اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Уақыт керуені тағы бір белесті артқа тастап, он екі айдың сұлтаны, күллі мұсылманның асыға күткен рухани мейманы – мүбәрак Рамазан айы табалдырығымыздан аттауға жақын. Бұл ай – аспан есіктері айқара ашылып, Жаратушының рақымы жер бетіне нұр болып төгілетін, пенде мен Раббының арасындағы махаббат бекитін ерекше маусым.
Рамазан – тек ашығу және шөлдеумен ғана сыналатын ай емес. Бұл – рухани кемелдену тәрбие айы. Бұл – нәпсінің тізгінін тартып, жүректің кірін жуатын, руханиятты иман нәрімен сусындатып, адамдық болмысты жаңғыртатын ұлы мектеп. Бір ай бойы атқарылатын ғибадаттар – сабырлықтың нышаны, шүкіршіліктің негізі, әрі бізді «Әл-Әмин» болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезіне жақындататын баспалдақ.
Қасиетті Рамазан айы адамның руханиятын көптеген жақсы қасиеттермен өрнектейді. Солардың кейбіреулеріне тоқтап өтетін болсақ:
Бірінші: Рамазан тақуалыққа жетелейді
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Тақуалық етерсіңдер деп сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 183-аят).
Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу болып табылады.
Екінші:Рамазан күнәдан тазартады
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانَاً وَاِحْتِسَاباً غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (имам Бұхари).
Қазақтың кемеңгері Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Уа, достар, оразаға қалайша салақпыз? Оны да парыз емес демейміз. Қарынымыз ашады десек дүние ісі үшін неше күндер аштыққа, қиыншылыққа шыдайтұғынымыз қайда? Және ораза тұтқанда аузымызға не келсе, соны сөйлеп, күнә сөзден, істерден тыйылмай жүріп ұстайтұғынымыз қалай? Құдай тағаланың он бір айы біздің күнә істеуімізге жетпеді ме? Осы бір ғана айды күнә жасамай, шамамыз келгенше құрметтеп өткізуге шыдай алмағанымыз қалай?» – дейді. Демек, адам баласы бұл айда ораза ұстаумен қатар, күнә атаулыдан тыйылып, өткен күнәлары үшін тәубе етіп, Жаратушыдан кешірім тілеуі қажет. Сонда ол адамның күнәсі кешірілумен қатар, үлкен сауапқа ие болады.
Ораза өзінің құлшылығы мен орындалуы және сауап тұрғысынан басқа ғибадаттардан ерекше саналады. Себебі Алла Тағала оразаның тек Өзі үшін орындалатын риясыз амал екенін, әрі оның «сауабын Өзі беретінін» айтқан.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قالَ اللَّهُ: كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ، إلَّا الصِّيَامَ، فإنَّهُ لِي، وأَنَا أَجْزِي بِهِ
«Алла Тағала былай дейді: «Адам баласы оразадан басқа кез келген ісін өзі үшін орындайды, ал ораза – Мен үшін және оның сауабын Өзім беремін», – дейді (имам Бұхари).
Сонымен, жоғарыдағы хадистен оразаның өзге құлшылықтардан екі ерекшелігін байқаймыз:
Біріншісі:ораза адамға тәндік қалауларынан толығымен бас тартуға мүмкіндік береді.
Екіншісі:ораза – пенденің тек қана Раббысымен байланысқан жеке һәм «құпия» құлшылығы. Себебі бұл айрықша амалдың сыры ораза ұстаушы мен оның Жаратушысынан өзге ешкімге білінбейді. Басқа құлшылықтардан адамдар хабардар болуы мүмкін, ал ораза – тек қана құл мен Раббысының арасында жасалатын іс.
Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Ихья Улумиддин» еңбегінде ораза ұстаушының үш дәрежесін баян еткен. Олар:
Ішіп-жеуден тыйылу. Бұл оразаның қарапайым мұсылман баласына тән ең төменгі дәрежесі.
Дене мүшелерінің оразасы. Бұл дене мүшелерінің оразасы. Яғни, салиқалы пенделердің оразасы.
Жүрек оразасы. Жүрек оразасы – дүрбелең дүниеден баз кешіп, тек Алла Тағаланы, ақыретті ғана ойлау. Бұл көз қызығарлық қызылды-жасылды жалған өмірді тәрк етіп, Аллаға бет бұрумен ерекшеленетін жүрек оразасы пайғамбарлардың, шыншылдар мен тақуалардың оразасы саналады.
Қисса
Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі кісі келіп, екеуі бір уақытта Ислам дінін қабылдайды. Бұл екеуінің біріғибадатқа өте берік, ынталы, әрқашан алғы шепте жүретін жігерлі адам болады. Ал екіншісі – парыздарын орындап жүретін, қарапайым момын мұсылман еді.
