Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлылықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдасы өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді.
Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп-жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейғам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің Иесі бар екенін, өзінің әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Оразаны хадисте келгендей, иман келтіріп, бір Алланың ғана разылығы үшін ұстауымыз қажет. Дегенмен де, Раббымыз бір құлшылықтың өзінде бізге қаншама пайдалы сый берген екен. Сол үшін де ораза нығметін дұрыс пайдаланайық. Ораза кезінде айтылатын жарапазанның мән-мағынасын соңғы кезде насихаттау, дәріптеу жұмыстары жақсы жолға қойылды дей аламыз. Оның көріністерін әр ауылдағы жарапазаншылардан көріп жүрміз.
Жақында Шошанай ауылының тұрғындары Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылына жарапазан айта барып, ауызашар беріп қайтты. Бұл біріншіден адамдардың шалғай жатқан ауыл тұрғындарымен байланыстарын жақындастырса, екіншіден ежелден келе жатқан дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатын көздеген болатын. Шошанайлықтар Сарыбастаудың мешітінде 200 адамға ауызашар беріп, жарапазан айтып, ауыл адамдарының көңіл-күйін көтеріп қайтты. Туыс болмаса да бірін-бірі бауырындай көріп, құшақтарын ашып, мәре-сәре болған жұртты көрудің өзі бір бақыт. Шағын ғана ауылдың көшелері асфальттанған, 30 адамға лайықталып салынған заманауи қонақүйдің өзі ауыл көркін аша түскен. Жастардың спорт сарайы қандай көркем. Ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын көріп қуандық. Араға бір-екі күн салып сарыбастаулықтар Шошанайға келді. Жарапазан айтып, ауызашар беріп, айлардың сұлтанына құрмет көрсетті. Сарыбастаулық азамат екі адамға қажылыққа жолдама беріп, жастардың салынып жатқан саябағына көрімдіктерін ұсынып, қайырымды істің жалғасын сабақтастырды. Олай дейтініміз кезінде ауылдағы мешіт құрылысына қомақты қаржылай көмек берген де осы жігіттер болатын. Бұл жолы да қолдарынан келген көмектерін аямайтындықтарын айтып, ауылдың ажарын ашуға атсалысатындықтарына сендіріп кетті.
Жақсы сөз – жарым ырыс. Екі ауылдың арасына салынған көпір тек қана жақсылыққа, қуанышқа қызмет етсін деп тіледік. Пейілдері шалқардай, ниеттері аппақ қардай адамдардың бір-біріне мейірім-шапағаты үзілмесін. Алла жар болсын. Қасиетті оразаның басты ұстанымы да осы ғой.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