Басты бет Басты ақпарат АЗАТ ЕЛДІҢ АР-НАМЫСЫ

АЗАТ ЕЛДІҢ АР-НАМЫСЫ

0
1,366

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің азаттығын, егемен ел екендігін дәлелдейтін символдары мен құжаттары болады. Өзінің мемлекеттік тілі мен ділі болады. Тұма тарихы, ғасырларға жалғасқан мәуелі мәдениеті мен әуезді әдебиеті болады. Міне, осы құндылықтары құрдымға кетпеген ел ғана өзін азатпын деп жаһанға жар сала алады. Азаттықтың ақ таңын Тәңіріден сәт сайын тілеген қазақ елі Осыдан 26 жыл бұрын сол таңды көрді. Аңсап, шөлдеп жеткен егемендіктің әрбір күні де, түні де қазақ үшін ғажайып. Қан мен тердің, талай ердің құнымен келген тәуелсіздіктің бағасы өлшеусіз. Ендеше сол азаттықты аялай да ардақтай білсек, құба-құп.
Азаттық алып, ақ түйенің қарны жарылған соң, өзіміздің мемлекеттік Туымызды, Елтаңбамызды, Гимнімізді қабылдадық. Төл теңгемізді төрге оздырдық. Айбынды Ата Заңымызды бекіттік. Сол Ата Заңымыздың аясында ұлттар татулығының тұғырын биік еттік. Зайырлы, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекеттің қабырғасын қаладық. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияның өмірге келгеніне де 22 жыл. Осы уақыт аралығында өміршеңдігін дәлелдеген Ата Заңымыз айбарын танытты. Ішкі, сыртқы саясатта сұңғылалығын аңғартты біздің Конституциямыз.

Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Азат елдің ар-намысы – Ата Заң» атты салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде өтті. Өркендеуге өріс ашқан бас құжатымызға арналған шараның бетпердесі ашылған соң Қазақстан Республикасының Гимні шырқалды. Сонан соң сахна төріне аудан әкімі Алимжан ТОХТАСУНОВ шығып, ақжарма тілегін жеткізді. Айшықты Ата Заңымыздың төл мерекесімен аудан тұрғындарын құттықтап, еліміздің 26 жылда жеткізген ғажап жетістіктерін жіпке тізді. Қазақстанның иесі де, киесі де болған қазақ халқының, сол жерді мекен еткен өзге ұлттардың жетістігін Елбасының салиқалы саясатының арқасы екенін де екшеп айтты. Татулығы жарасқан, бірлігі бекем, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған халықтардың достығы әлемге үлгі болып отырғанын да мақтанышпен жеткізді. Соның бәрі де Конституциямыздың кемелдігінің арқасында болғанын айтқан аудан басшысы жұртымызды бірлікке, елімізді игілікке үндейтін мерекемен құттықтады. Ауданның дамуына еліміздің гүлденуіне үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарға өз марапаттарын табыс етті.
Ізгі тілек әуезді әнмен әрленді. «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің әншілері рухты жанып, намысты қайрайтын, туған жерге деген сүйіспеншілігіңді арттырып, ұлтжандылық сезіміңді оятып, көкірегіңнің сәулесін ашатын патриоттық әндерді шырқады. Ал жүргізушілер Ата Заңымыз туралы кеңінен мағлұмат беріп, мемлекетіміз бен қоғамның, халқымыздың айрықша қадір тұта қастерлеп, ардақтауы арқасында беделі биіктеп, абыройы артқан Конституциямыздың айшықты тұстарын әспеттеп отырды. Салтанатты шарада көптің көзайымына, сахнаның сәніне айналған «Балбөбек» балабақшасы бүлдіршіндерінің өнерін айтпай кетпеске болмас. «Біз бақытты баламыз» деп ән шырқаған бақша бүлдіршіндерінің жүзінен шынымен бақыттың нұры шашылып тұрды. Мұхиттай тұнық өмірде жүзіп жүрген балдырғандардың шат-шадыман өмір сүруі де, әрине, тәуелсіздігіміздің арқасы. Лайым сәбилеріміздің жүзінен күлкі таймаса екен деп тіледік осы сәтте.
Осылайша дархан көңілді, кең пейілді, бейбітшілік сүйгіш халқы бар, Сақтан қалған салты бар, ұлан-ғайыр даласы бар, Абайдай ұлы баласы бар, сол сайын даланы мекен еткен сан түрлі ұлты бар, намысын таптатпайтын жұрты бар, сол ұлт пен жұрттың сенім еркіндігін һәм құқығын қорғайтын Ата Заңы бар елдің іргесі сетінемесе екен деген ізгі тілекпен тарқадық салтанатты жиыннан.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…