Ендігі жерде, Елбасы мақаласына сай қазірден бастап етек жеңімізді жинап, намысымызды жанып, көрінгенге жақпай қаламыз ба деп жалтақтайтын, үрейлі үркек сезімнен арылатын кез келді. Біз өзімізге сенімді болсақ, Әлем бізді танып-білуге өздері-ақ ұмтылады.
Біз кез келген істі, бастаманы, жобаны, іс-шараны қарастырған кезде осының нәтижесінде Қазақ Еліне, Қазақстанға қанша зиян, қандай пайда келеді дегенді негізгі мақсат етіп, анықтап алуымыз керек.
Жазу шыққалы бері жадымызға сеніміміз азайды. Бұрын ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, жеткізіліп келген күллі мәдени мұралар – тарих, әдебиет, сондай-ақ салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, ырым-тыйымға байланысты деректердің бәрі тасқа басылып, жинақталып, кітап жазылатын болды.
Жазу біздің қазаққа біздің заманымыздан бұрынғы V-IV ғасырларда көне «Есік жазуы», V-XII ғасырларда қолданылған Орхон-Енисей, Талас бойынан табылған түркілік сына (руно, ойма) жазуы, ал VIII ғасырдан бастап араб жазуы болып енген болатын. Араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына үйлестіріп, дыбыстау ерекшелігіне лайықтап «Төте жазу» үлгісін 1924 жылы енгізген Ахмет Байтұрсынұлы ұлы реформатор болды. Алайда, Кеңес өкіметінің түркі тектес халықтардың жадын, ұлттық кодын ұмыттырып, құлдық санада қалдыру мақсатындағы саясатының салдарынан «Ахмет әліп-биі» 1929 жылы Латынға зорлап көшірілді. Бұл елді дінмен тығыз байланыстырып отырған араб графикасынан алыстатып, орыс әліпбиіне икемдеу қитұрқысы болатын. Шынында да 1940 жылы кирилл графикасына негізделген қазіргі әліп-би елден сұрамастан бекітіліп, 16 жылдың ішінде қазақ халқы үшінші рет жазуын өзгертуге мәжбүрленді.
Енді бұл Әліп-бидің қандай зияны бар дегенге келсек:
– Орыс және араб, парсы тілінен енген сөздерді солардың дыбыс ерекшелігімен дұрыс айту үшін оннан аса таңбалар зорлап енгізілді;
– Тілдің акценті өзгерді;
– Өзге тіл сөздерін қазақшаға икемдеу қабілетінен айырды;
– Жазуымыз бен оқуымыз жартылай қазақша, жартылай орысша кейіпке түсті;
– Сөйтіп, бұл – түптің түбінде тілді дүбәрә күйге түсіріп, оны өз ерекшелігінен айыру үшін енгізілген жоба болатын.
Ел егемендігінің арқасында жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыруға ғалымдар, қоғам белсенділері белсене кірісіп, қазақ әліпбиін тіліміздің табиғатына сай, дыбыс ерекшелігін дәл жасау керегін көтеріп келеді.
Әрине, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, әліп-би жасауға әрбір қазақстандықтың құқы бар, тек ол ғылыми негізі мықты, тіл заңдылығына, дыбыс үндестігіне сай жасалса құба-құп.
Меніңше, жаңа әліп-би төмендегі талаптарға сай келсе, пайдалы болмақ:
– Тілдегі дыбыстарды таңбалауды толық қамтамасыз етіп, қазақ тілінің әуезділігі, әуенділігі айқындалып тұруы тиіс;
– Заманға сай компьютердегі таңбалар ресурсына негізделуі тиіс;
– Тіліміздегі жат дыбыстардан арылуы қажет;
– Қолдануға өте ыңғайлы әрі қарапайым болуға тиіс;
«2017 жылдың соңына дейін ғалымдар көмегімен барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деген болатын Елбасы «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында. Демек, қазақ тілінің графикасына өтуі мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінде өте маңызды деген сөз. Яғни қабылданатын жаңа әліпбиіміз болады.
Білім, ғылымның бәрі тасқа басылып, қажеттінің барлығы оқу арқылы қол жеткізетін заманда, жадқа емес жазуға сенетін заманда, жазуымыз түзу болса, жадымыз да, ұлттық кодымыз да, рухани санамызда мықты болары сөзсіз.
Жәнет КЕРІМҚҰЛОВ,
«Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы