Басты бет Денсаулық АУРУДЫҢ АТЫ ҚАТЕРЛІ, БІРАҚ ҮМІТ БАР

АУРУДЫҢ АТЫ ҚАТЕРЛІ, БІРАҚ ҮМІТ БАР

0
216

Қатерлі ісік немесе обыр – бүгінгі таңда бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған жаһандық мәселелердің бірі. Әлемде жыл сайын 20 миллионға жуық адам қатерлі ісік диагнозын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бұл дерттен болатын өлім-жітім жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр.

Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалып отырған жоқ. Елімізде жыл сайын шамамен 30 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығып, оның 17 мыңдайы дерт салдарынан көз жұмады. Бұл – күн сайын 80-нен аса адам қатерлі ісік диагнозымен тіркеліп, 45-50 адам өмірден өтеді деген сөз. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде талдап, алдын алу шараларын күшейту – ұлттық денсаулық сақтау саясатының басым бағыты болуға тиіс.

Қазақстанда онкологиялық аурулардың таралу көрсеткіші жылдан жылға өсіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде қатерлі ісіктен зардап шеккен науқастар саны 210 мыңнан асты. Бұл – халықтың шамамен 1,1 пайызы онкологиялық есепте тұр дегенді білдіреді. Ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрлері: сүт безі қатерлі ісігі 11-12%; өкпе ісігі 9-10%;  асқазан және ішек обыры 8-9%; жатыр мойны ісігі7-8%; бауыр, ұйқы безі ісіктері –       6-7%.

Онкологиялық аурулардың пайда болу себебі көп факторлы.  Дәрігер-онкологтардың айтуынша, басты қауіп-қатер тудыратын факторларға мыналар жатады: қоршаған ортаның ластануы – радиация, өндірістік қалдықтар, ауаның ластануы; дұрыс тамақтанбау – канцерогенді тағамдар, фастфуд, нитраттар; темекі мен алкоголь – өкпе, асқазан, бауыр ісіктерінің басты себебі; күйзеліс пен ұйқының бұзылуы; қозғалыссыз өмір салты, семіздік; генетикалық тұқым қуалаушылық; әйелдерде бала тууды кейінге қалдыру, жасанды түсіктер, емшекпен емізбеу.

Соңғы жылдары елімізде онкологиялық көмек көрсету саласында айтарлықтай өзгерістер мен жетістіктер байқалады. 2020 жылдан бері Қазақстанда «Саламатты ұлт» ұлттық жобасы аясында онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтқанда: облыстық онкоорталықтар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде; жоғары технологиялық аппараттар (МРТ, маммограф, ПЭТ-КТ) орнатылуда; халық арасында скринингтік тексерулер саны артты; медициналық кадрлар даярлау мен біліктілігін арттыру жұмысы жүйелі жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, онкологиямен күресте ең тиімді жол – алдын алу және ерте диагностика.  Қатерлі ісік – бүгінде көпшіліктің үрейін туғызатын дерт. Бірақ бұл ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс емдеген жағдайда адам толық сауығып кетуі мүмкін. Статистика да соны көрсетіп отыр: соңғы бес жылда елімізде дерттен айыққандардың үлесі артқан. Дегенмен, басты мәселе – халықтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы. Ауруды жасырмай, ерте тексеріліп, уақытылы емделу – өмірді аман сақтаудың басты кепілі.

Қазақта: «Ауру – айтып келмейді, сақтансаң – сақтайды» деген сөз бар. Ендеше, әр адам өзінің басты капиталы – денсаулығына  бей-жай қарамаса екен дейміз.

С.БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында АИТВ-ға қарсы күрес шаралары күшейтілді

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін…