Өткен аптада аудандық кітапханада іскер әйелдер арасында конференция өтті. Мұнда олардың үй шаруасында ғана емес қоғамда да белсенді, іскер екендіктері сөз болды. Сонымен қатар әйелдер арасында туындайтын бірнеше мәселелер қаралып, шешімі табылды.
Конференцияға келген қонақтармен таныстырған аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Муслим Амангелді аудандағы іскер әйелдердің жұмысы жайында баяндай келе, олардың аудандағы белсенділігін айтып, әр салада атқарып жатқан істерінің жүйелі әрі ұқыпты екендігін жеткізді. Ал аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев мемлекеттік қызметте және басшылық лауазымда жүрген әйелдер турасында сөз қозғап, олардың кәсіпкерлік саласындағы белсенділігіне де оң бағасын берді. Одан кейін сөз кезегін алған іскер әйелдер кеңесінің кеңесшісі Рима Салыкова кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті. Ауылдық жерлерде әйелдердің тек үй шаруасымен ғана шектеліп қалатындығын айтып, әр істен кәсіп табуға болатындығын жеткізді. Ауылшаруашылығына қажетті дүниелердің барлығын кәсіппен байланыстыруға болатындығын ескере келе, жалғыз басты аналарға және әлеуметтік жағдайы төмен әйелдерге бірлесе отырып қол ұшын созуды алға тартты. Ол үшін дүкен сөрелерінен арнайы бұрыштар дайындап, ауданда аналар кеңесінің құрылуын, олардың ішінен бір белсенді азаматшаны төрайым етіп сайлап, қиын жағдайларда көмек көрсетуді ұйымдастыруды жөн деп санады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге беріліп жатқан көмектер турасында сөз қозғаған іскер әйелдер кеңесшісінің орынбасары Гульбарам Адамбаева мұндай жеңілдіктер бар кезде ойлаған іске бел сыбана кірісу керектігін түсіендірді. Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасымен бірлесе, бірлікте жұмыс жасау керектігін де алға тартты. Конференцияға жиналғандар да өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, құқықтары турасында ақпарат алды. Атап айтқанда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжаһан Әлекеева әйелдердің қоғамдағы орны, құқығы турасында ойын айтса, «қимыл қозғалысы кем мүмкіндігі шектеулі жандар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жамал Оқаева қайырымдылық шараларды өткізу, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек көрсету сияқты мәселелерді ортаға салды. Конференцияға қатысушылардың барлығы қоғам мен іскерлік турасында өз ойларын білдіріп конференция қорытындыланды.
Думан
САРТБАЕВ