Басты бет Иман ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

0
19

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 Қасиетті Құрбан айт – Алла Тағалаға жақындататын, мұсылман жұртшылығының берекесі мен бірлігін паш ететін ұлық мейрам. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресі, 3-аятында:

«Жұпқа және таққа серт!» – деп айтқан.

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятты тәпсірлегенде «шафғ» сөзіне құрбан күні, «уәтр» сөзіне арафа күні деп түсінік берген. Осы күн ұлы қажылық күні деп те аталады.

Құрбан шалу –Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. Содан соң: «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деп айтқан (имам Ахмад).

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айтта шамасы жететін адамға құрбан шалу – уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-аятындаардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Намаз оқы және құрбан шал!» – деп,әміретіп,құрбаншалудың міндет екендігін білдірген.

Қасиетті Құрбан айтта Алла Тағаланың бұйрығын дұрыс орындап, құрбандығымыз қабыл болуы үшін құрбандыққа қатысты мына мәселелерді білуіміз қажет.

Бірінші: құрбандық уәжіп болуы үшін қажетті шарттар

Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет:

  1. Мұсылман болу
  2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау
  3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе құнына тең келетін ақша. Құрбандық шалу үшін нисап мөлшеріне жететін дүние-мүлік зекет парызындай бір жыл толуы шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені құрбандық құлшылық мақсатында сойылады.

Екінші: құрбандық шалу арқылы пенде Жаратушысына жақындайды

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Бұл мереке Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бірден-бір жолы. Сол себепті бұл бұйрықты шынайы ықыласпен орындауды мақсат ету керек.

Жаратушы Жаппар Иемізге шалынған құрбандықтың етінің де, қанының да еш қажеті жоқ. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 37-аятында мүминдерге:

«Аллаға құрбанның еттері, қандары әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді», – деп ескерткен.

Міне, осылайша шынайы ықылас, кемел тақуалықпен шалынған құрбандық пендені Жаратушысының разылығына, мол сауапқа кенелтеді.Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да абзал басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға (мәртебеге) жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деп айтқан.

Үшінші: құрбан шалудың уақыты

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Біздің осы күніміздееңәуелібастайтынісіміз – намаз оқу. Содан кейін қайтып келіп құрбан шаламыз. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге сай амал еткен болады.Ал кім намаздан бұрын құрбанын сойып қойса, ол тек отбасына ертерек әзірлеген ет қана, оның құрбандыққа еш қатысы жоқ», – деп айтқан (имам Бұхари).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге мереке күнінеқатысты міндеттерді, сүннеттерді және әдептерді үйретті. Соның ішінде, құрбандық шалу белгілі бір уақытпен шектелген ғибадат болғандықтан, өз уақытынан бұрын да, кейін де орындалмайды.

Төртінші: құрбандыққа жарамды малдар

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу – абзал. Елік, арқар сыңды аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек секілді құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шалады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына,сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.

  • Бір көзі соқыр
  • Сойылатынжерге жете алмайтын дәрежеде көтерем (арық)
  • Құлағын емес құйрығы туылғанынан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған
  • Емшектерінің басы жұлынып қалған
  • Бір мүйізін емес екеуі де түбінен сынған.

Құрбан малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып, шалуы керек. Себебі,Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Құрбандыққатөрттүрлі мал жарамайды: көзі анық зақымданған соқыр мал, ауруы анық байқалатын ауру мал, ақсақтығы анық білінетінақсақ мал және арықтап, сүйегінде май қалмағанәлсіз мал», –деп, кемшілігі бар малды құрбандыққа шалудан қайтарған (имам Әбу Дәуід).

Бесінші: құрбандықтың шалыну әдебі

Құрбандық шалғанда ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс.Құрбан шалатын адам малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны сол жағымен құбылағақаратажатқызып, қинамай жұмсақ бауыздауға мән беруі керек. Ол үшін өткір пышақ қолдану қажет. Малдың көзінше пышақты қайрау – құпталмайтын іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Расында, Алла барлық істі ең көркем түрде (ихсанмен) істеуге бұйырған. Егер өлтіретін болсаңдар, онда оны ең көркем түрде істеңдер, егер құрбан шалатын болсаңдар, оны ең көркем түрде орындаңдар, пышақты қайрап, малды азаптан құтқарыңдар», – деген (имам Хаким).

Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отыр.

Құрбандық шалушы малды құбылаға қарата жатқызып, дұға ретінде мына аятты оқығаны абзал:

Мағынасы:«Менің намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның ешқандай серігі жоқ»(«Әнғам» сүресі, 162-аят).

Осыдан кейін:

«Аллаһуәкбар,Аллаһу әкбарләиләһаиллаллаһу,Аллаһуәкбар,Аллаһуәкбаруалиллаһил-хамд», – деп, тәкбірайтып, «Бисмиллаһи, Аллаһуәкбар!» – депбауыздалады. Тек қанақұрбанныңиесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһуәкбар», – деуіжеткіліксіз.Құрбандыбауыздайтынадам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар!» – деуікерек.Жәбир (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалғанда:

«Бисмилләһи, Аллаһу әкбар!Бұл менің атымнан және үмметімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», –дегенін риуаят етеді (имам Әбу Дәуід).

Құрбандық малының жаны шыққаннан кейін ғана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру –ол жануарға деген қатыгездік.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы жайында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін отбасына, үштен бірін кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын», – деп айтқан.

Қисса

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы қой сойып, оның етін садақа ретінде таратады. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың қанша бөлігі қалды?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Қойдың бір қолынан басқа ештеңе қалмады», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың бір қолынан басқасының бәрі бізге қалды», – деп айтсайшы деген екен. Осылайша берілген садақаның зая кетпей, керісінше өздеріне сауап болып жазылатындығын өсиет еткен.

Құрбандық шалушы оның етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына да болады. Сондай-ақ түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Бірақ өмірден озған адамның тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында:

«(Құрбандық етінен)өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»,– деп айтқан.

Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Қасапшының ақысы бөлек төленуі қажет.

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деген (имам Мүслим).

Алтыншы: тәкбір ташриқ айту

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде Алла Тағаланы көбірек ұлықтап, мақтау сөздерін айтып жүру қажет. Ал тәкбір ташриқ айтуәрбір мұсылманға міндет болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 203-аятында:

«Санаулы күндері Алланы еске алыңдар!» – деп бұйырған.

Аяттағы «санаулы күндер»дегенді Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күні екінті намазының соңы деп түсіндірген. Демек, тәшриқ тәкбірі зұлхижжа айының 9-ы күнгі таң намазынан бастап, әр парыз намаздың соңында айтылып, зұлхижжаның 13-і күнгі екінті намазына дейін жалғасады.Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет.

Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде,
намаз бен құрбан шалу келді бірге»
, – деп, бұл күндері Алла Тағаланы ұлықтаудың артықшылығы жөнінде айтқан екен.

Тәкбір тәшриқдұғасы:

«Алла ұлық, Алла ұлық. Алладан өзге тәңір жоқ. Алла ұлық, Алла ұлық. Барлық мақтау Аллаға тән», – деп айтылады.

Осылайша арапа күнінің таң намазынан бастап, соңғы тәшриқ күнінің екінті намазына дейін айтатын», – делінген (имам Дарақутни)

Құрметті жамағат!

Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Сол себепті де жоғарыдағы айтылған құрбандық шалу үшін қажетті шарттар табылмаса, адамның нисап мөлшеріне жететін қаржысы болмаса, ол адамның құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ қажетті шарттардың барлығы орындала тұра, құрбандық шалмау дұрыс емес. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деген (ибн Мәжә).

Егер біз шалған құрбандығымыздың қалдықтарын ретсіз тастап, қаланы немесе ауылды ластап, адамдардың наразылығын тудырсақ, бұл ісіміз сауапты амалымызға нұқсан келтіруі мүмкін. Ислам – көркем мінез бен тазалық діні. Біздің әрбір ісіміз өзгеге үлгі болуы тиіс.

Алла Тағала барша мұсылман қауымының шалған құрбандықтарын қабыл етіп, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттерімізге сауапжазғай!

                                                                         Алмат Әбдімүтәліпұлы

                                                                          ауданның бас имамы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Бірлігі жарасқан ауыл

Қасиетті Құрбан айт мерекесін Қырғызсай ауылының тұрғындары өзгеше етіп атап өтуді жөн сан…