Әлем елдерін таңғалдырып, тамсандырып жүрген қазақ жерінің топырағы қай кезде де киелі. Олардың дархан көңілі, кеңпейілдігі, қонақжайлығы басқалардың бойынан табыла да қоймас. Сондықтан да болар аз уақыттың ішінде кеңге қанат жайып, өркендеп, қарыштап дамып, көк Туды желбіретіп, Гимнді шырқатып жүргеніміз. Тағдыры мен мақсаты, жүрегі мен тілегі бір Қазақстан халықтарының достығы өзінше ерекшеленеді. 130-дан астам ұлт пен ұлысты құшағына басып, діні мен тілінен шектетпеген қазақ халқының шаңырағы қай кезде де биік, тұғырлы да ғұмырлы.
Қазақ пен ұйғыр ұйыған ауданда тұрып келе жатқаныма дән ризамын. Шонжы ауылының тұрғынымын. Ұлтым – ұйғыр. Екінші топтағы мүгедекпін. Еліміздің даму жолында сан түрлі сынақтар мен алар асулар, көтерілер биіктер, бағындырар белестер бірінен кейін бірі күтіп тұрғандығы баршаға мәлім. Бірақ қалың қамалды қақ жарып, қолына құрыш найза алып жерінің шетін жауға тастамаған қазақ халқы, өркендеу жолында бірлік пен татулықты ту етіп, сынақтарды сүрінбей өтті. Осылайша Қазақстан деген мемлекетті әлем таныды, мойындады. Дамыған мемлекеттердің арасындағы одақтарға мүше болдық, ойымызды айқайлап айтатын дәрежеге жеттік. Міне сол дәреженің тағы бір дәлелі – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің елордамыз Астана қаласында өтуі болып отыр. Жылдағыдай қалаға барып ем алу үшін жолға шықтым. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген Астана қаласын көру маңдайыма жазылып, сол жақтағы ауруханалардың бірінде ем қабылдадым. Келгеннен соң қайта кері кеткім келмей, ЭКСПО көрмесін көруге бел будым. Көздің жауын алар ғимараттарға таңданбасқа амал жоқ. Күндегідей теледидарда көрсеткеннен ерекше. Әр мемлекеттің павильонына бас сұқтым. Тіл білмесем де тілдесуге тырыстым. Қолымда ауданымыздың айнасына айналған, жаңалықтарын жағымды етіп жариялайтын аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газеті бар. Мұндағы мақсатым – өзге мемлекет өкілдеріне Қазақстан жеріндегі достықты, татулықты насихаттау, екі тілдегі ақпарат құралдарының бар екендігін көрсету, ұлттар арасындағы сыйластықтың сайын қазақ даласындай дархан екендігін сезіндіру болды. Олар қолымдағы газетті көріп ризашылықтарын білдіріп, таңданыстарын жеткізіп жатты. Атап айтар болсам алжирліктер қазақ халқының әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, ұлттар достығына таңданыспен қараса, венгерлер (Мадияр) қазақтарды дархан даланың ұлы ұрпақтары ретінде танитынын, түркі тектес халық екендігін айтып жатты. Батыс Қытай мен Батыс Европа елдерін жалғайтын Ұлы Жібек жолының үстінде орналасқан ауданымыз жайында мен де бар білгенімді жеткіздім. Олардың айтуынша, өз мемлекеттерінде мәдениет басқаша көрінеді. Әр діндегілер әр бөлек. Қоғамдық орындарда дініне қарай бөлінушілік те көп. Осылайша әр мемлекеттің павильонындағы өкілдерімен тілдесіп олар жайында да біраз деректер жинадым. Айта кетерлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде ерекше маңызға ие екендігіне, ұлттар мен ұлыстардың сыйластығына, ауызбіршілігіне таңданып, қонақжай қазақ халқының келешегінің кемел, болашағының зор болатындығына сенім білдірді. Мұндай пікірлер мен үшін үлкен мақтаныш, зор құрмет. Абыройым асқақтап, беделім көтеріліп, көкірегімді қуаныш кернеді. Қазақ жерінің топырағында кіндік қаным тамып, туып-өскеніме қуандым. Сол қуаныштың арқасында ауруымнан айыққандай күй кештім. Қолыма аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетін ұстап шетел қонақтарымен естелік суретке түсіп, қолтаңбаларын да алдым. Қазақ елі мәртебесінің мәңгілік, келешегінің кемел, болашағының баянды екендігіне тағы бір рет көз жеткіздім. Осылайша қуанышым жеті қабат көкке жетіп, қырандай қалықтаған күйі алтын бесігім ауылыма оралдым.
Арман АСАНОВ
ШОНЖЫ