Жыл сайын дәстүрге айналған аудандардың мәдениет қызметкерлерінің арасындағы «Ауылым алтын бесігім» байқауы биылғы жылы да жоспардан тыс қалмай, әр аудан өнері ортаға салынып, мәдениет қызметкерлерінің шеберлігі шыңдалды. Мәдениет пен өнер қай кезеңде де қоғамның ең жоғарғы баспалдағынан орын алатын өз алдына өзектілігі басым ерекше сала. Бұл салада шығармашылық үшін жаратылған, өнер дейтін қасиет тамырындағы қанына сіңген табиғи талант иелері қызмет еткендіктен рухани көштің арасында жеке дара сипат алып, назардан тыс қалмайды. Осындай бағытты мықтап ұстанып, өнердің қасиетті өлкесіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырып жатқан біздің өңіріміздің өнерпаздары жоғарыда атап өткен байқауда жоғарғы деңгейден көрінді.
Әуелі әр аудан өзінде «Ауылым алтын бесігім» байқауының ережесіне сәйкес ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтар және өнер ұжымдары мен жергілікті театр ұжымдарының шығармашылығын қазылар алқасына ұсынды.Облыстың мәдениет басқармасы мен халықтық шығармашылығы орталығы тарапынан тағайындалған қазылар алқасы барлық аудандардың байқауға ұсынған шығармашылық өнімдерін көріп болған соң қорытынды шығарып, нағыз мықтыларды марапаттады. Марапаттау рәсімі облыс орталығы Қонаев қаласында гала концерт түрінде кең ауқымда аталып өтілді. «Ауылым алтын бесігім» аудан, қала мәдениет күндері байқауының қорытындысына сәйкес ауданымыздың мәдениет үйі мен оның жанындағы «Жазерке» және «Арзу» халықтық ансамбльдарының көрсеткен өнері ынталандыру сыйлығымен марапатталып, қомақты қаржылай сыйлық табыс етілді. Ал «Қарадала» халықтық театрының сахнадағы көпшілікке ұсынылған қойылымы жоғарғы бағаға ие болып, облыстық театрлар арасында «Ең үздік қойылым» номинацияын жеңіп алды. Талантты театр актеры Еркебұлан Нұржақып жетекшілік ететін ауданымыздың халықтық театрының өнерпаздары бұл байқауға Бақыт Беделханның «Ұлым саған айтам» интеллектуалды-поэтикалық драмасынан үзінді ұсынған болатын. Таңдалған жанр да, шығарма да, оны ойнаған өнерпаз жастар да қазылар алқасының және көрерменнің көңілінен шығып, жүрегінен орын алатын құнды рухани дүние жасап шыққандығы белгілі.
Ауданымыздың мәдениет саласының мәртебесін аспандатып, абыройын асқақтатқан аудандық мәдениет үйінің ұжымы мен «Жазерке», «Арзу» халықтық ансамбль ұжымына және «Қарадала» халықтық театрының ұжымына ел ризашылығын білдіріп, халық батасын беріп жатыр. Алдағы жылдарда бұдан да биік белестерді тәжірибе мен талантты ұштастыра отырып, мол сеніммен және еш кедергісіз басып өтіп, үлкен жетістіктерге жететіндігіне күмән жоқ. Жан дүниеміздің рухани кілтіне айналған мәдениет саласы мәңгілік, өшпейтін өнеріміз өміршең болғай!
Ақжол ТАШКЕНОВ