Мемлекетіміздің көршілес елдер алдындағы беделінің өсуі, алға дамуы ең алдымен сол ел тұрғындарының ауызбірлігі, татулығы, ынтымағы арқылы байқалатындығы сөзсіз. Біздің елде де 130 дан астам ұлттың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, әр ұлт өз салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік тудырып, олардың да теңдей дәрежеде білім алуына жағдай жасалып отырғаны Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы демеске лаж жоқ.
Аудандық кітапхана рухани азық алатын жер ғана емес, соңғы кезде рухани басқосулар мен келелі тақырыптарды көтеретін киелі ордаға айналды десек артық айтқандық емес. Осындай керемет кездесулердің бірі – ұлтаралық келісім және қоғамдық сананы жаңғырту атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел.
Астанадан ат терлетіп келген «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инновациялар, білім және ақпараттық-коммуникациялық Комитетінің төрағасы, «Серпін 2050» әлеуметтік жобасының республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, «Серпін» әлеуметтік даму Ұлттық Қорының директоры Айдарали Раманов және облыстық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиевтер аудан ақсақалдарымен, жастарымен, кәсіпкерлерімен кездесті.
Алғашқы сөзді бастаған Жаныс Құдайбергенұлы еліміздегі 130 ұлт пен ұлыстың, этностардың ешқандай қақтығыссыз, тату өмір сүрулерін олардың бір-біріне деген сыйластықтары, бауырмалдығы деген үлкен қасиеттерінің арқасы екендігін айтып, әралуандылық рухани-адамгершілік құндылықтарының қайнар көзіне айналғандығын жақсы мысалдармен түсіндірді. Елбасымыздың «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуы – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп тектен тек айтпаса керек. Елбасы ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды сан ғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана-сезім мен білім саласындағы рухани реформаға бастайтындығын айтып, сөз кезегін қоғам қайраткері Мұрат Әбеновке берді.
Ұлтаралық келісім және қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі әңгімесін әріден, тарихтан бастаған Мұрат Әбділамитұлы бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің барлығын ұлтаралық келісімнің жарасымдығынан, мемлекеттік саясаттың сарабдалдығынан және адамдарымыздың бейбітсүйгіштік қасиетінен танитындығын білдірді. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының екі маңызды тұсын түсіндірді. Біріншісі – экономикалық, екіншісі әлеуметтік. Алдағы жылдарда индустриялды инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы мен бала туу деңгейінің төмендеп отырған өңірлерінде кадр тапшылығы мәселелерін шешу. Сол аймақтардың балалары үшін арнайы «Серпіннің» гранты бөлінгендігін, оқыған өңірлерде қоныстанып қалған жағдайда 100 пайыз жұмысқа орналасатындығын айтты. Серпін жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысының жастары қатыса алатындығын да тілге тиек етті. Бүгінде «Серпін-2050» жобасын жеңіп алып, ие болғандардың 85% көп балалы және 83% әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары. Ата-анасына салмақ салмай, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін отбасы үшін пайдалануға даяр жастарды жобаға қатысуға шақырды.
Дөңгелек үстелге қатысқандар «Серпін-2050» бағдарламасы жайында толық мағлұмат алып, сананы жаңғыртудың мезгілі жеткендігін түсінді.
Баян
МАМЫРБАЕВА