Басты бет Әр қилы ШЕН МЕН ШОУ ҚАЙДА ЖЕТЕЛЕЙДІ?

ШЕН МЕН ШОУ ҚАЙДА ЖЕТЕЛЕЙДІ?

0
311

Бүгінгі қоғамда «шенеунік» деген сөздің естілуі – кейде сенім емес, секем туғызады. Неге? Өйткені ол атауға ел арасында бейқамдық, салғырттық, парақорлық сынды жағымсыз сипаттар жамалғалы қашан. Ал шын мәнінде, шенеунік – халыққа адал қызмет етуге ант берген тұлға. Бірақ шындық пен қағидат қай кезде қабыса қояды?..

Көп жағдайда мемлекеттік қызметке келген жанның алғашқы ниеті таза болар. Бірақ уақыт өте келе жүйенің сызбасына икемделіп, халық мүддесінен гөрі өз пайдасын күйттейтіндердің көбейетіні жасырын емес. «Креслоны емес, жауапкершілікті көтере алмаймыз» дейтін азаматтардың аздығы – бүгінгі үлкен мәселе. Қарапайым мысал: ауыл халқы жолсыздықтан, жарықсыздықтан, ауруханасы жоқ елдімекеннен шаршады. Арыз айтады, кездесуге келеді, қабылдауға кіруге тырысады. Ал кабинетін ішінен жауып, «жоспарлап жатырмыз» деп жалтара беретін шенеунік – халықтың үмітін емес, күдігін көбейтеді.

Қазақстанда билік пен халықтың арасы жақындаса, шынайы даму болады. Бірақ бүгінде билік өз орнынан биіктеп кеткендей. Сарапшылар мұны «сенім дағдарысы» деп сипаттайды. Шенеуніктердің кейбірі қарапайым тұрғынның жанайқайын тыңдауға уақыт таппайды. Ал шын мәнінде, мемлекеттік қызметкер – халықтың ақшасына күн көріп отырған жалақылы менеджер. Бұл – шындық.

Бюджет қаражаты – халықтың маңдай тері. Шенеуніктің міндеті – сол қаржыны тиімді, әділ, ашық игеру. Сондықтан әр мемлекеттік қызметкер халықпен ашық диалог орнатып, есеп беруді дағдыға айналдырмаса, жүйеге деген сенім қалмайды.

***

Еліміздің ақпараттық кеңістігінде түрік, корей, үнді,  телехикаялар легі көбейді. Бір қарағанда, мұнда тұрған не бар? Қарапайым драмалар, махаббат, сатқындық, тағдыр тәлкегі… Бірақ мұқият зер салсақ, бұл өнімдердің ішкі мазмұны – ұлттық рух пен тәрбиеге төнген қауіптің бастауы.

Экраннан күн сайын көрінетін сюжеттер көрерменге біртіндеп әсер ете бастайды. Жарты жылдан астам уақыт бойы жалғасатын бір телехикаяны күніне 2 сағат қарап жүрген адам – бір жылда 700 сағат экран алдында отырады. Бұл – 29 күн, яғни бір айлық өмірін сериалға құрбан ету деген сөз. Ал осы уақыт ішінде санаға не сіңді? Көп сериалда некеге құрмет аз. Ата-анаға қарсы шығу, сүйіспеншілікті азғындықпен шатастыру, «бір түндік қатынас» – қалыпты жағдайға айналдырылып көрсетіледі. Бұл әсіресе жастардың дүниетанымына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда қыз баланың жанұяға емес, сән мен ләззатқа әуестенуі – осы мазмұндардың ықпалы деп айтуға толық негіз бар.

Қазақ отбасы – әу бастан береке мен сабырдың ордасы еді. Қартын құрметтеген, жасын тәрбиеге алған, қалыңдықты ибамен тәрбиелеген ел едік. Ал бүгінде баласының қылығы сериалдағы кейіпкерден аумай қалса, ата-ананың да, мұғалімнің де сөзі өтпей қалады. Өйткені ол бала – тәрбие емес, телехикаямен «тәрбиеленген». Жаппай сериал қарау – жай ермек емес, ұлттың құндылықтарын өзгертудің көзге көрінбейтін тетігі. Мұны тек «уақыт өткізу» деп қабылдау – үлкен қателік.

Не істеу керек? Біріншіден, отандық телемазмұн өндірісін қолдау керек. Ұлттық рухты, тәрбие мен тарихты арқау еткен сапалы телехикаялар керек.  Екіншіден, ақпараттық саясатты сүзгіден өткізетін мәдени код қажет. Үшіншіден, ата-ана баланың не көріп жүргеніне мән беруі тиіс. Өйткені экран – тәрбие құралы. Ал уланған экран – ертеңгі ұрпақтың санасын улейді.

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…