Басты бет Тағзым ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ – АНАНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ

ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ – АНАНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ

0
22

    Әлемдегі ең сұлу және ең керемет есім – Ана. «Ананың жүрегі – баласы үшін соғатын мәңгілік махаббат» – деген екен сөз зергері Әбіш Кекілбаев. Шындығында әлемнің жарығы да, шаңырақтың шаттығы мен отбасының шырағы да әйел екендігі даусыз. Отағалары өмірден өтсе де шаңырақтарының шырағын маздатып жағып, үйдің берекесі мен мерекесін кіргізіп отырған аналар қаншама! Анасыз өмірді, үйді елестету тіпті мүмкін емес.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан, Барат ака Адилов атамыздың шаңырағын шаттыққа бөлеп, жанұяның шамшырағына айналған Руқиям Гаппарова. 95 жасқа толып, қимылы ширақ, сөзі анық, ойы тұнық, санасы сергек ананың ұзақ жасау сыры неде екен деген сұрақ көкейге өзінен-өзі қонақтай берді. Аузын ашса жүрегі көрінетін адамдардың санатындағы жан болғандықтан болар, бәлкім деп бір қойдым іштей. Адамның мінезіне қарай оның тағдыры, өмір жолы қалыптасады десек, Руқиям ананың да өзіндік өмір жолы мінезіне байланысты болар деп бағамдадым. Айналасына шуағын шашып, ашық-жарқын мінезімен көңілді күй сыйлатын анамыз биыл тоқсанның бесіне келіпті.  Әйел үшін бұл мерейлі әрі мақтанатын жас. Айтулы күнімен құттықтап, анамыздың ғасырдан артық жасауын тіледік.

Шарын ауылында 1931 жылы дүниеге келген қыз 2 жасында анадан, 10 жасында әкеден айырылады. Тағдырдың қаталдығы деген осы болар. Санасы қалыптаспаған, ойы жетіліп үлгермеген қызды үлкен анасы Хатәм өз тәрбиесіне алады. Бауырдың баласын жылатпай бауырына салу деген жақсы дәстүр бар еді ғой сол замандарда. Балалар үйіне жібермей, өз баласынан артық көрмесе кем көрмей еркін өсіреді. Сабағын жақсы оқуды қадағалайды. Сол дәуірлерде Үлкен Ақсу ауылында пансионат-интернат болатын. 1950 жылы ұйғыр орта мектебін тамамдайды. Үлкен анасының еңбегі жанып, сол жылы Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтының география факультетіне оқуға қабылданады. Жетімдіктің не екенін жан дүниесімен түсінгендіктен, болашағын өзінің білімімен ғана жақсы жолға қоятындығын түсінген қыз жоғары оқу орнын жақсы бағалармен аяқтайды. Ол кезде оқуын аяқтаған жас кадрды жолдамамен еліміздің кез келген бұрышына жіберетін. Еңбекшіқазақ ауданының Тәшкенсаз ауылына бірден директордың орынбасары лауазымына қызметке орналасады.

Арада екі жыл уақыт өткен соң өмірлік серігі Барат Адиловпен тағдыр қосып, шаңырақ көтереді. Барат акамыз сол кезде партия қызметінде болатын. Шонжыдағы ұйғыр орта мектебіне жұмысқа орналасады. Жан жарының қызмет бабымен Жаркент қаласына, Кеген, Нарынқол аудандарына ауысып, сол аймақтардың мектептерінде мұғалімдік қызметін жалғастырады. Ол тұстарда партия саласының қызметкері әскердегі жауынгермен бірдей болатын. Темірдей тәртіп пен өз ісіңе деген адалдық бірінші кезектегі дүние. Мемлекеттің тапсырмасы мен мүлкіне ешкімнің қол сұғуына болмайды. Тазалығы мен адалдығының арқасында Барат Адиловтың қызметі биік сатыларға көтеріледі. Аудандық деңгейде лауазымды қызметтер атқарып, ауданның экономикалық жағынан дамуына өзіндік үлесін қосады. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық қаржы басқармасының, аудандық тұтынушылар қоғамының басшысы лауазымдарында болып, тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өткен жан бір басына жетерлік абырой мен беделді де жинайды.

