Басты бет Жастар саясаты МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРГЕ МОЛ МҮМКІНДІК

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРГЕ МОЛ МҮМКІНДІК

0
438

Мемлекеттің мүддесі жолында, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек ету, артылған ауқымды жауапкершілікті жанымен сезіну, антына адал болу, ашық әрі әділ қызмет ету – бұл мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс құндылықтар мен адами қасиеттердің негізгілері. Осындай ізгіліктерді бойына жинаған әрбір жоғары білімді азамат мемлекеттік қызметші атанып, халқына қалтқысыз қызмет етудің даңғылына түсуіне әбден болады. Мемлекеттік қызметші мәртебесін алып, жауапты жұмысқа білек сыбана кірісу үшін жыл сайын азаматтарға үлкен мүмкіндіктердің жолы ашылып келе жатыр.

Соның бірі – «Өңірлік жастар кадрлық резерві» жобасы. Аталмыш жоба аты айтып тұрғандай еліміздің әр өңірінде мемлекеттік қызметке деген ынтасы бар, білімді жастарды кадр резерві тізіміне жасақтау. Сол тізім арқылы алғашқы тәжірибенің іргетасы бар жастарды кезегімен мемлекеттік қызметке орналастыру мәселесі, өңірлердегі кадрлық саланың сапасы мен маңызын арттыру. Осындай мүкіндіктерді аудандағы жастар арасында кеңінен насихаттап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департамент басшысы Жакупов Арсен Абзалұлы мен  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры  Абызбаев Бақдәулет Ермаханұлы арнайы іссапармен келді. Аталған лауазымды тұлғалар «Өңірлік жастар кадр резервінің талаптары мен мақсаты» тақырыбында аудан жастарымен кездесу жиынын өткізіп, бірқатар құнды ақпараттар мен мардымды мәліметтер берді. Кездесуге ауданның мемлекеттік қызмет секторында және квазимемлекеттік секторда қызмет етіп жүрген жас мамандар мен өзге де салалардың белсенді жастары қатысты.          Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Елеусізова Бота Серікқызы өзінің алғы сөзімен кездесуді ашып, қонақтарды жастармен таныстырып, алғашқы баяндаманы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департамент басшысы Арсен Абзалұлына берді. Мемлекеттік қызмет істері саласының тәжірибелі басшысы өңірлік жастар кадр резервінің басты талаптары мен негізгі мақсаты жөнінде тың ақпараттармен қамтылған баяндамасын жасап өтті. Дәл осы кадрлық резерв тізімі арқылы мемлекеттік қызметтің жоғарғы лауазымдарына кезек күттірмей жан-жақты жеңілдіктермен орналасқан азаматтар жөнінде нақты дәлелдемелер келтіре отырып, осындай мүмкіндік әрбір жастың алақанында тұрғандығын тәпкіштеп түсіндіріп берді. Екінші болып мінбеге көтерілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры  Бақдәулет Ермаханұлы да осы бағыттың айналасындағы жақсылықтар мен жобаның жастарға тиетін шапағаты жөнінде тиянақты әрі түсінікті баяндамасын жасап өтті. Әсіресе мемлекеттік басқару академиясының білім беру жүйесі, оның дипломының мемлекеттік қызмет саласындағы мәртебесі, аталмыш оқу ордасы арқылы мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру, магистратура мен докторантура дәрежесіндегі білім баспалдағы жөнінде тұщымды түсінігін беріп өтті. Осы академияға оқуға түсудің де мол мүмкіндіктері алдымызда күтіп тұрғандығын қарапайым тілмен әрі қолжетімді ақпараттармен түсіндіріп берді.

Қатысып отырған жастар арасынан көкейде туындаған сауалдар қойылып, нақты жауаптарын ала алды. Жалпы жиыннан бірқатар жігерлі жастар өңірлік жастар кадрлық резервінің тізімінен көрініп, келешегін мемлекеттік қызметпен байланыстыруға деген ынтамен шыққандығын аңғардық. Осы кездесуден кейін өңірлік жастар кадрлық резервінде біздің ауданның білімді әрі жалынды жастары көптеп төбе көрсетеді деген үміттеміз.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

«ҚАРАДАЛАНЫҢ» ҚАРА НАРЫ

Қасиетті өнердің өз көрерменіне жол тартатын сахна дейтін киелі мекені болады. Ол жер әркі…