Басты бет Мәдениет және руханият ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫНА ШЫҚҚАНДАР

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫНА ШЫҚҚАНДАР

0
451

Осыдан екі жыл бұрын ауданымызда балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ашылып, тұрғындарды ерекше қуанышқа бөлеген болатын. Сол мектепке алғашқы қадамдарын аттап, өнердің қасиетті өлкесінде өзіндік ізін қалдырам деген бүлдіршіндердің өзі екі жасқа өсіп жетілді. Күнікеше ғана өз шәкірттеріне есігін айқара ашқан жас мектеп аз ғана уақыт ішінде шәкірттерінің бойына қасиетті өнердің дәнегін еге білген екен. Ашылғалы бері жеткен жетістіктері көңіл қуантарлық. Небәрі екі жыл уақыттың ішінде халықаралық байқауларда 8 бас жүлде, 4 бірінші орынды иеленіп, еліміздің көк туын әлем алдында желбіреткен. Республикалық байқауларда 11 бас жүлде, 9 бірінші орынды қоржынға салып, ауданымыздың атын бүкіл республика көлемінде әйгілеп келді. Ал облыстық және аудандық дәрежедегі байқаулардан 18 бас жүлде, 25 бірінші орынды қанжығасына басқан шығармашылық орталық осылайша таңқалдырар жетістікке жеткен деп айтуға болады. Бұл нағыз өз ісінің шебері бола білген білімді әрі өнерлі ұстаздардың тынымсыз еңбектері мен үздіксіз ізденістерінің әділетті бағасы деп білуге болады. Ашыла салғанда ауданның 200 ге жуық жасөспірімін қамтыған шығармашылық орталық екі жылда қанатын кеңге жайып, бүгінгі күнде 600 ға жуық шәкірт тәрбиелеп отыр. Бұл да аталмыш орталықтың жыл сайын дамуға қарай қадам басқандығын айқындайтын  көрсеткіш.

Нәтижелі еңбектің жемісін көріп үлгеріп жатқан шығармашылық  орталық ағымдағы жылы да халықтың алдында бір жылдық тынымсыз еңбектің есебін берді. Былтыр бір жылдық есептік концертте қалың көрермен өте жоғары бағасын беріп кеткен болатын. Ал биылғы есептік концерт былтырғыдан өз алдына ерекше және ауқымды өзгерістер мен толықтыруларға бай болды. Ерекшелігі сол сахнада тек бүлдіршіндер мен жас өнерпаз шәкірттер көпшілікке таланттарын тарту етті. Концерт басталмас бұрын жиылған көпшіліктің назарына шығармашылық орталықтың тігіншілері мен қылқалам шеберлерінің шәкірттері жасаған төл туындыларынан көрме ұсынылды. Көрмеге тігіншілердің қолынан шыққан түрлі кимідер мен ұлттық нақыштағы туындылар. Сондай-ақ жас суретшілердің суретке жан бітірген тамаша жұмыстары мен заманауи үлгідегі киімге салынған суреттер мен ұлттық ою-өрнектер және биссер үйірмесінің төзімділікті талап ететін түрлі ұсақ моншақтардан тоқылған бұйымдары көздің жауын алып тұрды. Көрмені көрген жандар жас талант иелерінің қолынан шыққан бұйымдары мен суреттерін таң қала  тамашалады. Ұлттық өнерімізді жоғары бағалай білетін өнер ордасы шараның беташарын қазақтың ұлттық ән, би өнерлерімен бастады. Ұлттық аспабымызды тұмар тұтқан жас талант иелері домбыраның көмейінен күмбірлетіп күй төкті. Шынашақтай бүлдіршін қыздар ұлттық көйлектерімен мыңбұрала билегенде ерекше сезімге бөленесіз. Заманауи өнерден де құр алақан қалмаған шәкірттер заман үлгісіндегі биді де, батыстың бүгінгі талабын қанағаттандырып тұрған музыкалық аспаптарын да бес саусақтай меңгергендерін көрсете алды. Ұйғыр халқының төл өнерін де бойына сіңдіре алған жас өнерпаздар “Мұқамнан” үзінді орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Шараны қорытындылап, сахна төріне аудандық маслихат төрағасы Есжан Нұрәкім Есенбайұлы, облыстық дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Берікболов Қапйрат және аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева арнайы шақырылды. Сахнаға шақырылған кеш қонақтары шарадан алған әсерлерімен бөілісіп, орталықтың есептік концертіне шынайы жоғарғы бағаларын беріп, баланың бойындағы дарынын ашып, дамытуға бар күші мен уақытын сарп етіп жүрген өнер жолындағы ұстаздар қауымына алғыстарын жаудырды.

Сонымен қатар ине шаншар орын болмаған залдағы көрермендер киелі сахнаға бойындағы бүкіл талантын арқалап шыққан бүлдіршіндер мен жас жеткіншектердің паш еткен саф өнеріне куә болып, ерекше ризашылықтарын білдірді. Ал олардың бойындағы бұлақтың көзін аша білген ұстаздардың еңбегіне өлшеусіз баға берілді. Қорыта айтқанда ауданымызда өнер әлемінің арғымағына мініп болашаққа бағыт алған жас таланттар мен сол жас буынның бойына табиғат берген талантын ашып, дарыта білген ұстаздардың еңбегіне куә болдық. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше сезіммен қайттық.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…