Қоғамда адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме білмеймін, кінәмшілдікке көп жол беретін болып кеттік. Осы тұрғыда «Заман бұзылды», «жастар-мейрімсіз», «қазіргі қыздар тәрбиесіз» дегенді жиі естіп жүрміз. Кейінгі кезде осы жағдай мені де көп ойланандырады. Шынында, біз неге тек кінәләйміз, неге қоғамды қайтсек өзгертуге болады дегенді ойламаймыз. Иә, бүгінгі қоғамда мейрімділік, кішіпейілдік, қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттер азайып бара жатқандай көрінеді. Осындай құнды адами қасиеттерден алшақтап бара жатқанымызға тек өзіміз кінәліміз. Осыны мойындап, жағдайды өзгерту өзімізден екенін түсініп, әрекет етуіміз керек. Бүгінгі қоғамдағы қарым-қатынасты саралайтын болсақ адамдар бір-біріне мейірімділік танытудан қалып бара жатқандай көрінеді.
Бұрынғылардан қалыптасқан үлкенге құрмет, кішіге ізет деген ұғымға қазіргінің адамдары аса мән бермейтін сияқты. Бір-бірімізді ағалаудың орнына табалауға дайын тұрамыз. Жастарды тәрбиелейтін өзіміз екенін естен шығарып, оларды жөнсіз кінәләйміз. Әйтеуір өз кемшілігімізді мойындаудан аулақпыз. Менің пайымдауымда, осының бәрі – отбасындағы тәрбиенің осалдығынан болып жатқан жағдай. Отбасылық құндылықтардың әлсіреуінен қоғамдағы адамгершілік қатынастар өзгеріп жатыр.
Атам қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген емес пе? Үйдегі ата-ананың тәрбиесі өте маңызды. Дана халқымыз ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне ерекше мән берген.Әсіресе қыз тәрбиесін үнемі назарда ұстап, «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген. Қызды тәрбиелеу арқылы ұлтымызды тәрбиелейтінімізді естен шығармаған жөн.
Соңғы кездері уақыттың жылдамдығы адамдарды өз иіріміне орап алды ма, әйтеуір, бір-бірімізге мейрімді қарым-қатынас жасауға уақыт жеткізе алмай жатамыз.Өзгенің ұл-қызы былай тұрсын, өз баламызға дұрыстап көңіл бөлуден қалып барамыз.Немерелеріне ертегі айтып, әлдилеп ұйықтататын әже сиреп барады. Керісінше, немерелерімен тұрғысы келмейтін үлкендердің қарасы көбейгендей көрінеді.
Біз қоғамды қайырымды етуіміз үшін ұлттық болмысымызды түзеуіміз қажет, адами құндылықтарды жас буынға дәріптеп, өзіміз үлгі болғанымыз дұрыс. Біз дегенім аға буын ақсақалдар, аналар, әжелер. Жасыратыны жоқ, кейбір үлкендеріміз өз ана тілінде сөйлеуді қойған. Немерелерімен орысша тілдеседі, орысша тәрбиелейді, орыстілді мектепте оқытады. Мейлі оқытсын, бірақ отбасында қазақтың тілі мен салт-дәстүрін үйретсін. Адамгершіліқ құндылықтар ананың сүтімен, әкенің өсиетімен, тәлім-тәрбиесімен қалыптасады.
Қоғамды қайырымды жасау үшін бірінші отбасындағы тәрбиені күшейту қажет, екіншіден, балабақша, мектепте сапалы білім берумен қатар, ұлттық тәрбие беру ісін үнемі назарда ұстау маңызды. Үшіншіден, қоғамдағы тәрбиені қалыптастыруға әкелер, аналар, әжелер мектебінің жұмысын жандандыру керек. Сонда біздің ұлттық құндылықтарымыз, қазақи салт-дәстүр, адамгершілік, сыйластық, мейрімділік сияқты адами қасиеттеріміз жаңғырады, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады. Ақыл айтып кеткендей болмайын, бірақ біз айтпасақ, зейнетте жүрген үлкендер тәк демесе, ұрпағымыз қайда барады. Үлкендер іс-әрекетімізбен, жүріс-тұрысымыз бен сөйлеу әдебімізбен үлгі болғанда ұрпағымыз саналы болмақ. Бір шаңырақ астында қаншама ұлт пен ұлыс өз салт-дәстүрлерін сақтай отырып, Қазақстан деген ортақ үйдің адамдарымыз, ниетіміз де, пейіліміз де бір деген ұғымды санамызға сіңіргенде өміріміз бүгінгіден де жарқын бола түспек.
Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
ҚХА жанындағы аудандық аналар кеңесінің төрағасы