Басты бет Рухани жаңғыру АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

АҒАШТАН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

0
3,747

Қазақта «Ағаштан түйін түйген» деген кереметтей теңеу сөз бар. Бұл кез келген жанға қарата айтыла салмайды. Он саусағынан өнер тамған нағыз шеберлерге ғана осылай баға беріледі. Өңірімізде темірден түйін түйіп, тері илеп, ағаштан түрлі бұйымдар жасап жүрген шеберлер көп. Тек, олардың көбін жұртшылық танып біле бермейді. Тиірмен ауылындағы Бағыбаев Жұмабек ағамызды да көпшілік тани қоймауы да анық. Елге онша елене қоюды мансап көрмейтін, мақтап, мадақтауды сүймейтін, өзінің қарапайым ғана тірлігімен айналысып, ағайын-туыстың, ауылдастарының алғысын арқалап жүретін ағамыз жайлы біз де осы уақытқа деген естімептік. Ести сала Тиірмен ауылына жол тарттық.

1962 жылы дүниеге келген ағамыз бір отбасында сегіз ағайынды болған екен. Бүгінде әрқайсысы әртарапта күн кешіп жатқан жайлары бар. Солардың арасында Жұмабек ағамыз бала кезінен ағаш жонып, әртүрлі дүниелер жасауға қатты қызыққан. Жастықтың жалыны болар, бұл іске ол кезде бел шеше кірісе де қоймайды. Әкесі Әбдікеріммен бірге диханшы да, малшы да болып еңбек етеді. Небәрі сегіз жылдық білім алса да, кітапқа деген құмарлығы шексіз болды. Қазақтың мүйізі қарағайдай жазушыларының том, том жинақтарын іздеп жүріп оқитын. Барған жерінде кітап сатып алу жазылмаған заң болатын ағамыз үшін. Бірақ нағашы атасынан дарып, қаннан келген қабілет болса керек, 80-ші жылдардың соңында мал баға жүріп, қолынан ағаш түспеді. Үлкен дүниелер жасамаса да, шахматтың тастарын ойып жасады. Тіпті оны дүкеннің дүниесі деп сенбегендер де болған екен сол кезде. Бірте-бірте әртүрлі бұйымдар жасап көреді. Бірақ оның бәрін де елеусіз қалдырады.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі Жұмабек ағамыздың отбасын да айналып өтпегені айқын. Жас жанұя, жас бала… Не де болса, сол ағашшылықтан пайданың боларын аңғарған ағамыз түрлі тұрмысқа қажетті дүниелерді жасайды. Үйдің негізгі қаңқасын (каркас), киіз үйдің сүйегін жасады, ертоқым шауып, өрім өрді. Әйтеуір қолдан келген дүниенің бәрін жасап, еңбек етеді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қолға алына бастаған тұста, нақтырақ айтсақ 2013 жылы 3 миллион жеңілдетілген пайызбен несие алып, ағаш тілгіш құрал сатып алады. Тапсырысқа қарай терезе, есік жасап береді. Ауылдың бар қызметін істеп, нәпақасын табады.
Соңғы 2-3 жыл көлемінде ұлттық нақыштағы тұрмыстық заттар: астау, ожау, гүл астына қоятын сүйегіш, үлкенді-кішілі қасықтар, қамшы жасап, көптің көңілінен шығуда. Қарағаш, үйеңкі, қайың, арша сынды ағаштардан жасалған бұйымдар сәнді әрі табиғи таза дүниелер. Бүгінде арысы Маңғыстау, Ақтау қалаларынан, берісі Алматы қаласы мен облысы аумағынан арнайы тапсырыс беріп, жасатып алып кетіп жатыр. Әсіресе үкі үлгісіндегі астауларға деген қызығушылық көп екен.
