Коммуналдық қызметтерге қатысты өтінімдер мен шағымдарды енді «109» бірыңғай байланыс орталығы қабылдайды. Жыл басында ғана жұмысын бастаған орталық тұрғындардың арыз-шағымдарын тиісті мекемелерге жолдап, бұқара мен жергілікті атқарушы органдар арасында алтын көпір орнатып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке қатысқан, «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директорының орынбасары Жәнібек Серікұлы мен «109» бірыңғай байланыс орталығының басшысы Бақтияр Бақытұлы, жоба — халықтың күнделікті мәселелерін жедел шешуге бағытталған дейді.
Бірегей бастама, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан жайы бар.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар орталыққа ашық құдықтар, жылу жүйесіндегі ақаулар, электр жарығының үзілуі, қаңғыбас иттер, аула абаттандыру сынды мәселелер бойынша жиі жүгінеді. Сонымен қатар, балаларды балабақшаға тіркеу, жол жөндеу және көшелерді жарықтандыру секілді сұрақтар да қарастырылуда.
«Орталық биылғы жылдың 11 ақпанында жұмысын бастады. Алғашқыда өтініштер тек Қонаев қаласы мен Талғар ауданы бойынша қабылданды. 1 қарашадан бастап, облыстың барлық аудандарын қамтыдық», – деді Жәнібек Серікұлы.
Оның айтуынша, орталыққа осы уақытқа дейін 12 259 өтініш түскен, оның ішінде 12 090 өтініш уақтылы орындалған. Қалған 169 өтініш құзырлы мекемелердің қарауында. Қазіргі таңда байланыс орталығына күніне 50-70 өтініш келіп түседі. Тұрғындардың мәселелері 3 күн ішінде немесе оның күрделілігіне қарай 15 күнге дейін шешіледі.
Өтініштер бірнеше байланыс құралдары арқылы қабылданады:
• Instagram: @109konaevkz
• WhatsApp: 8 771 7 109 109
• Telegram чат-бот: https://t.me/konaevhelp
Еске саламыз, «109» байланыс орталығы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.