Ағымдағы жылы еліміздің Президенті Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын өткізіп, Тәуелсіз еліміздің жан-жақты өркендеуіне деген қадамына рухани тұрғыда қарқын қоса түсті. Әйгілі Жайықтың жағасындағы жайдары жұрттың киелі мекенінде өткізілген келелі отырыста бірқатар мемлекеттік маңызы бар сұрақтар сараланып, алдағы уақытқа атқарылуы тиіс нақты тапсырмалар мен өзекті мәселелер қойылды. Сонымен қатар, бұл құрылтайдың Ұлыстың ұлы күні – Әз наурызға және айлардың сұлтаны қасиетті рамазан айына тұспа тұс келуі де тарихқа ерекше сипатпен енуіне себепші болды. Өткен құрылтай отырыстары Ұлы дала халқының ең ұлы шешімдері қабылданған Ұлытау мен тамыры тереңде жатқан том-том тарихы бар киелі Түркістанда өтіп, өзінің өзектілігін танытқан болса, бұл құрылтай да қойнауы құт, қоржыны тарихқа бай шежірелі өлкеде өтіп, өзінің маңыздылығын айқындай алды. Осы орайда Мемлекет басшысының мына бір кіріспе сөзі жүрегіме жылы тиді.
– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деп бабадан қалған аманат жердің қадірі мен қасиетіне ерекше тоқталды ел Президенті.
Ұлттық Құрылтайдың бұл кезекті отырысында талқыланған ең өзекті тақырыптардың бірі – елдің тұтастығы, зиялы қауым өкілдерінің бірлігі, жалпы ауызбіршілік пен тұрақтылық мәселесі болды. Тағдырдың тәлкегімен қоныс аударған түрлі этнос өкілдеріне пана болған киелі қазақ даласы бүгінде көпэтносты біртұтас Тәуелсіз ел болып қалптасқандығы айқын. Осы орайда бүгінгі біздің басты байлығымыз тұрақтылық, ауызбіршілік пен ағайынның арасындағы татулық екендігі белгілі. Ал ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің бастауы зиялы қауым өкілдерінің ауызбіршілігінде екендігі баса айтылды. – Президентіміз бұл тұрғыда «Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деп ескерте келе, ел ағалары ұсақ-түйек әңгімені таласқа түсіре бермей, елдің ауызбіршілігі мен тыныштығын ойлайтын, бір ауыз дуалы сөзімен дауды тоқтатып, халыққа басу айта алатын, сөзге тоқтата алатын беделді ақсақалдар мен аға буынға айнала алу қажеттігін баса алға тартты.
Сонымен қатар, Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мұның барлығы ұлтымызды әлем алдында өзіндік құндылықтарымен бағаланатын ұлт ретінде қалыптастырушы негізгі факторлар екендігі барлығымызға белгілі. Патшамыздың пайымдауынша, еліміздегі әрбір елжанды азамат осы басты құндылықтарды берік ұстанып, жадынан бір сәт алыстатпауы керек. Осы орайда Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесетін ең негізгі рухани дәнекер. «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», — деген Президентіміздің құрылтай отырысындағы пайымды ойы әділетті Қазақстанның әділ қоғамын орнықтыратын ең негізгі басымдықтардың бірі дәл осы адал азамат ұғымына лайық болу. Бұл ұғым әсіресе бүгінгі жас буын мен өкшебасар өскелең ұрпақ үшін айтылған негізгі ұстаным екендігі айқын. Әрқайсысымыз бойымызға адал азамат ұғымын сіңіріп, атқарып отырған қызметімізде де, араласып жүрген ортамызда да, көршілік, туыстық, достық қарым-қатынаста да, Отанға да, ата-анаға, бауырға да бәріне бәріне адалдық көзқарас танытып, адалдық қатынас ұстансақ болашағымыздың бұдан да жарқын әрі әділ орнығатындығы күмәнсіз.
Қорыта айтқанда әйгілі сарайшықтың төрінде, Жайықтың жайқалған жағасында өткен жағымды жаңалығы мол, рухани азыққа бай Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қозғаған кез келген тақырып бүгінгі қоғамда өзекті және ертеңіміз үшін орны мен маңызы орасан деп сеніммен айта алар едім. Ендеше еліміздің еңселі ертеңі үшін, әділетті болашағымыз үшін жасалған тағы бір рухани қадам құтты болсын! Ұлы даланың әр өңірінде жыл сайын бейбіт әрі тату және Тәуелсіз елдің құрылтай отырыстары өткізіле берсін!
Тәуелсіздігіміздің діңгегі берік, болашағымыздың күні арайлы, егемендігіміз бен елдігіміздің ертеңі мәңгілік болғай!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы