Басты бет Қазақ елі ШЕКАРА КҮЗЕТІ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

ШЕКАРА КҮЗЕТІ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

0
211

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Шекара қызметінің рөлі аса маңызды. Мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғау, шекара аймағындағы тәртіпті сақтау, заңсыз көші-қон, қару-жарақ, есірткі тасымалы сияқты қауіп-қатерлердің алдын алу – шекарашылардың күнделікті қызметінің бір бөлігі ғана. Олардың бейбіт өмірді сақтау жолындағы еңбегі мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі саналады.

Біздің ауылдағы Шонжы шекара отряды 132-ші болып 1968 жылдың 1 тамызында құрылды. Бұл бөлім КСРО мен ҚХР арасындағы шиеленіскен геосаяси ахуалға жауап ретінде жасақталған болатын. Отряд КСРО КГБ-нің Қызыл Ту орденді Шығыс шекара округінің құрамына енді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Шонжы шекара отряды Қазақстан Республикасының ҰҚК Шекара қызметінің құрамына өтті. Бүгінде бұл бөлім еліміздің Қытай және Қырғызстанмен шекаралас учаскесінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Отряд құрамына басқару органдары, шекара заставалары, бақылау-өткізу пунктері, арнайы бөлімшелер мен техникалық топтар кіреді. Бөлім әскери даярлық, шекара бақылауы, құқықтық тәртіпті сақтау және жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл сияқты бағыттарда жұмыс істейді. Алпыс жылға жуық тарихқа ие отрядтың беделі қашан да биік болды. Оны басқаруға келген небір әскери шенділердің бүгінде біразы мәңгілік мекендеріне аттанған. Атақтары мен аттары жер жарған генералдардың табандары тиген жер – біз үшін өте қастерлі, қасиетті.

Шонжы отрядының тарихында көптеген білімді, тәжірибелі командирлер қызмет етті. Олардың әрқайсысы отрядтың дамуына үлес қосып, әскери тәртіп пен рухты биіктетіп отырды. Өкінішке қарай, толық тізімі құжаттармен бекітілмеген, бірақ әр кезеңде қызмет еткен командирлер – әскери шеберлігімен, адалдығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген тұлғалар екендігі ақиқат.

2025 жылдың ақпан айынан бастап Райымбек аудандық шекара басқармасының тізгінін полковник Сахиев Нұртай Тынышбайұлы ұстап отыр. Ол – өз ісін жетік меңгерген, жоғары кәсіби дайындыққа ие, тәжірибелі офицер. Басшылыққа келген күннен бастап бөлімнің тәртібін, жауынгерлік әзірлігін және шекара қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтере білді. Жауапкершілікті, талапшылдықты және адамгершілікті ұштастыра білген басшы ретінде жеке құрамның құрметіне ие. Оның басшылығымен өз міндетін адал атқарып жүрген офицердің бірі – қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің капитаны – Чубаров Алтай Маратбекұлы. Алматы қаласының тумасы. Мектепті жақсы бағаларға аяқтаған соң ересек өмірін әскери қызметкер боламын деп шешкен. Сол мақсатпен 2013 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Академиясына түседі және оны 2017 жылы ойдағыдай аяқтап шығады.

Әскери қызметін Райымбек шекара бөлімінде «Поляна» заставасы басшысының орынбасары лауазымынан бастайды. 2019 жылы «Бөдеті» шекара заставасында тәрбие, әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша басшының орынбасары болады. 2020 жылы «Онопко» заставасының бастығы. Кәсіби білімін жетілдіру мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының әскери психолог курсынан өтеді. Бүгінде Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының әскери психологы. Жан жары Қаламқас екеуі Айсилана атты қыз тәрбиелеп отыр. Әскери офицердің жары болу да үлкн ерлік. Көші-қоны бар, балалардың жиі-жиі мектеп ауыстырулары бар, тағы басқа да көптеген адами факторларда қасынан табылатын, жанашыр болатын әйелі де әскери қызметкермен пара-пар тер төгеді десек артық айтқандық емес. Алтай Маратбекұлының әр ісі, қимылы басқаларға үлгі-өнеге.

1 тамыз – Шонжы  ауылында орналасқан шекара отряды, бүгінгі күнде   Райымбек ауданы бойынша Шекара Басқармасы үшін ерекше әрі тарихи маңызы бар күн. Бұл күн – тек құрылған дата емес, ол бірнеше ұрпақ шекарашыларының жанқиярлық еңбегін, ерен ерлігін, отанға деген адалдығын бейнелейтін бір дәуір. Осындай айтулы күнмен Алтай Маратбекұлын және Райымбек шекара басқармасының барлық жеке құрамын, ардагерлерін, қызметтегі офицерлер мен сарбаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге еліміздің қауіпсіздігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз!

Юлтуз АЖИЕВА,

Райымбек ауданы бойынша

Шекара басқармасының қызметкері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Призыв – 2025: Более 1500 новобранцев пополнили ряды Десантно-штурмовых войск

В Десантно-штурмовых войсках Вооружённых Сил Республики Казахстан завершилась осенняя приз…