Басты бет Әр қилы ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ….

ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ….

0
2,397

Қазір біреуге ақыл айтатын заман емес, бәрі ақылды, данышпан, ғаламтордан білмеген нәрсесін әп-сәтте біле салады. Жастарға ақыл айтудан тайсалатын болды үлкендер, тайсалмайды-ау, жасқанады тіпті. Өйткені олар ненің жақсы, жаман, керек, керек еместігін де ғаламтордан біліп алатын дәрежеге жетті. Үлкендердің ақылын «езілген малтаға» санайды әуелі. Әр халықтың өзіне тән дәстүрі, салт-санасы болатындығын ұрпақтың бойына қалай сіңірсек тиімді болады деген сұрақ соңғы кезде мазалап жүр. Өйткені дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін еуропалықтарша ойлап, соларша өмір сүру салтын қалыптастыруымыз шарт.

Ғасырлар бойы қалып-тасып, уақыт сынынан өтіп, екшелген, сарапталған әдеп үлгілерімізді бір кездері жоғалтып алғанымыз жасырын емес. Енді сол құндылықтарды қайта қалыптастыру жұмысы ойдағыдай, жемісті жүргізілсе болғаны. Қайғырып, қара аспанды төндіру емес бұл, қанымыздағы қасиеттерді басқа ұлтқа үлгі ете отырып жеткізу, жету. Ғаламтордың да берері көп, оған көз жұмуға болмас. Жақында балабақша бүлдіршіндерінің ойын барысында мемлекеттік Гимнді естісімен ойыншықтарын тастай сала қолдарын көкіректеріне қойып қосыла шырқаған сәтін көріп шыны керек мың тәубе дедік. Керемет көрініс. Мемлекетінің Гимнін сәбилік пәк жүректерімен орындағандарының өзі болашақ бүлдіршіндердің Отандарына, туған жерге, атамекенге деген сүйіспеншіліктерін танытып, ел иелері екендіктерін сезіндіре түссе екен деп тіледік. Бұл балабақшадағы бүлдіршіндердің құлын жүректерінің дүрсілі деп қабылдадық. Ал енді тәуелсіздік жылдары туылған, алмағайып, өтпелі кезеңде дүние есігін ашқан жастардың бойынан дәл осындай патриоттықты көре алып жүрміз бе деген сұрақ туындайды. Сол заманның «салқыны» тигендей олар да дүбаралау ма деген қорқыныш үрейлендіреді. «Адамзат қалай өмір сүру керек, не істеу керек?» деген мәселелер төңірегінде ойланып-толғанумен келеді ел басындағы ағаларымыз да, ғалымдар мен көріпкелдер де. Бұл ғасырдан ғасырға жалғаса беретін сауал болуы да мүмкін. Бірақ нақты жауапты әлі әзірге ешкім бере қоймады-ау. Ең бастысы әдептілік пен адамгершілік жолына түсу болар. Өйткені қоғамдағы ең бағалы адам – ол әдепті адам. Әдепті адам қоғамның баға жетпес байлығы. Егер қоғамда әдепсіздік етек алса, жақсылық атаулының сағы сынып, жанарымен жер шұқып қалады. Әдепсіз, дұрыс жолдан тайған адамда жақсылыққа ұмтылдыратын рухани тетік жойылып, жаманшылықтың ми батпағына бата береді. Сондықтан жастардың бойына рухани ынта мен еңбекті сіңіру аға буынның міндеті десек артық айтқандық болмас. Қазақ данышпаны Абайдың: «Егер мен закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзінің мәні де осыған саяды. Аға буын әдебін, адамгершілігін ісімен дәлелдеп отырса онда ұрпағымыздың жаман жолға түспегені. Әдептілік өлшемдері кісіліктің рухани ұйытқысы болып табылады. Кезінде дағдарысқа ұшыраған бір мемлекеттің неліктен жойылып кеткендігі жөнінде сол елдің данышпан адамынан сұраған екен. Мұның екі себебі болған деп жауап беріпті дана адам. Біріншісі, патшалар айналасындағы ақылды, білімді, инабатты, әдепті адамдарды қуғынға ұшыратып, мемлекеттің тізгінін надан һәм сұрқия адамдар қолына беріп қойған, екіншіден билікке оңы мен солын ажыратпаған шикіөкпе жастар мен әйелдерді көптеп тартқандықтан деген кесім айтқан екен. Осы мысалда көрсетілгендей әдептілік мемлекет басқарудың бір тетігі болып тұр.
Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласы да адамгершілік, қанымызда бар салт-дәстүр, ата-бабадан қалған ұлағатты істерді ұқыптап, әрі қарай жалғастыру үшін жазылғандығына ешкім шүбә келтіре қоймас. Даңқты қолбасшы, атақты жазушы, ұлтының мақтантұтары, дара тұлға Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың атасы, жұбайы жайында жазылған кітаптарын бұдан біраз бұрын оқығаным бар еді. «Күретамыры» жақында қолыма түсті. Атамыздың дара келіні, көненің көзін көрген, сөзін шашау шығармаған, қазақ келіндерінің айнасына айналған апайдың салт-дәстүр, рухани байлық жөнінде жазғандары тек келіндерге емес жалпы әйел қауымына ой салар оқулықтай. Үзінді айта кетсем. «Мемлекеттен алған ресми атақ, даңқыңыз бар ма?» деген журналистің сұрағына, «Мені ондайлардан Құдай сақтап қалған, ешкімде жоқ, өзім өлсем де менімен бірге кететін атағым сол Бауыржан Момышұлының келіні деген» деп жауап қатыпты. Ақшаға сатып алуға болатын, сатылатын атақтың кімге қажеті барлығын да айтқан. «Халықтан үлкен адам болмайды. Мың жерден атақты, даңқты бол, әулие бол бәрібір халықтан үлкен емессің» деген атасының тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүрген анамыздың айтқаны естір құлаққа өмірлік сабақ. Қазіргі атақтардың сатылатындығын халық біледі. Ондай сатып алған атақтың кімге керегі бар шынында. Зейнеп апамыздың рухани жаңғыруды дабыралап, жарнамалап, жауыр етпей адамдардың санасының өзгеруін айтқан пікірі де нанымды. Ол кісі балабақшадан бастап «Әдеп» сабағын енгізуді ұсынып отыр. Ал әдептен озып көрмеген халық нағыз рухани таза, адамдарға деген көзқарасы адал, еліне, жеріне қызмет ететін халық бола алады. Әдептен озбайық дегенді бұрындары үлкендер, әсіресе әжелер жағы жиі айтып отырушы еді, соны бүгін ұмытқандаймыз. Мүмкін оның заманауи, жаңаша үлгісін пайдаланып жүрміз бе? Шындығында «Әдеп» сабағын сәбилер санасына сіңірсек, олардың желкілдеп желектей өсіп келе жатқан болмыстары біздікінен әлдеқайда биігірек болар, бәлкім…

Әдеп-тің не екенін әдепсіз адамды көргенде білесің демекші, төрт құбыламыз тең, мамыражай заманда өмір сүре жүріп, әдепсіз қылықтар жасауды да ұмытпаймыз. Шіркін ендігі ел билер балалар, атқа қонар азаматтар әдептен озбаған, инабатты, кісілікті естен шығармайтын, халықтан жоғары тұрмайтын жандар болсын деген тілекпен ой түйіндесек.

Баян Мамырбаева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…