Күндердің күнінде әлгі ғибадатқа бекем, жігерлі сахаба Алла жолындағы шайқасқа шығып, шейіт (шахид) болып қаза табады. Бұл мұсылман үшін ең үлкен мәртебелердің бірі. Ал оның қарапайым серігі (досы) одан кейін тағы бір жыл өмір сүріп, кейін ажалы құшып, төсекте жатып қайтыс болады.
Осы екі кісі қайтыс болған соң, әйгілі сахаба Талха ибн Убайдұлла (Алла оған разы болсын) бір түс көреді. Түсінде ол Жәннаттың қақпасының алдында тұр екен. Әлгі екі кісі де сол жерде тұрады. Бір уақытта Жәннаттан бір дауыс шығып (періштенің), бірінші кезекте кейіннен қайтыс болған (қарапайым) адамды Жәннатқа шақырады. Ол кіріп кетеді. Сосын біраз уақыттан кейін әлгі шейіт болған адамды шақырады. Соңында Талхаға қарап: «Сенің уақытың әлі келген жоқ, қайта бер», – дейді.
Талха (оған Алла разы болсын) ұйқысынан оянғанда қатты таңғалады. Ол бұл түсін басқа сахабаларға айтып береді. Адамдар да таңғалысып, гуілдесіп қалады:
– Қалайша сонда? Алла жолында қан төгіп, жанын берген шейіт қалайша кейін кіреді? Ал төсекте жатып қайтыс болған адам қалайша шейіттен бұрын Жәннатқа кіреді? – деп таңырқайды.
Бұл әңгіме Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетеді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан:
- Сендер неге таңғалып тұрсыңдар? – деп сұрайды.
Сахабалар:
- Уа, Расулалла! Анау біріншісі анағұрлым ынталы еді, соңында шейіт болды. Бірақ Жәннатқа мына соңғысы бірінші кірді ғой, – дейді.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлағатқа толы болған жауабын, әрі Рамазанның қадірін түсіндіретін мына бір сөзді айтады:
- Екіншісі досынан кейін бір жыл өмір сүрмеді ме? – деп сұрайды. Сахабалар:
- Иә, сүрді.
- Ол сол бір жылдың ішінде Рамазан айына жетіп, оразасын ұстамады ма? – дейді.
Сахабалар:
- Иә, ұстады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Және бір жыл бойы қаншама рәкәғат намаз оқымады ма? (яғни, парыз және нәпіл намаздары мен тарауықтары).
Сахабалар:
- Иә, оқыды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Ендеше, сол екеуінің арасындағы (дәреже) айырмашылығыаспан мен жердің арасындай! – деген екен.[1]
Үшінші: Рамазан нәпсіні тәрбиелейді
Ораза – адамның өз еркіне ие болу қабілетін шыңдайды. Күнделікті өмірде рұқсат етілген (халал) су мен тамақтан өзін тыйған адам, Рамазаннан кейін харам нәрселерден (өтірік айту, ғайбат сөйлеу) өзін оңай тыя алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَن لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ والعَمَلَ بِهِ، فَلَيسَ لِلَّهِ حَاجَةٌ في أنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وشَرَابَهُ
«Кімде-кім өтірік айтуды және онымен амал етуді тәрк етпесе, Алла оның ішіп-жеуінен бас тартуына мұқтаж емес», – деген (имам Бұхари).
Төртінші: Рамазан ықыласты болуға үйретеді
Адам баласы Рамазан айының берекетін сезініп, Жаратушының кешіріміне ие болып, мол сауаптарға кенеледі. Өйткені, Рамазан – «көзбояушылық» деген дерттен айығатын ай. Ораза – Алла мен пенденің арасындағы құпия ғибадат. Намаз оқығаныңызды адамдар көреді, қажылыққа барғаныңызды біледі, зекет бергеніңіз байқалады. Бірақ ораза ұстағаныңызды (шын ниетпен ұстап жүргеніңізді) бір Алла ғана біледі.
Осы тұста, шынайы ықыластың үлгісі ретінде тарихтан мына бір тағылымды оқиғаны еске түсірейік.
Қисса
Әйгілі ғалым Дәуіт ибн Нусайр әт-Тай (Алла оны рақымына алсын) тура қырық жыл бойы ораза ұстаған екен. Бір қызығы оның ораза екенін қырық жыл бойы жанұясы да, достары да білмеген.
