Басты бет Көкжиек ОЛҚЫ ОҚУЛЫҚ ОЗДЫРА МА, ТОЗДЫРА МА?

ОЛҚЫ ОҚУЛЫҚ ОЗДЫРА МА, ТОЗДЫРА МА?

0
3,755

Тәуелсіздік алғалы бері әр салада реформалар жасалды. Соның ең көбі білім саласына тиесілі. Бірақ оң нәтиже беріп, оңып кеткендері шамалы. ҰБТ деп ұрандаттық біраз жыл бұрын. ҰБТ-ның да ұтымсыз тұстары жария болды. Біраз сұрақтар елдің ызасын тудырып, ұлардай шулатты. Оны да ұқыптап қойдық. Енді биылдан бастап мектеп бітірушілер қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсырды. «Алтын белгіні» аямай алған түлектер жоғарғы оқу орнына іліне алмай, тағы да жік шықты.

Оларға қосымша гранттар бөлгізіп жатып, жұртты тыныштандырды. Мектептегі білім жүйесі де сан мәрте өзгертілді. Әйтеуір жыл сайын жаңару. Солардың дені қайраңға шыққан балықтай аз уақытта жағада демі үзіліп жатады. Демі үзілмесе де, түрленеді. Биыл қабылданған реформа ұнамай жатса, келер жылы тағы да түзетіле салады. Бейне бір оқушы жазған шығармадай шимайланады. Қайта жазылады. Болмаса басқасын қабылдай саламыз.
Баршаға аян, өткен жылдан бері елімізде тағы да жаңартылған білім беру бағдарламасы қолға алынды. Жүйе бастан аяқ тағы өзгеріске ұшырады. Жоғарғы жақтағылар жабылып бұл бағдарламаны жақтады, мақтады. Бәсекеге толы мына қоғамда осы жүйе арқылы балаларымыздың ойлау қабілеті мен өмірге деген бейімі артады екен. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы сол – оқушының сын тұрғысынан ойлауына, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне, тәжірибе жасауына, коммуникативті қарым-қатынасқа түсіп, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білуді меңгеріп, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыруды үйренбек.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өткен. Яғни критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты балдары бойынша өлшенеді. Бұрынғыдай күнделікті 5, 4 деп оқушының дайындығын бағалау қолданыстан алынып тасталмақ. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі мынадай екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады дейді білім саласындағы басшылар. Қалыптастырушы бағалау тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі екен. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, бірақ ешқандай балл немесе баға қойылмайды. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының белгілі бір бөлімдерін аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында жүргізіледі.

