Басты бет Заң және қоғам КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

0
287

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 11 маусымындағы №789 қаулысымен бекітілген «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның» үлгі ережесін және «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу және балалардың қараусыз қалуы мен панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа алып арнайы комиссия өз жұмысын атқарып келеді.

2025 жылдың басынан бері комиссияның 9 отырысы, оның ішінде 2 көшпелі отырысы өткізілді. 2025 жылға комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес мәселелер, сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі мен білім бөлімінен, Шонжы политехникалық колледжден келіп түскен құжаттар өз мерзімінде кезектен тыс қарастырылып, шешімдер қабылданып, нақты тапсырма берілуде.

Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында мотокөлік, электроскутер басқаруының салдарынан көптеген жол қауіпсіздігі оқиғалары орын алып отырғаны жасырын емес. Соның кесірінен балалар түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алуда. Осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында аудандық полиция қызметкерлерімен бірлескен түнгі рейдтер ұйымдастырылып тұрады. 2025 жылдың сәуір айынан бастап мотокөлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілген. Мотокөлік құралдарын (мопедтерді) кәмелетке толмаған жасөспірімдер, қорғаныс құралдары жоқ балалар басқаратындығына, олардың жол-көлік оқиғаларының құрбанына айналулары мүмкін екендігіне ата-аналардың назарында болуы тиіс, өйткені олар жол қозғалысының барлық қатысушыларымен бірге қозғалады.

ЮПТ инспекторларымен, полиция бөлімімен ҚР ӘҚБ 442 бабы 2-тармағымен «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде түнгі сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін» жүргені үшін хаттамалар толтырылып келеді.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жоспарға сәйкес барлық білім беру ұйымдарында уәкілетті орган қызметкерлерімен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтсақ, «Кәмелетке толмағандар арасында мопед, электроскутер құралдарын пайдаланудың салдары», «Жолдағы қауіпсіздік, көлік жарақаттанудың алдын алу жұмыстары»  тақырыптарында ақпараттық түсіндіру жұмыстары,  «Кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы саласындағы құқықтары мен міндеттері»,   «Жол қауіпсіздігін есте сақта», «Құқық бұзушылақтың алдын алу» тақырыптарында   дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Аудандағы сәтсіз отбасылармен, ондағы оқушылармен АПБ инспекторлары, білім бөлімінің мамандары, мектеп психологтары, аурухана психологы өз жұмыстарын жалғастырып келеді. Білім беру ұйымдары тарапынан балалардың тұрмыстық жағдайы мен үйдегі сабақ оқу орындары үнемі зерделеніп тұрады.

Комиссия шешімімен Шырын ауылындағы сәтсіз отбасындағы  3 оқушы балалар оқу жылы аяқталғанға дейін Шонжы ауылындағы мектеп- интернатқа уақытша орналастырылып, Шонжы ауылындағы мектептерде білім алды.

Тасқарасу ауылындағы бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің үйінде сабақ оқуға электр жарығының болмағандығы анықталып, мектеп тарапынан жарық шамдар орнатылып берілді.

Бұған қоса комиссия мүшелерімен алдын-ала қағылған дабылға зерттеу, зерделеу жүргізіліп, Шонжы политехникалық колледжінің сабаққа бармай жүрген студенттердің үйлеріне барып, ата-аналарымен әңгімелесу болды. Үлкен Ақсу ауылындағы кәмелетке толмаған жасөспірім ата-әжесінің қарауында ешбір заңды құжатсыз тұрып жатқаны анықталып, 2025 жылдың ақпан айында комиссия шешімімен өзінің заңды өкілі ата-анасына беріліп, Алматы қаласындағы білім беру ордасына ауыстырылды.

Мамыр айында аудандық мәдениет үйінде Алматы облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Айғана Асанованың қатысуымен бірыңғай ата-аналар жиналысы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы каникул қарсаңында су айдындарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терезеден құлау фактілерінің алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, оларды кең көлемде ақпараттандыру болды. Бұл басқосуға аудан прокуратурасының прокуроры Нұрсұлтан Бекболатұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Рамиль Махпиров,  жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция лейтенанты Аяжан Бекжанқызы қатысты. Шара барысында ата-аналар тарапынан өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, оларға мамандар тарапынан толық әрі нақты жауаптар берілді.

Гүлназ ИБРАГИМОВА,

аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қоғамдық жолдарда мотокөлік құралдарын пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер

2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресми…