Басты бет Иман РАМАЗАН. НАУРЫЗ. ЖҰМА.

РАМАЗАН. НАУРЫЗ. ЖҰМА.

0
1,741

Биылғы қасиетті ораза айы көктемнің жарқырап шыққан күнімен, әйелдер мерекесі өте салысымен келді. Ал әз Наурыз мерекесі, Ұлыстың Ұлы күні рамазан айымен тұспа-тұс және жұмаға сәйкес келді. Бұл Жаратушының халқымызға деген сыйы, шашуы деп қабылдайық. Осындай керемет күнмен барша аудан халқын шын жүрегіммен құттықтаймын. Біздің ауданда ораза ұстаушылардың қатары жыл санап артып келеді. Әр мешітте күнде дерлік ауызашар рәсімі өтіп жатыр. Әркім шамалары келгенше ауызашарға атсалысып жатыр. Шүкір Аллаға. Ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта тірілтіп, жаңғыртып имандылық жолына бет бұрғызған Аллаға мың алғыс.

Біраз жылдан бері рамазан айында айтылатын жарапазан дәстүрін эстафета ретінде жалғастырып келеміз. Биыл бізге Кеген ауданынан жарапазан эстафетасы келді, оны біз іліп алып Еңбекшіқазақ ауданына ұзаттық. Өте тамаша дәстүр. Көршімізге, туған-туысқа деген ізгі-тілегімзді әнге қосып, рамазанның қасиетін әнмен түсіндіріп, думандаттық. Адамдардың көңіл-күйлері көтеріліп, бір-біріне жақсылық тілесіп, қауқылдасып қалды.     Жарапазан  «Жә-Рамазан»,  яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан.  Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Ата-бабамыздың бүгінгі ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарапазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңкке ие болады деген үміттеміз әрі ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғырта жүруге шақырамыз.

Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарапазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді. Әрине, айтушы өзінің қабілет-қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет-сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс-тілек те айтады. Жарапазанның негізгі мақсаты – ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді атсалыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған. Жарапазан айтқан жарапазаншыға үй иесі оянып, беліне ақтық байлап, дәм ұсынып, разы қылып шығарып салған. Жарапазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарапазан айтқан.

Жарапазан өлеңі он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады. шумақтардан құрылады. Ең алдымен, Жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Жарапазанды адам жалғыз айтпайды, оның жанында міндетті түрде қостаушысы болуы керек.Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Жарапазан — Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады». Ал М.Әуезов: «Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Жарапазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шыққан».

Үйің үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен! немесе

Айтайын, «айт» дегенде Жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.

Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін, Хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Алдыңда Нұр-Мұхаммед күліп тұрған, – деп имандылық пен жақсылыққа үндейді. Осы орайда айта кетелік, жалпы, мұсылман адам намаз оқумен ғана шектелмей, ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен тарихымызды да біле жүргендері абзал.  Өзінің салт-дәстүрін білген адам өзге ағымның жетегінде кетпейді.  Сондықтан еліміздегі әрбір мұсылман діні мен ата-баба дәстүрін қадірлеп жүруі керек.  Салт-дәстүрімізді насихаттау арқылы Тәуелсіз мемлекетімізге титтей де болса өз үлесімізді қоса аламыз.

Бахтияр АХМЕТОВ,

ауданның бас имамы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…