Басты бет Спорт ЕЛІҢ СЕНІ ЕЛЕСЕ, ЕҢБЕГІҢНІҢ ЖАНҒАНЫ

ЕЛІҢ СЕНІ ЕЛЕСЕ, ЕҢБЕГІҢНІҢ ЖАНҒАНЫ

0
1,878

Ой мен ақылдың ойыны саналатын тоғызқұмалақ – бабалардан мұра болған ұлттық ойындардың бірі. Адамның ой-өрісінің дамуына, танымының артуына тікелей ықпал ететін тоғызқұмақты дала даналары аманат етіп, бүгінгі күнге жеткен. Қазіргі кезде елімізде аталмыш ойын қарыштап дамыған. Әсіресе еліміз егемендігін алғаннан соң ұлттық құндылықтарымызды төрге оздырып, талайдың таңдайын қақтырған тұста тоғызқұмалақ та көптің қалауына айналды.

Жуырда Қарадаланың төсінде ұлттық ойынның көрігі қызып, ұлы ұстазға құрмет көрсетілген кереметтей іс-шара өтті. Қазақстан Республикасының спорт шебері, спорт ардагері Мусаева Күлсін Қызайбекқызының құрметіне арналған “Елің сені елесе, еңбегіңнің жанғаны” атты облыстық ашық турнир үш күнге созылып, жан-жақтан жиналған жеткіншектер бақ сынады.

Шонжы ауылындағы Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте өткен турнирдің ашылу салтанатына Күлсін Қызайбекқызының шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінен жиналыпты. Өздеріне тәлім мен тәрбие берген, үлкен өмірлерінде бағдаршам болар бағыт нұсқаған ұстаздарына деген құрметтерін гүл шоқтарымен көрсетті. Мектеп ауласына енген сәттен бастап құшағы гүлге оранған ұстазды қошеметтеп, төрге оздырған шәкірттері ерекше лебіздерін де арнады. Алматы облысының әр ауданынан, тіпті Тараз қаласынан келген Күлсін апайымыздың әріптестері еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленіп жатқанына қызыға да қызғана қарайтындарын жеткізді. Әр ұстаздың арманы – шәкіртінің биікке самғауы. Күлсін Қызайбекқызы да өз шәкірттеріне тек спортты дарытып қоймай, аналық ақылын да берген. Оны ақжарма тілегін ақтарған әр шәкірті айтып жатты.

1958 жылы 2 қаңтарда қасиетті Қарадаланың Диірмен ауылында дүниеге келген Күлсін апайымыз талай жолды жүріп өтіп, өзін сан салада сынап, 1986 жылдан бастап тоғызқұмалақпен айналысады. Ұйғыр ауданында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары бөліміне жауап беріп, осы үш ойын түрінің дамуына өз үлесін қосады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек ете жүріп, жас жеткіншектердің ынтасын арттыру мен қызығушылығын оятуға бар күш-жігерін жұмсайды. Түрлі турнирлар мен облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға шәкірттерін баптап қосып, жетістіктерге жетеді. Тоғызқұмалақшы ұл-қыздардың талай тартысты додада топ жарып, биіктерден көрінуіне барын салып еңбек етеді. Өзі де 1995 жылы республикада чемпион атанады. Қарадаланың қарадомалақтарын ақыл-ойдың ойынына баулып, 2014 жылға дейін тер төгеді. 2014-2018 жылдары осы ойын түрін Жамбыл ауданының жеткіншектеріне жеткізеді. Ал 2018 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Кеген ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істейді. Қарадалаға ғана емес, Кеген ауданына да тоғызқұмалақ ойынын алып барып, ондағы балалардың зейінін ашуға атсалысып келеді бүгінде. Кегендік жасөспірімдердің топ жарып, талай тартысты жарыстарда жоғары орындардан көрінуіне Күлсін апайымыздың еңбегі орасан екендігін Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Азамат Дүмбіров те екшеп атап өтті. Ұйғыр аудыны әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев та, Ұйғыр аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жиһангер Мажитов те, Тараз қаласынан келген әріптесі Мейрам Ноғайбаев та Күлсін Қызайбекқызының өз ісіне деген жауапкершілігін, талапшылдығын сөз етті.

Тоғызқұмалақтан Қазақстанның чемпиондарын тәрбиелеп, өзі де бірнеше мәрте чемпион атанып, облысымыздағы алдыңғы қатарлы тренерлердің бірі де бірегейі болып отырған Күлсін Қызайбекқызына бұл күні алғысын арқалатпаған жан болмады. Оның ерен еңбегі айтылып, тілектер ағылды. Өзі тәрбиелеген шәкірттер бүгінде еліміздің әр саласында еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өзіндек үлестерін қосып жүр. Олардың ыстық ықыластары да Күлсін апайымыздың нағыз ұстаз болғандығын дәлелдеп бақты.

Мінбеге көтерілген Күлсін Қызайбекқызы болса өзіне көрсетілген құрметке реқметін айтып, төбесі көөке бір елі жетпей тұрғанын жеткізді. Өзінің түймедей деп жұрген еңбегін таудай етіп көрсеткен ел-жұртына, шәкірттеріне ризашалығын білдірді. Ақ тілек пен ыстық ықылас жауған шараның аяғы облыстық турнирмен жалғасты. Ашық турнирға 7 командадан 50-ден астам спортшы қатысып, бақтарын сынады. Талабы таразыға салынған жас спортшылар үш күн сайысып, кіл мықтылар жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша Қарадаланың тағы бір тумасының мерейі үстеп болып, еңбегі еленді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Спортты серік еткен

Жас буынның арасында бүгінде спортқа ден қойып, бос уақытын саламатты өмір салтына арнап, …