі

0
2,454

Дәстүр – қай ұлттың болмасын мәдениеті мен өркениетін өсіретіндігі ақиқат.
Қазақ халқы да дәріпті дәстүр мен салиқалы салтқа бай. Алайда бүгінгі қоғамға
қарай сонау замандардан бері жалғасын тауып келе жатқан кейбір дәстүрлерімізді
ұмыт қылғанымыз да жасырын емес. Оны жас ұрпақтың бойына дарытып, қайта
жаңғырту бүгінгі күннің еншісінде екендігі белгілі. Осыған орай аудандық
мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «Біз білмейтін
салт-дәстүр» және «Түлек, туған жеріңді түлет!» атты байқау өтті. Бұған
ауылдардағы клуб меңгерушілері мен жас өнерпаздары қатысып, бақ сынасты.

Аталмыш шараның негізгі мақсаты – жастар арасында ұлттық
мәдениеттің дамуына ықпал ете отырып, өткенімізді жаңғырту, жас өнерпаздардың
шығармашылық өсіп-өркендеуіне қолдау таныту, тәуелсіздік тағылымын танытып,
патриоттық рухқа тәрбиелеу болды. Байқау басталмас бұрын жүргізушілер әділқазы
алқаларымен таныстырып, негізгі шарттарынан ақпарат берді. Сонан соң байқаудың
шарты бойынша ең алдымен ұмыт болған дәстүрлерді насихаттау мақсатында байқауға
қатысушылар өздерінің дайындап келген көріністерін көпшілік назарына ұсынды. Мұнда
әр ауыл өнерпаздары «Түйемұрындық», «Ыңырашақ көрер», «Үкі тағу», «Төркіндеу»
және «Сүндетке отырғызу» сияқты дәстүрлердің мағынасын көрініс арқылы барынша ашуға
тырысты. Аталмыш көріністер арқылы біз де ұмыт болған дәріпті дәстүріміздің
мағынасын тереңінен ұғынып, ой да түйдік. Бірінші айналым аяқталғаннан соң жас
өнерпаздар патриоттық әндерін орындады. Жанды дауыста шырқалған әндерге
рухтанып, шабыт та алдық. Ал туған жер, Отан туралы тақырыптар бойынша
ақындардың өлеңдері мен өз шығармаларын мәнерлете оқыған жас дарындардың
актерлік шеберлікке, сахна мәдениетіне деген белсенділігін ұқтық. Сондай-ақ
ұлттық аспаптарда орындалған күйлер де әрқайсысымыздың шабытымызды шалқытқаны,
ет жүрегімізді балқытқандығы рас. Осылайша әділқазы алқаларының шешімімен ең
үздік көрініс көрсетіп, дәріпті дәстүріміздің мағынасын ашқаны үшін Сұңқар
ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, екінші орынды Үлкен Ақсу, үшіншілікті Сүмбеден
келген өнерпаздар иеленді. Байқауға қатысушылардың қалғандары номинация бойынша
және белсенді қатысқандары үшін аудандық мәдениет үйінің алғыс хаттарымен,
бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…