Басты бет Заң және қоғам СОТ АШЫҚ, ЖАРИЯ БОЛУЫ ТИІС

СОТ АШЫҚ, ЖАРИЯ БОЛУЫ ТИІС

0
25

Әділетті Қазақстанның іргесі берік, еңсесі биік  болуының басты кепілі – ашық сот жүйесі. Өйткені, қарапайым халық та ел азаматтары да ең бірінші әділдікті соттан күтеді, сенім артады. Әділетті Қазақстан құрамыз деп мемлекет басшысы көптеген жаңашылдықты ұсынды. Әділеттілік әр адамның жеке басынан және билік басындағы мемлекеттік қызметшіден бастау алуы тиіс. Қоғамның негізгі өлшемі заң мен тәртіп болғандықтан, заң алдында барлық адам тең құқылы. Сол себепті сот органдары халықтың басты қорғаны болуы керек.

Мемлекет басшысының сот саласындағы ашықтыққа айрықша мән беруінің нәтижесінде елімізде бұл саладағы барлық реформа бұқараның көз алдында өтіп жатыр. Заманның ағымына сай, еліміздің сот жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар жұртшылықтың сот саласына деген сенімін күшейтіп келеді. Сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығы азаматтарға сот тәжірибесін көрсетіп қана қоймай, оның тиімділігін бағалау түрінде кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Сот шешімдері мен процестері қоғамдық пікірге ашық болған кезде, сот билігінің этика мен кәсібиліктің жоғары стандарттарын сақтауға және қиянат пен әділетсіздікке жол бермеуге ынталандырады. Екінші жағынан, азаматтардың сот төрелігіне деген сенім деңгейі артып келеді. Қазір көптеген резонансты істер халықтың көз алдында, ашық түрде өтуде. Электронды түрде онлайн өткен Бишімбаевтың ісіне бәріміз куә болдық. Одан бөлек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істердің теледидар арқылы неше түрін көріп отырмыз. Бір жағынан басқаларға сабақ болуы тиіс, жүректері қатыгезденіп кеткен адамдарды жылулыққа шақырып, жаман әрекеттерге бармауына тосқауыл болсын деген ниет те жоқ емес. Сондықтан электронды түрдегі соттың ашықтығы мамандар үшін де, қараша халық үшін де өте тиімді.

Бүгінгі таңда сотқа жүгінген азаматтарға электронды ақпараттық технологияларды қолдануға кеңінен мүмкіндік берілген. Тұрғындар сотқа өтініштері мен арыз-шағымдарын «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жібере алады. Бұл сервистердің негізгі ерекшелігі – әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ сотқа талап-тілектерін жолдай береді.

Сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған жобаның бірі – электронды бақылау өндірісі. Бұл қызмет барысында сот отырысына қатысушыларға құпия сөз беріледі. Сол арқылы адамдар сот істері бойынша ақпарат ала алады және іс бойынша барлық сот актілерімен танысады. Сот процесіне қатысушы әр адам Сот кабинетіне кіріп, процестің бейне және аудио жазбаларымен танысып, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болады. Істің сотқа қашан түскені, қай күні қарауға тағайындалғаны, қаралған күні, басқа да іске қатысты мәліметтер тараптарға СМС хабарламалар арқылы жолданады.

«Сот кабинеті» электронды сервисі өте ыңғайлы, ол арқылы талап қою, шағымдар және өтініш хаттар беруге, мемлекеттік баж төлемін онлайн жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға, жүктеуге және талап қою туралы ақпараттарды, істің қаралу динамикасын, бейнематериалдарды көруге, апелляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау және тағы басқа талап-өтініштермен жүгінуге болады.

Бүгінде істердің көпшілігі сотқа электронды форматта түседі.  Азаматтық істер бойынша сот бұйрығын шығару туралы арыздар, жеңілдетілген іс жүргізу бойынша арыздарды қарау электрондық нысанға көшірілген. Қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша «Төрелік» ақпараттық жүйесі­мен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» жүйесі жұмыс істейді. Бұл қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеуден бастап, сот үкімінің шығарылуына дейін цифрландыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ашық сот жүйесі бойынша барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сот отырысы залына еркін кіре алады. Яғни, кез келген адам отырысқа қатысуға құқылы.

Еліміздегі  ашық сот процестері қоғамға оң әсер етіп, жұртшылықтың құқықтық сауатын көтеріп, судьялар мен құқық қорғаушыларға қойылатын талаптарды күшейтуге үлес қосып, қоғамда әділдік пен тәртіптің орнауына кепіл болады.

Ернар АСҚАРҒОЖАЕВ,

аудандық соттың бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДИННИ ТОҒРА ЧҮШИНИШ…

Дин –интайин инчикә мавзу. Һә, диний экстремизм болса, бүгүнки күнниңәң муһим вә җиддий мә…