Басты бет Спорт АТ ҮСТІНДЕ АТОЙЛАҒАН ЖІГІТТЕР

АТ ҮСТІНДЕ АТОЙЛАҒАН ЖІГІТТЕР

0
2,319

Ұлттық спорт дегеніміз – жауынгерлік жаттығу. Бұған көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату (жамбы ату), бәйге түрлерін жатқызуға болады. Қай заманда болсын дайын­дығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар шайқаста жеңіске жетеді. Сол себепті, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзін­де сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырған. Яғни, шайқас кезінде жауынгер қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде үздіксіз дамытқан. Әрі қомақты бәйге тігіп, жауынгерлерді ын­таландырған. Мысалы, көкпарды ала­йық. Бұл жауынгердің ат үстін­дегі ептілігі мен тақымын шынық­тыратын жаттығу. Шайқас ке­зінде жолдасың жараланып аттан ауып барады… Оның денесін жерге түсірмей іліп алып құтқару керек. Немесе жау сарбазының та­қымға басқан жарағын тартып алу қажет. Осындай жағдайда көкпар тартып шыныққан жауынгер қиналмай-ақ жеңіске жетеді. Аударыспақ ше? Дала сарбазы үшін жауды ат үстінен аударып тастап, астындағы тұлпарын олжалау немесе қиын-қыстау сәтте қарсыласқан жауға найзасын тіреп, ердің үстінен аудару сияқты жауынгерлік жаттығуды жетілдіретін тәсіл. Теңге ілудің де ілкідегі ма­ңызы осы тектес. Мысалы, шай­қас кезінде қорамсақтағы оғыңыз тау­сылды. Жау ентелеп келе жа­тыр. Қайтесіз, атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан жебе­лерді теріп аласыз немесе жау­дың қолынан сусып түсіп кет­кен қанжар-қылышын лып еткізіп іліп алып өзіне жұмсайсыз. Мұндай жауынгерлік әдіс-тәсілді жетілдіріп отыру үшін қазақ «теңге ілуді» ойлап тапқан. Садақ ату да жауынгерлік жаттығу. Бейбіт күні садақты көп атқан сарбаздың мергендігі жетіледі, жебе тартудың машығын үйренеді. Өзінің нысанаға дәл тигізетін қашықтығын анықтап алады. Көшпенділердің аса бір қадір­лейтін адамы осы – мергендер, яғни жамбы ату шеберлері. Осындай ұлттық ойындарымызды дәріптеу, насихаттау мақсатында дүбірлі дода өтті.

Шонжы ауылының күншығыс жағына орналасқан ипподромда Алматы облысы спорт басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық ат спорты түрі көкпардан ересектер арасында, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан 2004-2006 жылы туған жастар арасындағы Алматы облысының чемпионаты өтті. Делебесі қозған жастар жағы көбірек көрінді. Әр ауданнан келген атқұмарлар желпініп, жарыс алаңына жинала бастады. 7 командадан 200 ден спортшы додаға түспекші. Арнайы жасалған сахна төріне құрметті қонақтар көтерілді. Шараны жүргізуші додаға түсетін атбегілермен таныстырды. Көштің басын Қонаев қаласының шабандоздары бастады. Онан соң Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарының спортшылары сап түзеп ортаға шықты.

Жарыстың шымылдығын аудан әкімі Бота Елеусізова ашты. Алыстан аттарын терлетіп келген шабандоздарға сәттілік тіледі. Қазақтың кез келген спорттық жарыстары аттың үстінде өткендігін, бүгінгі доданың басты мақсаты ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық ат спорты түрлерін дәріптей отырып жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту, отансүйгіштікке және патриотизмге баулу. Ат спорт түрлерін ұлттық идея деңгейіне жеткізіп, халықаралық аренадағы беделін көтеру екендігін айтты. Қазақтың баласы ат үстінде өскен, ат үстінде шыңдалған, ат үстінде жүріп елін қорғаған. Сондықтан бүгінгі чемпионатта шынайылық пен әділдіктің туы биік болсын. Ат үстінде рухымыз асқақтасын. Тартысты додада нағыз мықтылар жеңсін, төрешілерге әділдік, спортшыларға сәттілік тілеймін деп ақжарма ниетін ақтарды.