Ұлттық өнердің құны ешқашан төмендемек емес. Қайта күн санап артып отыр. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді. Иә, ұлттық рухымыздың бір парасы дәл осы қолөнеріміз. Атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлеріміздің ісмерлігін жалғаушы ұрпақ бүгінде некенсаяқ. Ал олардың абыройын асырып, қадірін көтеруге барынша тырысуымыз керек. Шебер өз білгенін өзгеге үйретуден де еш жалыққан емес. Баласын да барынша осы өнерге баулып жүр. Ұлы да әкесінің айтқандарын жадында сақтап, оның осы бір ерекше шығармашылығын игеруге тырысады. «Әке көрген оқ жонар». Рас екен. Кішкентайынан әкесімен бірге жүріп, жанынан бір елі қалмай, ағашшылықтың қыр-сырын меңгерген Таңатар да бүгінде қолынан құрал-сайманы түспей келеді.
19 жастағы жас шебер де биыл «Жастар корпусын дамыту жобасына» қатысты. Дамушы елдерге қаржылық және техникалық көмек ұйымдастыру мақсатында құрылған халықаралық қаржы ұйымының қаржыландырылуымен қолға алынған «Жастар корпусын дамыту жобасы» жастардың білім және өмір деңгейлерін арттыруға, өз жобалары арқылы айналасына, қоғамға пайдасын тигізіп, әлеуметтік жағдайдың артуына, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға бағытталған. Міне осы жобада біздің ауданнан да бірнеше жас грант иегері атанып, 1 миллион теңгеден иеленген болатын. Сол жастардың бірі – Таңатар Әбдікерім. Бүгінде Таңатар әкесі Жұмабек ағамен бірлесіп ауылдың оннан астам жас жеткіншектерін дәл осы ағашшылық өнерге баулып келеді. Жұмабек аға ауыл жастарының бұл өнерге деген қызығушылығының жоғары екенін ерекше айтты.
Ағамыздың қолынан шыққан бұйымдарды қарап отырып, әрқайсысындағы ұлттық ерекшелікті, ою-өрнектердің астарындағы мән мағынаның тереңдігін аңғаруға болады. Әсіресе жаңғақ ағашынан жасалған қобыз аспабы ерекше әсер етті. Қобыздың мойынындағы тауешкінің мүйізінен жасалған бейнелер арғы тарихымыздын хабар бергендей. Жылқы, найза, аққу, көк бөрінің бейнелері тауешкі мүйізінен ойылып тұрып жасалған. Жеті қазынамыздың бірі, ерлеріміздің қанаты болған ат, батыр бабаларымыздың бес қаруының бірі найза, сұлулықтың, махаббаттың, пәктіктің символы болған аққу, түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі көк бөрінің бейнелері шынында да нағыз шебердің қолынан шыққан туынды екенін көрсетеді. Мұндай идеяның қайдан келгенін сұрағанымызда ағамыз көп оқыған кітаптарымның пайдасы болар деп қана қысқаша күле жауап қатты.
Бәлсіну, менменсу дегеннен ада, мақтанып, өзін дәріптеуді де құп көрмейтін ағамыздың қарапайымдылығына риза болдық. Отбасындағы жан жары Күмісхан тәтеміз де ағамыздың еңбегін бағалап, барды ұқсатып, ұл-қыздарына тәлімді тәрбие беріп отырған жайы бар. Үлкен қызы Несіпгүл №4 Шонжы орта мектебі жанындағы шағын орталықта, Ақботасы Тиірмен орта мектебінде еңбек етіп жатыр. Ал Жаңылы — ауылдағы жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы, кенжелері Арайлы мен Таңатар жоғары білім алуда.
Қолөнер кез келгенге қона бермейді. Оны екінің бірі үйреніп алып, кәсіп қылып кете алмайды. Бұл — атадан балаға берілетін ерекше қасиет. Ендеше ұлттық өнерімізді ұлықтап, оны ел ішінде дәріптеп жүрген Жұмабек Әбдікерімұлының еңбегін елемеу әбестік болар. Қазағымның өнерін өрістетіп, ұрпағына ұлағаттап, жастарға үйретіп отырған ағамыздың еңбегіне біз де табыс тілеп, тапсырысымызды беріп кері аттандық.

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…