Бала тәрбиесі мен білімі қашанда аса жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Оған үлкен жүректі, жаны таза адамдар ғана бара алатын. Ал Руқиям анамыз ұстаздықпен қоса партия сардарының күтімімен де айналысты. Оның жағасының кір шалмауына, көңіл-күйінің орнықты болуына бір кісідей-ақ қызмет етті. Айтуға оңай болғанымен осының бәрі үлкен жинақылықты, жауапкершілікті талап етері даусыз. Одан бөлек Алланың берген төрт баланың тамағы, оқуы, киімі дегеніңіз де қыруар уақыт пен  ұқыптылықты қажет етері тағы рас. Руқиям анамыз бұл міндет үдесінен де тайсалмай шықты. Марат, Мұрат, Ләйлихан, Гүлбахар өмірден өз жолдарын адаспай тапқан, ата жолы мен ана тәрбиесіне кірбің түсірмеген ұл-қыздар болып жетілді. Қыздың үлкені Ләйлихан ана жолын жалғастырып, мұғалімдікті таңдаса, кіші қызы Гүлбахар әкесінің кәсібін сабақтастырды. Ләйлихан №1 Шонжы орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп жүріп, нағыз толысқан шағында бақи дүниеге мезгілсіз аттанып кетті. Бұл қайғы әке мен ананың жүрегін тілімдеп, қан жұтқызғаны анық. Ана әлі ол жараны емдей алмай жүргенін айтқанда көмекейге тығылған жасын іркіп қалғандай көрінді. Ал кіші қызы Гүлбахар Мәскеуде экономика пәні бойынша ғылыми жұмысын қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты атағын алды. Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында университетте дәріс оқыған мақтауға тұрарлық қыз.  8 немере, 18 шөбере, 6 туажаттың әжесі атанған кейіпкеріміз басынан өткен күндері туралы естеліктерді жадынан жаңылмай айы, күнінен шатаспай әңгімелегенде бас шайқастық. Немере, шөберелері шетелдерде білім алып, жақсы атаның балалары атанғанын айтқанда өзі де жадырап, марқайып қалды. Әрине жетімдік деген сөздің мәнін өз басынан өткерген жан үшін ұрпағының әр сала бойынша жетістікке жетуінен артық қандай бақыт болуы мүмкін. Өзі ұстаздық еткен мектептен түлеп ұшқан шәкірттерінің есімдерін жаңылыспай айтқанда тіптен таңғалыстық.

Ұлы Мұрат пен келіні Гүлинурдың күтімінде бақытты ғұмыр кешіп отырған ананың ұзақ өмір сүруінде бір тылсым күшті сезіндік. Әке-шешесінің қысқа ғұмырын Жаратушы ием қыздың маңдайына жазып қойғандай көрінді. Құдайдың құдіреті шексіз ғой. Балалық кездің кем тұстарын бәлкім, осылайша ұзақ өмірмен толықтырған болар.

Ана болу – бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды, ол арқылы оның жаны нұрлана, нәрлене түседі деп ойлаймыз. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар жүргізген бір қарапайым  тәжірбие осыған дәлел болса керек. Ғалымдар аналарынан айырылған маймылдың балалары үшін екі қуыршақ ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, бірақ денесін қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп жасаған екен. Маймылдың балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылған. Аң екеш аң да мейірім, жылылық, жұмсақтық қай жерде болса соған бауыр басатынын дәлелдеді ғалымдар. Руқиям анамыздың да жылы, жұмсақ мінезін оны тек балаларына ғана емес, аралас-құралас болған достарына, шәкірттеріне де бере алғанының куәсі болдық. Осы мақалаға түрткі болған да сол жандар. Іздеушісі бар аналар бақытты. Яғни Руқиям Гаппарова бақытты жандар қатарында.

Анаға арнаған өлеңінде ақын Мұқағали Мақатаев: «Тәңірім кеше көрсін кесірімді. Аспанға жазам сенің есіміңді! Шеше, сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдан иілген бесігімді…» деп философиялық ой түйіндесе, Төлеген Айбергенов: «Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» дейді. Иә, Ананың қуатын, оның махаббатының құдіретін еш нәрсемен салыстыруға келмейді.  Тоқсанның бесіне шаршамай шыққан Руқиям Гаппарованың да қуаты таусылмасын деп тіледік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚЫНЫН АЯЛАҒАН ЖҰРТ ПИҒЫЛЫ ҚУАНТТЫ

М.Мақатаев – 95  Қазақтың дара жолды, мұзбалақ ақыны М.Мақатаевтың 95 жылдығына  орай ауда…