Басты бет Заң және қоғам ҚҰМАР ОЙЫНЫНА ҚҰМАРЛЫҚ АРТУДА

ҚҰМАР ОЙЫНЫНА ҚҰМАРЛЫҚ АРТУДА

0
1,006

Баяғыда аталарымыз бастары қосыла қалса карта ойнайтын. Бірақ қаржы тігіп емес, уақыт өткізу, қауқылдасу, әңгімелесу үшін деп ойлаймын. Өйткені құрдастарының басы қосылғанда қазанға ет салынатын, ол піскенше карта ойналатын. Ол әр ауылда кездесіп тұратын құбылыс еді. Ақшаға да ойнайтындар шығатын. Ол да қомақты емес, ұсақ тиын-тебенге. Ал қазір әлеуметтік желіде де, басқа да ақпарат көздерінде ойынқұмарлық немесе лудомания – әлемде жедел қарқынмен жайылып бара жатқан алапат эпидемия, жас талғамайтын психикалық індет екендігі ашық түрде жария етілуде. Ондағы ақшаларды естісеңіз төбе шашыңыз тік тұрады.

Бұрын казино, карта ойнау секілді тікелей қарым-қатынас арқылы жүретін құмар ойындар интернеттің және TikTok секілді әлеуметтік желілердің пайда болуы­мен аясы бұрынғыдан кеңейіп, тартымдылығы ар­тып, виртуалды әлемде де өз құрбандарын көптеп құры­ғына түсіріп жатыр. Алғашқыда қаражат табу емес, жай қызық көру, дос­тарымен бірге көңіл көтеру, демалу мақсатында ғана ой­нау­дан басталатын бұл кесел өзінің құшағына қалай тартып ала­ты­нын көп адам біле бермейді. Бұл жер­дің есігін ашпау керек. Ашып, іші­не кірдің бе, қайта шығуың екіталай. Ол бүкіл өміріңді, отбасыңды, бала-шағаң­ды, туған-туысыңды, жұмысыңды, бәрін де ұмыттыратын жер. Оның жас талғамайтыны өз алдына, тіпті адамның материалдық жағдайына да қара­майды. Кедейлер мүмкін байығысы келіп баратын болар. Ал жеке кәсіптері бар, қалталы азаматтар ше? Статистикалық мәліметтерге көз жү­гіртсек, қазіргі күні елімізде 350 мыңдай лудоман бар екен. Өкінішке қарай олардың басым көпшілігі – жасөспірімдер. Ойынқұмарлықтың кесірінен жасалатын қылмыстар мен суицид оқиғалары көбейген. Ішкі істер министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, кейінгі екі жылда құмар ойын нарығы жылжымайтын мүлік нары­ғын басып озып, отандастарымыздың ең көп қаражат жұмсайтын «же­тек­ші» саласына айналған. Осы жыл­­дың бірінші жартысын­да ойын­ға кеткен халықтың таза шы­­ғыны 100 млрд теңгеден асыпты. Бұл – ІТ қызметтерге жұм­сал­ған шығыннан бес есе, жыл­жы­майтын мүлік операциялары­на қарағанда екі есеге көп көрсеткіш.

Бұл өте қорқынышты көрсеткіш. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауру деп таныса да елімізде құмар ойындардың жарнамасы­на заңды түрде тыйым салын­ған жоқ. Бұл да өкінішті жайт. Ойнап көрем деп от басқан жандардың бәрін білімсіз, ақылсыз деуге ауыз бармайды. Өзімнің жақсы көретін бауырым болған. Аузын ашса жүрегі көрінетін. Алматының төрінде үйі, жеке бизнесі, ет базары болды. Қазаны қашанда қайнап тұратын. Аңқылдап жүріп, араласпаған адамы жоқ еді. Қай сайтан түрткені сол бауырым айналдырған бір-екі жылдың ішінде үйінен, бизнесінен, мал-жанынан, асыл тұқымды аттары бар еді, соның бәрінен айырылды. Ешкім ештеңе түсінбейміз. Ауылдағы үйге қайтып келді. Анасы өзімнің әпкем. Ботадай боздайды, түсінбейді не болғанын. Казино деген бәлеге жолап қойып, соның иірімінен шыға алмай қалыпты. Достары да, басқасы да теріс айналып кеткен. Өйткені олардың бәрінен қарыз сұраған, қайтара алмаған. Қайтарам деген үмітпен ол казиноға қайта-қайта бара берген, қарызға алған ақшасын да құмар ойын­ның «құдығына» құйған. Таныстарына қарызын бере алмай жексұрын болған. Басқа амалы қалмаған соң, сөзін түсіндіре алмаған әйелі қыздарының үйіне кетіп қалады. Ана байғұс шырылдайды, қолынан келер қайран жоқ. Сексеннен асқан кейуанада не қауқар дейсіз. Байлардың қатарында шалқақтап жүрген азаматтың алпысты алқымдаған шағында көрейін дегені бұл емес шығар. Бірақ болары болды, бояуы сіңді. Бір кездері түкірігі жерге түспей тұрған азаматтың бейшара халін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Амандасайын десең бойын алып қашып, сені бірінші рет көріп тұрғандай кейіп танытады. Ұялғаны ма, әлде. Әңгімеге тартсаң, сені өтірік естімеген болады. Түрі де, бойы да, ойы да озық азаматтың басқа адам болып қалғанын көрудің өзі қасірет. Ауылдағылар да сыртынан пыш-пыштарын айтып, саусақтарын шошайтып, келемежге айналдырған. Ешқандай көмек көрсете алмайтынын бауырлары да сезеді. Өйткені қолына бес, он теңге салып қойсаңыз казиноға қарай жол тартады. Ендігі өмірінің қалай боларын кім білсін, анасы көзінің жасын сығымдап алып, сыртқа шығып кетпесін деп, өзіне қол жұмсап алмасын деп әр қадамын аңдып отырады. Қаншама жылғы еңбегі, алған білімі зая кеткеніне анасы қамығулы. Ал өзінде ешқандай сезім қалмаған, меңіреу кейіпте. Бұлайша өмір сүруге болмайтындығын түсінетін болар, бірақ одан шығуға дәрмені жоқ.

Әпкем баласын уайымдап жыласа, мен әпкемді аяп жылаймын. Мінез десе мінезі бар, білімі де бір басына жетіп артылады. Бірақ өмірі аянышты. Көмектесуге ұмтылғандардан еш нәтиже шықпады. Бала-шағасы, бауырлары шамаларының келген жеріне дейін амалын қарастырды. Санасын селт еткізе алмады ешкім. Аты айтып тұрғандай құмар ойынының құмарлығын басуға ешкімнің қауқары жетпеді. Бұл індеттен құтылу мүмкін еместігіне де көзіміз жетті. Ендігі тілек – Құдайдан қайыр болса деген үміт қана. Әй, қайдам…

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…