Басты бет Ақпарат ағыны Отбасы құндылықтарын қорғау – ұрпақ болашағына қамқорлық

Отбасы құндылықтарын қорғау – ұрпақ болашағына қамқорлық

0
26

Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, адам тәрбиесінің алтын бесігі. Қай кезеңде де отбасының беріктігі, ата-ананың жауапкершілігі мен бала тәрбиесі мемлекеттің тұрақты дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының 2026 жылы қабылданған жаңа Конституциясында отбасы институтына ерекше мән берілуі – қоғам үшін маңызды қадам. Жаңа Конституцияның 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Бұл – отбасының қоғам өміріндегі орнын айқындап қана қоймай, отбасылық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілікті де арттыратын маңызды конституциялық норма. Менің ойымша, аталған баптың маңызы өте зор. Себебі отбасы – баланың алғашқы тәрбие алатын ортасы. Бала бойындағы адамгершілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отансүйгіштік сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ата-ананың бала алдындағы міндеті тек материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен шектелмей, оның тұлға болып қалыптасуына, сапалы тәрбие мен білім алуына жағдай жасауды да қамтиды. Бүгінгі қоғамда отбасы институтын нығайту, ата-ана жауапкершілігін арттыру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері өзекті болып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаумен қатар, қоғамдық ұйымдардың, білім беру мекемелерінің және әрбір отбасының атқарар рөлі ерекше. Өйткені берік отбасы қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет. Аталған конституциялық норма отбасының мемлекет қорғауында екенін айқындай отырып, қоғамға да үлкен жауапкершілік жүктейді деп есептеймін. Әрбір ата-ана баласының болашағына бейжай қарамай, оның тәрбиесі мен қауіпсіздігіне мән бергені жөн. Ал қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы қажет. Ұйғыр ауданында да отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, балалардың құқығын қорғау және отбасындағы татулықты нығайту бағытында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Мұндай бастамалардың түпкі мақсаты – берекелі отбасылардың қалыптасуына ықпал ету және жас ұрпақтың тәрбиесіне ортақ жауапкершілікпен қарау. Қорыта айтқанда, отбасы – мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік негіздерінің бірі. Жаңа Конституцияда отбасы, ана, әке және бала құқықтарының қорғалуы осы құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Отбасыға қамқорлық жасау – болашаққа қамқорлық жасау. Сондықтан ұлттық тәрбиені ұлықтап, отбасылық құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа өнегелі тәрбие беру әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болуы тиіс.

«Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-ның аға сарапшысы Даулетова Назым

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Құрылыс жылы – ел болашағына салынған берік негіз

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаға…