Елімізде 5 қазанда мұғалімдер күні аталып өтеді. Мұғалімдік – мамандық атаулының төресі. Өйткені мұғалім барлық мамандық иелерін тәрбиелейтіндіктен «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп те айтылады. Сондықтан да ұстаздар қауымына күллі адам баласының құрметпен бас июі – заңдылық. Ұрпақ келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай, болашақ жолдарында бағытынан таймасы сөзсіз.
Аудандық мәдениет үйінде мұғалімдер күніне арналған мерекелік шара өтті. Оған ардагер ұстаздар, бүгінгі таңда білім саласында еңбек етіп жүрген мұғалімдер қатысты. Шараның жүргізушілері ұстаз деген сөздің ұлықтығын айтып, ол адамзатты тек білімге ғана емес, сондай-ақ кішіпейілділікке, адамгершілікке тәрбиелейтін мамандық иелері екендігін айтып, барша жиналған ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтады. Адамды адам қылатын сапалы білім болса, сол білімді адамзаттың бойына сіңіретін педагогтер қауымына алғыстарын жаудырды.

Жылы лебізін білдіру үшін сахна төріне аудан әкімі Бота Елеусізова шықты. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз, – деп ыстық ықыласын бастаған аудан басшысы жиналған қауымға ақжарма тілегін төкпеледі. «Ұстаз» деген қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі бәріміздің көңіл төрінен орын алатындығын айтып, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратын, аса жауапты жүкті арқалап жүрген сіздерге айтар алғысым шексіз деп ағынан жарылды. Сонан соң бір топ ұстазға төсбелгілер мен құрмет грамоталарын, алғыс хаттарын табыс етті.
Өзінің құрметін көрсетіп болған соң Астанадан аманат ретінде жіберілген «Ұстазыңды құрметте» жобасы аясында жүргізіліп отырған ардагер ұстаздарға арнайы Қазақстн Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігінің Алғыс хатын табыстады. Министр Ерлан Нысанбаев өзінің алғыс хатында Сізге жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі адал еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін. Ұстаздық жолындағы табандылығыңыз бен жауапкершілігіңіз өскелең ұрпақтың жарқын болашағына үлес қосып келеді. Балаға білім беріп қана қоймай оны тұлға етіп қалыптастырудағы еңбегіңіз өлшеусіз. Сізге денсаулық пен ұзақ ғұмыр, еңбегіңізге лайықты құрмет пен абырой тілеймін. Ұстаздық жолдағы игілікті істеріңіз әрайым жемісті болсын. Мерекеңіз құтты болсын, – деген ізгі ниетін жеткізіпті. Алғыс хаты мен арнайы сыйлыққа алдыңғы қатарда отырған ардагерлер ие болды. Әдемі музыкалық сәлемнен соң сөзге Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері Рабилям Хизбакиева шықты. Өзінің ұстаздық жолындағы табыстарымен бөлісіп, әріптестерінің бүгінгі жеңістеріне құтты болсын айтып, жиналған ұстаздар қауымына жүрегінен шыққан жалынды сөздерін арнады.
№1 мектеп гимназиясының попурри әніне бүлдіршіндер билерін қосып мерекенің шырайын кіргізді. «Кербез қыз» күйін әртүрлі аспаптарда орындаған оқушылар мұғалімдерге осылайша өздерінің құрметтерін көрсетті. Сахнада шырқалған ән мен күй, би мұғалімдерге алғыс ретінде ұсынылды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған кештен ұстаздар да, басқалар да риза болып қайтты.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ
