Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңес мүшелерінен бөлек аудан әкімінің орынбасары, бөлім мен мекеме басшылары қатысты. Жиын тізгінін қолына алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Құралбек Бекмұханбетов күн тәртібімен таныстырды.
Ауданның 2023 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайын баяндау үшін мінберге аудан әкімі Бота Елеусізова шықты. Ауданның 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыттары жайлы біраз жайтты хабарлады.
Инвестиция көлемі 22 млрд. 756 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 1 млрд. 873 млн. теңгеге көбейіпті. 2024 жылға жоспар 25 млрд. 182 млн. теңгеде бекітіліп, болжам бойынша орындалады деген үміттерін де жасырмады. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 24 млрд. 518 млн. теңгеге өндіріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6 млрд. 662 млн. теңгеге азайғандығын түсіндірді. Өнім көлемінің төмен болу себебі «OTAN Green Food» ЖШС құс фабрикасының санитарлық жұмыстарын жүргізуіне байланысты екендігін айтты.
Аграрлық секторда 53 млрд. 776 млн. теңге ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, тиісті мерзімімен салыстырғанда 2 млрд. 990 млн. теңгеге көбейген. 2024 жылға жоспар 60 млрд. 182 млн. теңгеде бекітіліп, үстіміздегі жылдың 2 айдың қорытындысымен 7 млрд. 745 млн. теңгеге орындалыпты. Тиісті мерзімімен салыстырғанда 3 млрд. 148 млн. теңгеге көбейіпті.
Ауылшаруашылығы өнімдерінен 1710 га масақты дақылдары толық жиналып, 3726 тонна өнім алынғандығын тіліне тиек етті аудан басшысы.
2024 жылға аудан бойынша 29 ірі шаруашылық құрылымдарымен 3330 шаруа қожалықтарына ауылшаруашылығы дақылдарының себілетін егістік құрылымы турасында сөз қозғады. Барлық егіс көлемі 23 514 гектарды құраса, оның ішінде дәнді дақылдар барлығы – 8 925 гектар екен.
Сонымен қатар аудан шаруашылықтарында 50 гектар бақ отырғызуға ниет білдірушілер бар екендігін жеткізді. Ауданда су үнемдеу технологиясы, оның ішінде тамшылатып суғару әдісі бойынша 4 шаруашылық 450 га бақтарға қолданып келген болса, 2024 жылы су үнемдеу технологиясын 7000 гектар жерге қолдану бойынша облыс әкімдігінен тапсырма беріліпті. Бүгінгі күнге ауылдық округтерінен 4659 гектар жерге 120 шаруа қожалықтарынан тамшылатып суғару әдісін қолдануға ниет білдірілген.
Көктемгі дала жұмыстарына дизель отынының қажеттілігі және тыңайтқыштар туралы да біраз мағлұмат берді. Мал шаруашылығы, құс өндіру, жұмыртқа жайы да назардан тыс қалмады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда 238 тұлғадан өтінімдері жиналып, несие алу соммасы 1 млрд.862 млн. теңгені құрапты. Ауыл шаруашылығы техникаларының саны мен сапасы да сөз болды. Ауданымыз туризмді дамытуға өте тиімді бола тұра одан ешқандай пайда көрмей отырғанымызды жасырмады Бота Серікқызы. Арасан шипалы суларында салынған ғиматтардың қожайындары біздің ауданның тұрғындары емес, олардың көбісі, тіпті 90 пайызға жуығы қалалықтар. Олардан түсіп жатқан салықтардың да мардымсыз екендігін жасырмады. Қалдық сулардың жиналып сол аумақты саз, балшыққа айналдырып тастағанын да айтты. Осындай келелі мәселелерді бірлесе отырып, ақылдасып шешейік деп қоғамдық кеңес мүшелеріне ұсыныс тастады. Туризм саласында 64 демалыс орындары тіркелген көрінеді, 2023 жылы Арасан учаскесінде 3 демалыс орыны, Шарын шатқалында1 визит орталығы іске қосылып, 58 жаңа жұмыс орыны ашылыпты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 590 млн. 348 мың теңге түсіп, 89 840 адамға қызмет көрсетіліпті. Бұл әрине мардымсыз сан.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,9 млрд. теңгеге жетіпті. 2022 жылы құрылысы басталған №2-ші 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысанды аяқтау 2024 жылға жоспарланып отырғандығын айтты.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде 25 елді мекен толық орталықтандырылған сумен қамтылғандығын тіліне тиек етті. 2023 жылы Рахат, Ұзынтам ауылдарында сумен жабдықтау жүйесі құрылысы аяқталып, нысандар қабылданып алынғандығын, 2024 жылы Ават, Сүмбе ауылдарының су құбыры жүйелерінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталатын болады деп сендірді.
Ауданның көше жолдарын орташа жөндеуге 2023 жылға жалпы 1,2 млрд. теңге қарастырылған екен. 2024 жылы ауданның жалпы 28 шақырым көше жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 2,1 млрд.теңге қарастырылыпты.
Жоспар бойынша ауданның барлық елді мекендері газдандырылуға жатады. Оның ішінде аудан орталығы Шонжы ауылы бойынша 53,1%-ы табиғи газға қосылған. Қазіргі таңға проблемалық мәселелердің бірі Шонжы ауылындағы 30 көпқабатты тұрғын үйді табиғи газға қосуға жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаражат бөлу қажеттілігі туындап отырғандығын түсіндірді. Сондай-ақ 2024 жылы Шарын, Тасқарасу және Бахар ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
2023 жылдың бюджет шығындары 7 млрд. 986 млн. теңгеге жоспарланып, 7 млрд. 722 млн. теңгеге немесе 97,0 пайызға орындалып, жалпы 264,0 млн. теңге сомасында қаражаттар игерілмей қалды. Оның ішінде негізгі аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің құрылыс нысандарына тиесілі 223 млн.теңгені құрапты. Әлеуметтік сала, қысқа мерзімді оқыту, білім, мәдениет, спорт салалары, денсаулық сақтау бойынша да ойын ортаға салды. Әрине атқарылар шаруалар әлі көп, күрмеуін шешетін дүниелер де шаш етектен, дегенмен бірлесе отырып олардың барлығын жүзеге асырамыз деген сенімін білдірді.
Сонан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрәкім Есжан мәслихаттың атқарған жұмыстарына талдау жасады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Бахар және Ават ауылдық округ әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөнінде депутаттар алдындағы есептері тыңдалып, тиісті шешім қабылданғандығын айтты. «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумына қатысқандықтарын, жалпы депутаттардың ауданның барлық шараларында белсенділік танытып жүргендіктерін жеткізді.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Құралбек Ахметбайұлы да қоғамдық кеңестің жылдық жоспары бекітіліп, жоспарға сай отырыстар өткізіліп аудан тіршілігіне қатысты қоғамдық маңызы бар мәселелер қаралып, оларға қатысты ұсыныстар берілгендігін түсіндірді. Өткен жылы жалпы 12 отырыс өткізіліп, 29 мәселе қаралыпты. Қоғамдық кеңес мүшелері аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, аудандық су құбыры мекемесінің, аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің, аудандық электр жүйесі мекемесінің, аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімі басшыларының атқарған жұмыстары бойынша есептерін тыңдапты. Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 43 бабының талаптарына сай шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалануға құқығын беру бойынша конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбелеріне келісім берілгендігін айтты. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан өзекті мәселелер үнемі көтеріліп, ортаға салынатындығын жеткізді. Қоғамдық кеңес мүшелерінен мониторингтік топ құрылып аудан аумағындағы денсаулық және білім саласы бойынша аудан орталығындағы бес мектеп пен политехникалық колледждің жұмыстарын саралап қайтқандарын айтты. Қоғамдық кеңестің отырысында Арасан учаскесіндегі өзекті мәселелер, азық-түлік бағасының тұрақсыздығы, бюджеттің мақсатты жұмсалуы, салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасы, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық саласындағы суармалы жерлерді қайтару және егіс алқаптарын суару жүйесінің жағдайы мен каналдарды тазалау жұмыстары және басқа да өзекті мәселелерді үнемі басты назарда ұстап, өз ұсыныстарын білдіріп келеді. Атап айтқанда Бахар ауылдық клубының сапасыз жүргізілген жөндеу жұмыстары, 60 пәтерлі тұрғын үй, жаңа мектеп және медицина саласындағы модульдік пункттердің жағдайы, өрт қауіпсіздік бекеттері жайын да жасырмады.
Жарыссөзге шыққан Мирзалим Исмаилов аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын берді. Арасандағы демалыс орындары иелерінен бірдеңе өндіру қиынға соғарын ескертті. Қоғамдық кеңес мүшесі Серік Оразалиев те аудан әкімінің жұмысына өзінің жоғары бағасын берді. Идеологиялық жұмыстардың жақсы жүріп жатқандығын жасырмады. Кеңестің тағы бір мүшесі Шамахун Нурумов та жалаң цифрлардан арылатын уақыттың келгендігін айтты. Ағаштарды заңсыз кесулердің тоқтамай жатқандығын, ауылдың тазалық жұмыстарыныцң өте баяу жүргізіліп отырғандығын және басқа да көптеген мәселелерге өзінің жеке пікірін білдірді. Розахун Насыров та айтылған сөзден нәтиже шықпаса уақытымызды кетіріп қайтеміз деген ойын айтты. Тиләпжан Рахмаев та суға қатысты, әсіресе ауызсуының бау-бақша суғаруға тиімсіз жұмсалып жатқандығына наразылығын білдірді. Айтылған сыннан нәтиже шықпаса бұл қоғамдық кеңестің мүшелігінен шықпастан басқа амалым жоқ деп кесіп айтты. Ғожахмәт Қадыров та аудан әкіміне өзінің жақсы тілегін айтып, кейде бюджет қаржысының жекелеген адамдардың қалтасына түсіп кетіп жатқандығын ілік етті.
Аудан әкімі Бота Серікқызы қойылған сұрақтардың барлығына тұщымды жауап қайтарды. Ойларыңызды, сыни көзқарастарыңызды, пікір, ұсыныстарыңызды жасырмай айтыңыздар. Мен оны дұрыс қабылдаймын. Басты мақсат – мемлекетіміздің дамуы, өркндеуі, және еліміздің тыныштығы. Осы бағытта жұмылып жұдырық болайық деп сөзіне нүкте қойды.
Қоғамдық кеңес күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты саралап, көптің пікірін назарға алып, дауысқа салып, жұмысын аяқтады.
Баян МАМЫРБАЕВА