Сонан соң құттықтау сөзге шыққан Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков ауданымызда екінші рет өтіп жатқан ұлттық спорт чемпионатына келгендерге сәттілік тіледі. Ұлттық спортты дамытуды қолға алуда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бар екендігін есімізге салды. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан кіл мықтылар іріктелейін деп тұр. Осы додада жеңіс тұғырына көтерілгендер Алматы облысының намысын Астана қаласында өтетін көшпенділер жарысында қорғайтын болады. Сондықтан нағыз мықтылар іріктелсін, облысымыздың намысын қолдан бермейтін жігіттеріміздің бағы жансын, – деген ниетін жеткізді. Алматы облысының көкпар федерациясының президенті Сәбит Қасенов ортаға шығып, ұлттық ойындарға соңғы кезде көп көңіл бөлініп келе жатқандығын, бүгінгі сайыс ат үстінде өтетін ептілер мен мықтыларды анықтайтын жарыс болсын, – деген тілегін жеткізді. Алматы облысының көкпаршылары халықаралық жарыста бірінші орынға ие болғандығын мақтанышпен жеткізді.

«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген халық даналығы айтпақшы тұлпарларымыз сүрінбесін, шабандоздар құламасын деген ниетпен жарыстың ақ батасын ауылымыздың абыройлы ақсақалы Тәліпхан Абиров берді. Көк туымыздың аспанда мәңгілік желбіреуін батасына қосқан ақсақал жастарымыздың тек ат үстінде ғана емес, өмірде де сүрінбеуін тіледі.

Жарысқа төрешілік ететін алқалы топ орындарына жайғасты. Үш күнге созылған жарыстың қорытындысына аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев қатысты. Әр ауданнан үміттерін үкілеп келген спортшылар жарыс мәресіне жетті. Жамбы ату 3 стильде өтті.Түрік стилі бойынша алтын алқаны Жарылқасын Бекарыс мойнына ілсе, күміс алқаны Сәрсембай Ерғазы иеленді, қола медальды Қазыбек Асылбек місе тұтты. Корей стилі бойынша алтын Шарынбай Мадиярға, күміс Қазыбек Асылбекке, қола Жанбырболат Аружанға бұйырды. Қазақ стилінде алтынды Қазбек Асылбек, күмісті Шәріп Алмас, қоланы Миравилдаева Аружан иеленді. Бұл сайыста командалық есеп бойынша Қарасай ауданы бірінші, Қонаев қаласы екінші, Еңбекшіқазақ ауданы үшінші орынға табан тіреді. Аударыспақ бойынша 55 кг салмақ дәрежесі бойынша алтын Төкенұлы Руслан  (Райымбек ауданы), күміс Ермухамбет Али (Кеген ауданы), қола Оразбек Асхатқа (Кеген ауданы) бұйырды. 57 кг салмақ дәрежесі бойынша кегендік Даулетхан Мухамет алтыннан алқа тақса, райымбектік Сүлеймәді Рустем күміс, еңбекшіқазақтық Нурамбек Мирас қолаға ие болды. 95 кг салмақ дәрежесі бойынша Райымбек ауданының намысын жыртқан Әбетай Сұңғат алтын алса, ауданымыздың спортшысы Мақсат Алихан күміске қол жеткізді. 95 кг салмақтан жоғары дәрежесі бойынша жерлесіміз Өркенұлы Бейбарыс алтынды қанжығасына байлады.

Көкпардан ересектер арасында біріншілікті Жамбыл ауданы алса, екінші орынды Кеген ауданы, үшінші орын Райымбек ауданына бұйырды.

Көкпардан ең үздік салымшы Райымбек ауданынан Абай Мағжан, ең үздік қорғаушы Жамбыл ауданынан Ноғайбек Дулат және ең үздік ойыншы Кегеннен Серікжан Бағдаулет деп танылып, өздеріне тиеселі сый-сияпаттарын алды. Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орын Райымбек ауданының еншісіне, екінші орын Кеген ауданына, үшінші орын Қонаев қаласының спортшыларына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен, ақшалай сертфикаттарымен марапатталды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…