Ол қалай? Дәуіт таңертең үйден шығарда жұбайы дайындап берген түскі асты қоржынына салып кететін. Жолда кездескен кедей-міскіндерге әлгі тамақты түгел садақа етіп беріп жіберетін де, өзі кешке дейін ораза ұстайтын. Кешкісін үйіне келгенде, үйдегілер кешкі асты қояды. Ол сыр білдірмей отырып ауызашатын еді. Үйдегілер «түскі асын түзде ішті, енді кешкі асын ішіп отыр» деп ойлайтын. Ал түздегілер «үйінен ішіп шықты» деп ойлайтын. Осылайша ол ораза мен садақаны біріктіріп, оны «жасырын амал» деген сандыққа салып, 40 жыл бойы Аллаға риясыз ғибадат еткен екен.
Бесінші: Рамазан адам бойына мейірімділік қасиетті арттырады
Рамазан – Алла Тағаланың мейірімі түсетін ай. Бұл айда түсірілген Қасиетті Құран адамдарға мейіріммен түскен. Ол турасында Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُم مَّوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِّمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِّلْمُؤْمِنِينَ
«Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректеріңе шипа, сенушілер үшін тура жол және мейірім түрінде (Құран) келді», – деп айтылған («Юнус» сүресі, 57-аят).
Алла Тағаланың мейірімі түсетін мұндай қасиетті айда адамдар да өзара бір-біріне мейірімді болуы қажет. Хадисте:
مَنْ لا يَرْحَمُ النَّاسَ لا يَرْحَمُهُ اللَّهُ
«Адамдарға мейірімділік танытпағанға, Алла Тағала да мейірімдік етпейді», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).
Рамазан айында адамдарға мейірімділік таныту дегеніміз қарым-қатынас жасағанда көркем мінезді болу, қателіктерін кешіре білу, жомарттық жасап, мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, өзге ораза ұстаушыларға ауызашар беру сынды ізгі істер жасау. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп өсиет ету арқылы біздерге өзгелермен мейірімділіктің аясында қарым-қатынаста болуға шақырған.
Алтыншы: Рамазан Құранның берекетіне бөлейді
Рамазан айы Қасиетті Құранмен тығыз байланысты. Өйткені Құран Кәрім осы айда түскендіктен, оразаны да осы айда ұстау парыз етілді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деген («Бақара» сүресі, 185-аят).
Осы себепті Рамазан айын – «Құран айы» деп атаймыз. Бұрынғы өткен ғұламаларымыз осы айда Құран оқуға ерекше көңіл бөлген.
Бір кісі имам Әз-Зуһриден (Алла оны рақымына алсын) «Рамазан айында қандай істерді жасаған абзал болады?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Құран оқу және міскіндерді тойдыру», – деп жауап берген екен.
Ендеше, біз де Рамазан айында қасиетті Құранға лайықты түрде көңіл бөліп, оны оқып, үйренуге тырысқанымыз жөн.
Жетінші: Рамазан дұғаның қабыл болуына жол ашады
Рамазан айының берекетінің бірі – Алла Тағала бұл айда біздің дұғаларымызды қабыл етеді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресіндегі Рамазан оразасының парыз етілгендігі, бұл айда қасиетті Құран түсірілгендігі хабар етілгеннен кейін, келесі аяттарда Алла Тағала:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ
«Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін», – деген («Бақара» сүресі, 186-аят).
Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын): «Бұл дұға етуге шақырған аяттың оразаның үкімдерімен бірге келуі, сол оразаның белгілі күндері толғанда және әрбір ауызашар алдында дұға етуге тырысу қажеттілігін білдіріп тұр», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ لِلصّائِمِ عِنْدَ فِطْرِهِ لَدَعْوَةً مَا تُرَدُّ
«Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдындағы сұраған дұғасы кері қайтарылмайды», – деп айтқан.
Құрметті жамағат!
Қорыта айтқанда, Рамазан – жай ғана белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден тыйылу маусымы емес. Бұл – адамның рухын шыңдап, нәпсісін тізгіндейтін, пендені кемелдікке жетелейтін тәрбие мектебі.
Бұл айдағы басты мақсатымыз – жүрегімізді ғапылдықтан ояту, бойымызға көркем мінез дарыту және Раббымызбен болған байланысты шынайы ықыласпен бекемдеу болуы тиіс. Егер біз Рамазан айынан рухани жаңарған, мейірімді, сабырлы әрі тақуа қалпымызда шыға алсақ, онда қасиетті айдың бізге берген жемісі мен жеңісі осы болмақ.
Алла Тағала алда келе жатқан қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізіп, ұстайтын оразамызды, жасайтын құлшылықтарымыз бен қайырымды істерімізді қабыл еткей! Елімізге тыныштық, отбасымызға береке беріп, айдан аман, жылдан есен өтуді баршамызға нәсіп етсін! Әмин!
Алмат ӘШІРБАЕВ,
ауданның бас имамы
[1]Сүнан ибн Мәжа
