Көктем келді деп қуанып, тіршілік атаулы қайта түлеп, ұйқыдағылар оянып, жұмыр басты пенде жаңа жыл мен жаңа күннен жаңаша үміттер мен ерекше жаңалықтар күтіп, күйбең тірлікке білек сыбана кірісіп жатты. Жер анадан нәпақасын теріп жүрген диқаншы қауым кетпен, күрегін сайлап, егіннің басына қарай бет алса, мыңғырған малынан несібесін көріп жүрген көшпенді жұрт төрт түлігін көктеуге қарай айдаймыз деп жаңа көшке дайындалып жатқан жайы бар. Бұл қым-қуыт тіршілік табан асты келетін табиғат апаттарынан ада ағайынның көктемгі күнделікті тынымсыз өмірі. Ал өкінішке орай еліміздің бірқатар өңірлерінде біз суреттегендей көктемнің белсенді тіршілігі байқалмайды. Табиғат апатына тап болып, су астында қалған ағайынның мұң-зары жаныңа батпай қоймайды. Еліміздің батыс өңірі, шығыс пен орталық аймақтары қар құрсауынан шыға алмай, көктем түгілі, қара жерді табанымен басуға зар болып, көк шөп пен бәйшешектің гүлдегенін көрудің өзі арманға айналған. Соңғы күндердегі жаңалықтардың арасында су басып жатқан өңірлердің аянышты күйі мен жиған-терген дүниесі мен мал-мүлкі топан суға кеткен қараша халықтың мүшкіл хәлінен көзің сүрінеді. Тірнектегенін баспанаға жамап, жылдап салған үйлерінің ағын судың кесірінен үйіндіге айналғанын айтып ашынған халықтың зар мен мұңға толған жан дауысы қабырғаңды қайыстырады.
Дәл қазіргі таңда ресми ақпараттарға сүйенсек, еліміздің 10 облысында су басу жағдайы анықталған. Нақтырақ айтқанда әр аймақта 100 ден астам су тасқыны тіркеліп, 300 ге жуық тұрғын үй су астында қалған. 18 қатынас жолды су шайып, екі көпір бұзылған. Әзірге бұл алдын ала болжамды ақпарат қана. Апаттың келтірген зияны мен шығыны бұнымен әлі тоқтаған жоқ. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Абай облыстарына қауіп төніп тұрғандығын хабарлады. Осы аталған тізімнің ішінде біздің Алматы облысының жоқтығы қуантады әрине. Алайда оқтын-оқтын көршілес аудандарда мінезін көрсетіп жатқан таудағы көшкіндер мен кішігірім су қоймаларын су екпіні жарып шығуы бізді де қауіп-қатерден алыс емес екендігімізді ескертіп тұрғандай болады.
Махамбетше өкінер болсақ, «Айтып айтпай не керек? Құсалықпен өтті ғой, бұл халықтың көктемі»!
Болған іс болды, бояуы сіңді, енді өкініп, өксігеннен еш қайыр жоқ. Елімізде соңғы уақыттарда трендке айналып бара жатқан жағдай, кінәлі тұлғаларды іздейміз енді. Кінәлі лауазымды тұлғаларды анықтап, тәртіптік жазасын береді-мыс билік. Одан дәнеңе де өзгермейді. Жау кеткен соң қылышыңды «басқа жаққа» шаппа деуші еді үлкендер. Кінәліні жазаға тартқаннан топан суға кеткен қарапайым халықтың үйі мен дүние-мүлкі қайтып қалпына келмейді. Опат болған төрт түлігі қайтып тіріліп кетпейді. Бұл жағдай болмай тұрып алдын алудың амалын жасау абзал болар еді. Апат айтып келмейтіндігі айдан анық дүние ғой. Жыл сайы көктемде қайталанатын қарапайым халықтың су астында қалуы, ауылдар мен елдімекендерді топан су басып кетуі, өзендер арнасынан асып, су қоймаларының жарылу салдарының жыл сайын қайталануы шенді мен шекпенділерді қарапайым халықтың жағдайы қызықтырмайтындығын биыл тағы да айқын дәлелдеп берді.
Қолына ілінген киімін түйіншекке түйіп, үйінің ішінде емес, шатырында тік ұшаққа қол созып, немесе құтқарушылардың қайығын күтіп отырған бейшара халыққа қарап отырып, «Неге?» деген астарында сан сауал бар сұрақтар көкейіңді керней береді.
– Көктем мезгілі шыға сала қыста жауған қалың қар бірден еріп, топан суға айналатындығын біле тұра неге алдын ала ауыл мен қаланы қардан тазартпайды?
– Арнасы кең өзендерді жағалай қоңыстанған өңірлерді көктем шыға сала арнасынан асқан өзен суы шайып кететіндігін біле тұра неге алдын ала өзен арналарына бөгеттер салу мәселесін қолға алмайды?
– Көктем мезгілі шыға сала ауа райының күрт жылуынан таудағы қардың еріп, ағын судың мөлшері көбейетіндігін біле тұра неге алдын ала қауіпсіздік шараларын қолға алмайды?
– Көктем туа сала жауын-шашынның толасыз жауатындығын біле тұра көлбеу ағын сулар жүретін арналар мен арық жабындылары уақтылы неге тазартылып, алдын ала неге ашылып қоймайды?
Осындай сұрақтар ашынған ағайынның көкейінде көлденең тұрғандығы жасырын емес. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соңғы жағдайларға байланысты су тасқыны қауіп-қатерінің алдын алып, тиісті шараларды жүргізбегені үшін, көктемгі табиғат апаттарының салдарына немқұрайдылық танытқаны үшін бірқатар облыс әкімдері мен үкімет басында отырған атқа мінерлерге сөгіс жариялап, атқарып отырған қызметіне сәйкес еместігін басып айтты. Енді мүлт кетсе қызметімен қош айтысатындығы айқын. Бұл ретте Мемлекет басшысының аталмыш лауазымды тұлғаларға деген тәртіптік жазасы мен қаталдығына толықтай қосыламын және бұл ел мен жердің амандығына атүсті қарап, халықтың жағдайына жаны ашымайтын шенеуніктер үшін ең жеңіл жаза түрі деп қабылдадым.
Туған үйінен табаны жерге тиіп, қара жолмен емес, қайықпен қайтып, қарашаңырағына қош айтқан қайран қараша халқым-ай. Ауылының көшелерінде қара жаяу емес, суда жүзіп жүрген жаны жомарт жұртым-ай. Биліктен келетін болымсыз көмекті күтпей, өз жарасын өзі қасып, жапа шеккен жұртқа қаржылай көмек жинауды алыстағы ағайын бастап кетті. Осындайда ет бауыры езіліп, жүрегі елжіреп, қолындағы барын бөліп беретін қаймана қазақ пен ел басына күн туғанда «етігімен су кешетін» ерлерден айналып кетесің. Ел аман болсыншы!
Баян МАМЫРБАЕВА