«Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді. Төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды. Тәуелсіздік тәуменді жұртқа тәуекел берді. Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз», — деп саңқылдаған дауыс мерекеге жиналған жұртты селт еткізіп, ең қасиетті күннің қадірін асыра түскендей әсер берді. Желтоқсанның ызғарлы күндері неге екені белгісіз жанымызға ерекше бір жылулық сыйлады. Ол жылулық егеменді елдігіміздің еңсесі көтерілген, іргесі мықтап қымталған, өркендеу мен өсудің жолына түскен мемлекеттің тұрғынымын деген мақтаныштан да болар. Мемлекеттік Гимн орындалып шара ресми ашық деп жарияланған соң сахна төріне аудан әкімі Шухрат Нурахунов шықты.
Көк туы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміз тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейлі тойына құтты болсын айтып сөзін бастаған аудан басшысы Тәуел-сіздіктің ең құнды мереке екендігі-не тоқталып, жақсы лебізін білдірді. Отанды сүю ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермеген бөлек дүние. Жасам-паз елі жарқын болашаққа бет алған Тәуел-сіз Қазақстанның жолы болсын деген ақжарма тілегін ақтарды. Сосын мереке құрметіне арналған марапаттау рәсімін жасады. Ең алдымен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан, сол қанды оқиғаның куәгерлері болған жерлестеріміз Нұрдан Жүнісов, Қасен Әкімбаев, Ерік Аңызбаевтарға облыстан келген сый-сияпатын және өзінің «Алғыс хаты» мен сыйлықтарын табыс етті. Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Рахилям Адикова марапатталды. Аудан әкімі өзінің алғыс хатын тәуелсіз мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік, мәдениет саласына қосқан жандарға тапсырып, ақжарма тілегін ақтарды. Республикалық «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасына аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров, облыстың Құрмет грамотасына Бахар ауылы бастауыш партия ұйымының төрағасы Қадіржан Бағыбаевтар ие болысты. Шара тізгінін қолдарына алған қыз бен жігіттің әдемі жыр жолдарынан соң №2 Шонжы орта мектебінің оқушылары «Туған ел» әні мен әдемі билерін тарту етті көрермендерге. Ел ертеңі болар бүлдіршіндер сахнаны жандандырып, сәбилік пәк көңілдерін паш етті. Неге екенін қайдам, сәбилер сахнаға шыққанда жүрегің де, көкірегің де сәулеге толып, рахат күй кешесің. Олардың пәктіктері, періште көңілдері осындай сезімге жетелейтін болуы керек. З.Шәймерденов атындағы балабақшаның бүлдіршіндері орындаған ән де жиналғандарға хош көңіл сыйлады. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» мен «Арзу» ансамбльдерінің концерттік бағдарламалары Тәуелсіздік, Отан тақы-рыбына құрылып, мереке шымылдығы Сағыныш пен Еркебұланның «Қазақстан» әнімен жабылды.
Баян
МАМЫРБАЕВА