Басты бет Мәдениет және руханият МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛДІ

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛДІ

0
349

Мәдениет – кез келген елдің рухани қазығы! Мәдениеті дамыған елдің өркениеті де өз биігінде болатындығы сөзсіз. Осы орайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», — деп айқындап өткен болатын. Мәдениетімізге баса мән беруді маңызды деп санаған Президентіміз елдің еңселі болашағының бір ұшы мәдениетте екендігін осы сөзімен-ақ нақты ұғындырғандай болды. Бұл орайда біздің мемлекетіміздің мәдениетінің әлем елдері алдында және тарих сахнасында алар орны ерекше. Оған біздің ғасырлар бойы қалыптасқан, тамыры тереңге тартқан ұлттық төл өнеріміз бен мәдениетіміз өзінің айтарлықтай зор үлесін қосып келе жатыр. Осы рухани саланың майталмандары да мойындарында ауыр әрі жауапты жүк тұрғандығын жанымен сезінуі тиіс. Елдің мәдениеті мен руханиятының көшін алға сүйреп келе жатқан өнер және мәдениет қызметкерлерін жылына бір рет құрметтеп, мәртебесін асқақтатып қоятын айрықша күн бар.Еліміздің мәдени салада қарқынды қадам жасауы үшін өздерінің сүбелі үлесін қосып жүрген мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің төл мерекесі әр жыл сайын мамыражай мамыр айында атылп өтіледі. Биыл да игі дәстүр әр өңірде жалғасын тауып жатты.

Ауданымыздың мәдениет саласында тер төгіп,  ұлттық өнерді ұлықтап жүрген және кітапхана ісініде үздік атанып жүрген өз ісінің нағыз мамандары осы айтулы мерекеде үлкен құрметке ие болды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі арнайы шара ұйымдастырып, аудандық мәдениет үйінде, аудандық театр арнасындажәне аудандық кітапхана желісінде еңбек етіп жатқан барша өнер қызметкерлерінің мерейін бір өсіріп тастады. Шараға аудан әкімі арнайы қатысып, өзінің құттықтау лебізін жеткізіп, осы өңірді өздерінің өнерімен өрнектеп, бойындағы табиғат дарытқан дарынын ауданның мәдениетінің дамуына жұмсап жүрген жандарды алғыс хатымен және құрмет грамотасымен марапаттап, шынайы құттықтауын арнады. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсеитов те мереке иелерін айтуыл күндерімен құттықтап, алғыс хаттарымен марапаттады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Құндыз Сабырбайқызы да өзінің әріптестеріне деген жүрекжарды лебізін ақтарып айтты. Шараның соңынан арнайы мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама тарту етілді. Мәдениет пен руханияттың жүгін арқалап болашаққа қарай көш бастап бара жатқан ерекше мамандық иелеріне деген құрмет мұнымен біткен жоқ. Сый-құрметтің үлкен 21 мамыр күні облысымыздың орталығындағы ұйымдастырылған ауқымды шарада көрсетілді.

Осы орайда Алматы облысы да өзінің мәдениет және өнер майталмандарын айтулы мерекеде марапаттап, мәртебелерін бір асқақтатып тастады. Әр ауданның мәдениет үйлері мен кітапхана, музей, мұрағат, театр, ансамбль және басқа да мәдениет пен өнерге қатысы бар барша маман иелерін Қонаев қаласының төріндегі мәдениет үйіне шақырып, арнайы мерекелік шара өткізді.Біздің ауданымыздан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Құндыз Сабырбайқызы бастаған, аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ешмұхметқызы қоштаған, аудандық «Қарадала» халықтық театр директоры Еркебұлан Нұржақып, аудандық кітапхана директоры Аида Джапарқызы,  «Жазерке», «Арзу» халықтық ансамбль жетекшілері мен белді мүшелері, тағы басқа да марапат пен сый-құрметке лайық мамандар барып қатысты.Іс-шара барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы өңірде саланы өркендетуге өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандарды құттықтап, арнайы ақжарма тілегін айтып, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен облыс әкімдігінің атынан шын жүректен құттықтап, қиын да жауапкершілігі мол жұмыстарында толағай табыстарға жетуін тілеп, зор құрметін білдірді.

Мереке аясында бірқатар қызметкерлерге Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлының алғыс хаты және Құрмет грамотасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғыс хаты,«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалі табысталды.

Оған қоса жеке өнер иелері мен ұжымдары арнайы номинациялар және ақшалай сыймен марапатталды. Номинацияларды Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбеков, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ағаларымыз табыстады.

Осы орайда бізің ауданымыздың мәдениет үйі «Ең үздік мәдениет мекемесі» деп танылып, бас жүлде — «Шевролет Кобальт» автокөлігінің кілті табысталды. Облыс әкімдігі тарапынан берілген күтпеген тосын сый ауданымыздың мәдениет саласындағы табанды еңбек пен теңіздей төгілген терге берілген шынайы баға деп білеміз. Сонымен қатар, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің белді мүшесі Болысбек Мондыбековке, аудандық кітапхананың кітапханашысы Әбзелхан Малдыбековаға ұсынылды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласып, сахна төрінде Сәкен Майғазиев, Гүлнұр Оразымбетова, Өмірқұл Айниязов, Шаба Әденқұл, Құдайберген Бекіш, Медет Орынбаев, Мирас пен Құралай сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетті. Сонымен қатар, өңіріміздің өрелі өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.

Адам бойына табиғатынан даритын аса  құнды талант иелері мәдениет пен өнер саласының майталмандары осы жылғы төл мерекелерін ерекше толқынмен атап өтті деуге болады. Ауданымыздың мәдениетінің ауыр жүгін арқалаған жандар Алатаудың баурайындағы Алматы облысының орталығынан тынымсыз еңбектің жемісін көріп қайтты.

Осылайша ортамызға олжалы болып оралған өнер және мәдениет саласының мамандары ауданымыздың мәртебесін көкке көтеріп тастады.Етілген ерен еңбек, төгілген маңдай тер, үздіксіз ізденістер мен асқан жауапкершілік осылай жоғары бағаланып жатса болашақта одан да үлкен жетістіктер мен жемісті жұмыстардың айқын кепілі болатындығы сөзсіз! Ауданымыздың мәдениетінің мәртебесі асқақтай берсін!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…