Қасиетті Құрбан айт мерекесін Қырғызсай ауылының тұрғындары өзгеше етіп атап өтуді жөн санапты. Жаттандылықтан шығып, жаңаша түрге бөлеп, тұрғындардың басын қосуды ниет еткен ауыл әкімі Жәнібек Айғожаев алдын ала ауыл ақсақалдары мен жастардың басын қосып, жиын өткізіпті. Ондағы мақсат – тұрғындардың ой, пікірлерін ортаға салып, нақты бір шешімге келу екен.
Ниеттенген әр шаңырақ жеке-жеке емес, қауымдасып, жалпы ауыл болып ірі қара сойып, бір жерден құрбандық шалайық, ауыл мешітінің айналасын тазалап, хатымханада бас қосайық. Тек ас ішіп, аяқ босатып емес, келелі мәселелерді ортаға салып, көмек керек жандарға қол ұшын созайық, – деген ниетін жеткізген ауыл әкімінің бастамасы жиналғандардың қолайына жаға кетті. Бұл бастаманы үлкендер де, жастар да бірауыздан қолдап, қуаттап, әркім өздері атқаратын жұмыстарын бөліп алды. Тұрмыс жағдайлары төмен отбасыларына қаржылай, азық-түліктен жәрдем берілетін болып, оларға деген қоржын бөлек дайындалып, оған да жауапты адамдар анықталды. Ауылда тұрмаса да осы ауылдың азаматымыз деген жігіттер қаржылай көмектерін жіберіп, бастамаға өз үлестерін қосқаны – ауылдың ауызбірлігі.
Адам баласы үшін ең үлкен әрі маңызды құрбандық — ар-намысты, иманды және саналы ұрпақ өсіру. Мал сойып, құрбандық шалдым деп дабыра етіп, бірақ отбасыңдағы тәрбиең дұрыс болмай тұрса, оның маңыздылығы қаншалықты деген сұрақ өз-өзінен туындауы заңды. Қанша жерден құлшылық жасап, мал шалғанымен, егер отбасындағы тәрбие ақсап тұрса, оның қоғамға да, өзіне де пайдасы шамалы екенін ашып айтқан Нұрлан имам: «Сіз жыл сайын Құрбан айтта ірі қара немесе түйе шалсаңыз да, артыңызда қалған ұрпағыңыз имансыз, ар-намыссыз, тілсіз, жетесіз болса, ол құрбандықтың сізге қалай көмегі тимек? Бүгінгі таңдағы құрбандықтың ең үлкені – балаңа дұрыс тәрбие беру». Өте орынды айтылған сөз. Модаға айналдырып немесе жұрттан қалмайын деген бір болымсыз мақтаныш үшін құрбандық шалуға болмайды.
Осындай ұстанымды ту еткен қырғызсайлықтар да бір жерден бас қосып, үлкендердің өсиетін тыңдап, жастардың ұсыныс, пікірлеріне құлақ асуды, ауылдың ынтымағы жарасқандығын көрсетуді мақсат еткендігі қуантты. Мал сойып, оны реттеп жатқан ер азаматтар өз міндеттерін атқарып жатса, әйелдер жағы шелпектерін салып, бауырсақтарын пісіріп, жастар жағы ауылдың тазалығына көңіл бөліп, ауылдың іші азан-қазан. Үлкен мерекеге дайындық үстіндегі тұрғындардың бір-біріне деген әзілдері қандай жарасымды. Қазағы бар, ұйғыры бар бір үйдің балаларындай тату-тәтті қалыпта Құрбан айт мерекесінің мазмұнын аша түскендей. Көшелер тазаланып, жақсылықтың жаршысындай болған балалардың әрі-бері шапқылағандары да көзге тартымды көрінеді екен. Аналар кеңесінің мүшелері дастарқан мәзірінен бөлек тұрмысы төмен отбасыларына апаратын азық-түлік қоржындарын толтырып қойыпты. Дастарқанға қытайдың пайдалану уақыты өтіп кеткен алма, басқа да жеміс-жидегін алмайық, оның орнына өзіміздің құрт, майымызды, жентімізді, ұйғырдың ұлттық тағамдарын салайық, – деп мәмілеге келгендер көпшіліктің келісімін алып жатыр. Жастар жағы салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық шара, оның ішінде ұлттық ойындардан жарысайық, деп ойын түрлерін таңдап жатыр. Ән, күй емес спорт жарыстарын ұйымдастырып, мықтыларға арнайы сыйлықтар ұсынайық деген ұсыныс та көпшіліктің көңілінен шықты.
Шағын ғана ауыл тұрғындары Құрбан айт мерекесінің мәртебесін көтеріп, хал-қадірлерінше жаңашылдықпен атап өткендері жанымызды жадыратты. Бірлік, татулық, достық деген сөздің мәні де, сезімі де осындайда бірден байқалады екен. Кері тартып, етектен алып жатқан жан жоқ. Қалалықтар өздері келе алмаса да ыстық ықыластары мен қаржылай көмектерін жіберіп жатқанының өзі ауылдың ауызбіршілігін таныту болар. Ауылымыздың мақтанышы Қуандық Қыстықбаевтың бұл шараға қатысуы ауылымыздың мерейін асқақ етті.
Жас та болса ауыл әкімі Жәнібек Айғожаев өзінің туған ауылының жұртын жұдырықтай жұмылдырғанына мың шүкіршілік айттым. Ағаларының ақылын тыңдап, жастардың пікірін назарға алып, өзінің ойын жүзеге асырып жатқан азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Спорт жарыстарында бәйгеден озғандар ақшалай сыйлыққа ие болып, мәре-сәре. Арқан тартып, асық атып, білектескен жігіттердің көңілдері арқа-жарқа. Ынтымағы жарасқан елге байлық, дәулет, бақ қонақтайды деп жатушы еді үлкендер. Ауылыма бақ қонып, берекесі аспандаса екен тілегімді іштей жүз қайталадым.
Баян МАМЫРБАЕВА
