Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысы тұрақты жүзеге асып жатады. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар, әсіресе кәмелеттік жасқа толмағандар арасында түсініспеушіліктер, тіпті заң бұзушылықтар болып тұратыны өтірік емес. Әрине олардың барлығын қадағалау ең алдымен ата-анаға, сонан мектеп әкімдігіне, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі арнайы инспекцияға міндетті. Десек те бала болған соң кейде заңға томпақ келетін әрекеттерге баруы да заңдылық болар. Үйдегі тәрбиеге мән бермеудің кесірінен аудандық комиссия мүшелерінің алдына келіп жататын жайттар көп болмаса да кездесіп отыратынын айтқымыз келеді.
Комиссия құрамының өзгеруіне байланысты аудан әкімінің 16.02.2024 жылғы № 46 қаулысымен аталған комиссияның жаңа құрамы келісіліп, бекітілді. 2024 жыл 4 қаңтарында бірінші отырыс өткізіліп, онда 6 мәселе қаралып, 1 ата-анаға айыппұл салынды.
8 ақпан күні тағы да отырыс өткізілді, мұнда да күн тәртібіндегі мәселемен қатар жоспардан тыс 19 мәселе қаралды. Комиссия мүшелері алдында аудандық ішкі істер бөлімінде есепте тұрған жасөспірімдердің және аз қамтылған, сәтсіз отбасында тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмаған балалармен және отбасымен жұмыс жүргізу туралы АПБ ЮПТ аға инспекторы, полиция лейтенанты А.Аватбекова баяндама жасады. Онда ол аудан көлемінде жасөспірімдер арасында орын алып отырған қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтар жайына тоқталды. Баланың бастапқы тәрбиесі үйден, шаңырақтан басталатындықтан ата-ананың рөлі туралы көптеген жайттарды баян етті. Қаралуға тиісті болған 19 іс бойынша тиісті қаулы қабылданды. Онда ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 127 бабымен 4 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 9-іс бойынша мәселенің ақ-қарасы анықталып, құжаттар қайта қаралып қысқартылса, 2 ата-анаға ауызша ескерту берілді. 1 іс аудандық білім бөліміне жолданып, одан нақты жауап алынды. Комиссия мүшелері қатысып, жиналған құжаттар бойынша хаттама әзірленіп, орындалуы жөнінде тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында тек жасөспірімге ғана емес, ата-анаға да қатаң ескерту, сөгіс беріліп, жауапкершілікке тартылатындығын ескерткіміз келеді. Соңғы кезде балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары жиілеп кеткендігі жасырын емес. Қырғызсай ауылында комиссияның көшпелі отырысы өтті. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, суицидтің, жыныстық қол сұғушылықтың және физикалық, психикалық, зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған бұл бас қосуға ата-аналар комитетінің төрайымдары, ауылдың белсенді азаматтары, жігіт ағалары, учаскелік инспектор, ауыл жастары шақырылды.
Отырыс барысында мектеп директоры, мектептің әлеуметтік педагогы, педагог-психологы және құқықтық менеджерінің баяндамалары тыңдалды және ата-аналар өз ойлары мен пікірлерімен бөлісті.
Жиында полиция бөлімінің өкілдері ата-аналарға балаларды түнгі уақытта үйден тыс жерде болуын, көшелерде бейберекет жүруін қадағалауды, сонымен қатар мәжбүрлі жұмысқа тартуға жол бермеуді, сабаққа уақтылы баруын, сабақтан тыс уақытта оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында балаларға жеңіл автокөліктерді, оның ішінде қытайдан әкелінген мотоларды пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Оның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып, баласы үшін ата-ананың жауапқа тартылуы мүмкін дегенді түсіндірді. Балалардың қауіпсіздігі бірінші кезектегі мәселе болғандықтан, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде алаяқтардың саны күннен күнге өсіп келеді, телефон арқылы беймәлім адамдармен хабарласып, түрлі алдап, арбау арқылы жеке тұлға жөнінде мәлімет сұрау фактілері жиілеп кеткен, осы мәселеге аса сақтықпен қарауды өтінді.
Медицина саласының мамандары жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің кездесіп отырғандығын жасырмады. Сондай әрекеттерге қыздардың арандап қалмауына жол бермейік, – деген ойларын ортаға салды.
Комиссия мүшелері кәмелетке толмаған балалардың тәрбиесіне, білім алуына немқұрайды қарауға болмайтынын және ол тек мектепте ғана емес сонымен бірге отбасында да болуы керек, тіпті бүкіл қоғам болып атсалысу керектігін айтты.
Сондай-ақ, әр ай сайын прокуратура органдары құрған мобильді топ «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында сәтсіз отбасыларды, өгей әкесімен бірге тұратын кәмелет жасына толмаған балалардың отбасыларын аралап, мектеп психологтарымен, дәрігер мамандармен бірлесе арнайы рейдтерді жүргізіп келеді. Бұл әрине барлық мәселені шешіп тастамайды. Дей тұрғанмен құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, ата-аналардың өздерін жауапқа тартып, баланың тәрбиесіне қоғам болып атсалысқанда нәтиже болары анық.
Өскелең ұрпақты ата-әжесінің тәрбиелі де мағыналы, өнегелі сөздерімен, үнемі айтылып отыратын жақсы қасиеттерді бойына сіңіре отырып, үлгі болуға, оның ішінде, сабақтан тыс уақытта телефон көру емес көбірек әдеби тарихи кітаптарды оқытуға тырысайық. Бір комиссия мүшелерінің шешімімен немесе оның қаулысымен проблемалар шешіле қоймайды. Балаларымыздың бақытты, қоғамға лайықты болып өсуіне бәріміз жауаптымыз. Сабақтарын жақсы оқып, өнерге, спортқа, мәдениетке баулып өссе ел ертеңі жарқын болмақ.
Гүлназ ИБРАГИМОВА,
аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы