Алматы облысының Қарасай ауданында жұлдыздардың қатысуымен ерекше шоу-футбол матчы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға 3000-нан астам көрермен жиналды. Спорт пен өнер жұлдыздары бір алаңда бас қосып, кімнің мықты екенін анықтаудан гөрі көрермендерге жарқын шоу, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, спорттың адамдарды біріктіретін күш екенін көрсетті.
Іс-шара Алматы облысындағы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өңірлік штабының қолдауымен «Біз жаңа Конституцияны қолдаймыз» ұранымен ұйымдастырылды.

💬 «Командалық ойындарда, өмірдегідей, бірлік жеңіске бастайды. Бұл матч – тек спорт мерекесі ғана емес, жаңа Конституция бойынша өтетін референдумды қолдаудың символы», – деп атап өтті Өңірлік коалиция жетекшісі Қуат Байғожаев.
Футбол турнирінде екі жарқын команда бақ сынады. «Қонаев» командасының құрамында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Танатаров, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Нұржан Жұмажан, Ербол Қоныратов, Қорлан Жақанша, айтыскер Сырым Әуесхан, Qonaev Media телеарнасының жүргізушісі Қосқанат Көпжасар және басқа да қатысушылар өнер көрсетті.
Ал «Алатау» командасының сапында қазақстандық эстраданың танымал әншісі Жұбаныш Жексен, SuperStar KZ жобасының жеңімпазы Нұржан Керменбаев, танымал актер Тәуекел Мүсілім, жастар арасында танымал блогер Азат Жұмаділ және өзге де медиа тұлғалар алаңға шықты.
Матч жоғары қарқынмен өтіп, қатысушылар жақсы физикалық дайындықтарын, командалық үйлесімділіктерін және нағыз спорттық жігерін көрсетті.
💬 «Футболды бала кезімнен жақсы көремін. Қазір де тұрақты түрде ойнаймын. Жаттығулар – физикалық форманы сақтаудың жақсы тәсілі. Осындай шаралар спорттың, салауатты өмір салтының және белсенді азаматтық ұстанымның маңызын тағы бір еске салады», – деді актер Тәуекел Мүсілім.