Бұл тест немесе сұрақ түрінде берілуі мүмкін. Сол арқылы баланың алған балы есептеліп, баға қойылмақ. Әр сабақ балының бағасын есептеу де ұстаздардың қолында емес екен. Компьютерге арқа сүйейді. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі оқушының сөйлеу әрекетінің төрт түрін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) жетілдіруге бағытталған екен. Әрине, жаңа бағдарламаның қиындығы өте көп. Оған дайындық пен уақыт керек. Оқулықтардың сапалылығы мен салмағы да сай болса.
Ал бүгінгі күнде біз бағдарламаны жүзеге асыруға қаншалықты дайынбыз? Шынтуайтына келгенде әлі күнге мұғалімдердің өзі 100 пайыз игеріп болмаған бұл жаңалық оқушыларға қалай әсер етпек? Бағдарлама аясында жарық көрген оқулықтарымыздың деңгейі қалай? Міне, осы мәселелер турасында біраз оқулықты қолға алып, өз ойымызша топшылап көрдік.
Бүгінде бір ортада бас қоса қалсақ, ата-ананың жыры дәл осы жаңа бағдарлама аясында өрбиді. Сабақтардың күрделілігі мен оқу құралдарының сапасыздығы, тілінің түсініксіздігі сөз болады. Сағаттап баламен бірге сабақ оқитындар да жоқ емес. Олардың қатарында өзіміз де бармыз. Кей кездері оқулықтың тілін түсінбей, тұтығамыз. Ал кейде ессіз есептерді көріп, есімізден тана жаздаймыз. Ал оқулық олқы болса, оқушы оңа ма? Сөзіміз құр болмасын, 5 сыныптың бірнеше оқулығынан мысал келтірелік.
Күнделікті сабаққа дайындық барысында қолымыздан түспейтін кітаптың бірі – математика. Мұнда сөйлем құрылысы түсініксіз, шығарылу жолдары шым-шытырық есептер өріп жүр. Мәселен «Қысқы демалыс кезінде оқушылар Көкшетаудан Астанаға баруды жоспарлады. Жолда Бурабай курортына соқпақшы болды. Көкшетаудан Бурабай курортына дейін автобуспен және электрпойызбен, Бурабай курортынан Астанаға дейін пойызбен және электрпойызбен баруға болады. Саяхатқа бару үшін оқушылар қандай маршруттарды таңдауы мүмкін?» Бұған не дейсіз?Енді мына есептерді ойланып көріңіз.
«160 есеп.
1) у+1320 қосындысының мәні
а) 12 санына бөлінетіндей; ә) 12 санына бөлінбейтіндей;
2) у-940 айырымының мәні
а) 47 санына бөлінетіндей; ә) 47 санына бөлінбейтіндей етіп у-тің орнына натурал сан қойыңдар.
161 есеп.
Берілген өрнектің мәні 60 санына бөлінетіндей а және с әріптерінің орнына қоюға болатын үш санды көрсетіңдер:
1) а+772-с; 2) 891-а+с.
163 есеп.
64х; 38(х-у); 216хуz өрнектерінің мәні 2 санына бөлінетінін дәлелдеңдер.
164 есеп.
628+26х; 2) 1534у-22; 3) n+916*25 өрнегінің мәні 5-ке бөлінетіндей етіп әріптің орнына қоюға болатын екі санды көрсетіңдер».
Дәл осы есептерді есептің майын шағып, жылдар бойы білім берген білікті ұстаздардың алдына тостық. Есептердің нәтижесін шығару үшін 1 сағаттан астам уақыт жұмсады. Олардың аузынан бұл есептердің нақты шығарылу жолының жоқ екенін әрі бұл 5 сынып оқушысының деңгейіне мүлдем сай келмейтіндігін білдік.
Келесі оқулық – «Қазақ әдебиеті». С.Ч.Тұрсынғалиева мен Р.Зайкенованың авторлығымен «Арман-ПВ» баспасынан шыққан кітаптың көркіне қарасаң, көзің тояды. Ал ішін ашсаң, қарның ашады. Тапсырмалардың талғамсыздығы мен тартымсыздығы былай тұрсын, ақылға қонымсыздығын айтсаңызшы. Халық ауыз әдебиетінен басталған біраз дүние қамтылған оқулықта бір қызығы АҚШ-тың жазушысы Джек Лондонның шығармалары таныстырылған. Өзі «Қазақ әдебиеті» оқулығы. Бірақ ішінде әлем әдебиетінің өкілдері қосылып, қойыртпақталған. Ұлы жазушының «Мексика ұлы» шығармасын оқушыға ұсынған әрі сол тақырып аясында сұрақтар берілген. Тапсырмаға көз тастаңыз. «5 W» әдісін қолданып, тақырып мазмұны бойынша қарапайым сұрақтар құрастырыңдар. «Кім?» («Who?»), «Не?» (What?), «Қайда?» (Where?), «Қашан?» (When?), «Не үшін?» (Why?) деген сұрау есімдіктерін қолданыңдар» дейді. Түсініп көріңіз енді?
Дәл осы оқулықта Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасынан үзінді берілген. Мәтін аяқталған соң оқушыға мынадай көңілге қонымсыз сұрақтар қойылған. «Қожаның шашын кім алады? Қожа таңертең қайда келе жатты? Қожа не істеді? Әжесі неге «тәмпіш қара» дейді? Қожа не себепті Жантасты мұрнынан шертті?» Мұнан өзге «Синквейн» әдісін қолданып, Қожаға бесжолды өлең арқылы мінездеме беріңдер (өлеңде бір зат есім, екі сын есім, үш етістік, сөйлем, түйін сөз болуы керек) дейді. Міне, ендеше. Мектеп партасында отырған әрбір оқушы ақын емес. Тіпті қара өлеңнің қаймағын қалқыған ақынға да дәл мынадай тапсырма берілмес. Балалар өлең деген осы екен деп не ұйқас, не буын үндестігі жоқ дүниені жазып апарады. Қайтсін енді? Тапсырма берілген соң орындау міндет. Баланың өресі жетпесе, ата-анасы жазып береді. Баласының қамы үшін, әрине.
Келесі кітап – жаратылыстану. Оқулықтағы мәтіндердің дені оқушы тiлiнен аулақ, ғылым тiлi. Тіпті сол мамандықтың иесi әзер түсiнердей. Ал оқу­лық тiлiнiң түсiнiктiлiгi – оқушыны баураушы, қызықтырушы. Тілі түсініксіз, жатық болмаса ондай кітапты оқушы да қолға алғысы келмейді. Ол ол ма, дәл осы жаратылыстану оқулығының қолға тиген бір данасында 64 беттен 98 бетке дейінгі беттер жоқ. Баспаханаға қоңырау шалдық. Баспаханадан шыққан ақау екенін айтып, ақталды. Ешқандай дау-дамайсыз ауыстырып береміз деп суыртпақтатты.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…