Басты бет Спорт Спортты серік еткен

Спортты серік еткен

0
156

Жас буынның арасында бүгінде спортқа ден қойып, бос уақытын саламатты өмір салтына арнап, спортпен шұғылдануға құмартып тұратындардың қатары артып бара жатқандығын байқауға болады. Қолы қалт етсе белсенді өмірге бет бұрып, бір уақыт спортпен шұғылдануға ұмтылуды кез келген жан әдетке айналдыру керек. Ал спортпен кәсіби түрде айналысып, оны өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдау өз алдына бөлек. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын, осы саланы кәсіби түрде игеріп, рекордтық жетістікке жете алатындардың қатары некен саяқ. Ал біздің арамызда ондай жастар бар. Ол кейіпкерді осы тақырыпта өрбіген әңгімені оқи отырып, жақыннан танитын боласыз.

Бүгінгі талқыланған тақырыпқа арқау болған спортшының осы салада жеткен жетістіктері табандылық пен ерен еңбектің нәтижесі екендігін анық аңғартады. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде воллейболдан жаттықтырушы болып қызмет етіп жүрген Саян Болатұлын жақынырақ танып біліңіздер. Ахметов Саян 1987 жылы Шонжы ауылында дүниеге келген. 2005 жылы №4 Шонжы орта мектебін бітіріп, бала күнгі арманымен адаспай қауышу үшін Алатаудың баурайындағы алып шаһарға қанат қағады. Сол жылы қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, үлкен спортқа деген бар құлшынысын шыңдап, ұмтылысын ұштай түседі. Жоғарғы оқу орнын сәтті аяқтап, қолына дипломын алған соң онымен тоқтап қалмай, аталмыш спорттың қара шаңырағында магистратураға оқуға қабылданады. Осылайша өзінің ұнатқан мамандығының магистрі атанып, бастапқы еңбек жолын да дәл сол спорт және туризм академиясының қабырғасында дәріс берумен бастап кетеді. Азды-көпті 5 жыл бойы академияда оқытушы болып қызмет етіп, алғашқы шәкірттерін аталмыш оқу ордасында тәрбиелеп шығара бастайды. Оқуға түскен сәттен бастап жұмыс істеген жылдар аралығындағы жинақталған тәжірибе мен кәсіби білімін туған жердің игілігі үшін жұмсау мақсатында қасиетті Қарадаласына қайтып оралады. Қазіргі таңда аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт меткебінде воллейболдан жаттықтырушы болып нәтижелі жұмыс атқаруда.

Саян осы қызметке келгелі ауданның тарихында болмаған рекордтық көрсеткіштер мен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Соның бірі өзі тәрбиелеп отырған жас спортшылардың ішінде 6 бірдей шәкірті Алматы облысының воллейболдан құрама командасының мүшелері. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды ауданның спорт саласында болмаған десек артық айтқанымыз емес. Өзі де академияның қабырғасында жүргенде облыстың құрама командасында талайлаған жеңісті ойындарда бой көрсеткендігі бүгінгі етіп жатқан еселі еңбегінің алғашқы қадамдары болатын. Бүкіл облыстың намысын қорғап жүрген шәкірттерімен мақтанатын Саянның бұл спорттағы еңбегі орасан. Өйткені командалық спорт түрлерінен табысты шәкірттер мен сәтті командалар тәрбиелеп шығу көп жаттықтырушылардың қолынан келе бермейді. Себебі топты жанмен жұмыс істеу күрделі әрі жан-жақтылық пен темірдей төзімді талап ететіндігі айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта Сян Болатұлы нағыз өз ісінің шебері деген атқа әбден лайық болып алған. 12 шәкірті спорт шеберлігіне кандидат деген атаққа ие болды. Бұл – бұрын-соңды болмаған құбылыс. Облыстың екі дүркін чемпионы атанған шәкірттерімен әлі талай биіктерді бағындырары сөзсіз.

Ал осындай тәжірибелі кәсіби спортшы тәрбиеленіп шыққан отбасы жайлы ой қозғар болсақ, жоғарыда аты бірнеше рет аталған Болат аға Саянның әкесі ретінде өзінің өмірлік қызығушылығы мен спортқа деген ерекше ықыласы мен ынтасын баланың бойына қанымен дарытып жібергендей көрінеді. Өйткені Болат Әлиасқарұлы да өңіріміздің спор саласын бірнеше жылдар бойы нәтижелі басқарып, өмірін спортқа арнаған жан. Анасы Баян апайымыз да тілшілік және шығармашылық бағытта жүрсе де спорттан құр алақан емес. Өкшебасар інісі Асқар да дәл осы спорт саласының маманы. Саянның ұлы Алтай да каратеден өзінің қатарластары арасында облыс чемпионы. Жалпы бұл жанұя спортты отбасылық құштарлыққа айналдырған осы сала үшін жаратылған жандар.

Темірдей тәртіп пен асқан жауапкершілікті талап ететін спорт саласы екінің бірі ат ізін сала бермейтін, әркім азуын батыра бермейтін қиын да күрделі сала. Спортты жанымен қалап, шынайы армандаған адам ғана өзіне өмірлік серік ете алады. Ал Саян спортты нағыз өзіне өмірлік серік еткен кәсіби спортшы!

Ақжол Нұрдаулетұлы

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…