РУХАНИЯТТЫҢ АБЫЗЫ

0
468

Қазақ әдебиеті мен драматургиясында, аудармашылықта есімі үлкен әріптермен жазылатын бір адам болса ол – Қалтай Мұхамеджанов. Ауылда оқып, қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын бойы­на сіңіріп өскен Қалтай Мұхамеджанов екі жоғары оқу орнын Қызылорда пед­институты мен Ташкенттің өнер институтын екі курс­тан шегіншектеп оқыған Қалағаң Мәскеудің А.Н.Луначарский атындағы ГИТИС-ін «Театр тарихы мен теориясы» мамандығы бойынша үздік бітірген нағыз білімді, бесаспап жан. «Халық жауының» баласы деген таңбасы өмір жолында біраз қиыншылықты алдына тартқанмен, 1,5 ғасырға жуық тарихы бар  осы оқу орнына түсуіне  сол таңбаның оң себебі болғаны жасырын емес.

Қалағаңның көп­теген орыс достарын табуы осы ГИТИС қабырғасынан бастау алады. Оның Ташкенттен Мәс­кеуге ауысуына ақыл беріп, көмегін тигізген ұстазы, профессор Морозов Михайл Михайлович. Ол – әдебиетші, шекспиртанушы ғұ­лама ғалым, МГУ мен ГИТИС-те көп жыл дәріс оқып, талай талантты өнер иелеріне өмірлік жолдама берген ұстаз. ГИТИС-те Қалағаң белгілі театр сыншысы, театртанушы Юрий Сергеевич Рыбаковпен, Ю.Нехорошевпен  бірге оқы­ған. Ұлттары бөлек болғанымен, шы­ғар­машылық көзқарастары жақын, олар­мен ұдайы байланыста болды. Ю.Нехорошевтің «Художник» жур­налының бас редакторы, кейін  «Известия» газетінің арнаулы тілшісі болуы Қалағаңның кеңестің жоғары деңгейдегі ақпа­рат құралдарына еркін шығуына мүм­кін­дік берді. Шың­ғыс Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» спектаклі Мәс­кеудің «Современник» театрында (1973 ж.) бі­рінші рет қойылуы, Қалағаң мен Шың­ғыстың орыс достарының қол­дауымен жүзеге асқандығы тарихи шындық. Театрдың көркемдік же­текшісі, бұрыннан дос әрі сыйлас  Га­лина Волчек оның сәтті шығуына көп еңбек етті. Спектакльдегі басты рольдің бірінде Қалекеңнің досы Олег Табаков ойнайды. Мықтымын деген талай дөкейдің мысын талантымен, дарынымен басып, көш басында жүруі оның Алла берген қасиеті мен ізденісі деуге болар. Ол кісі туралы емес, сол кісінің жазғанын оқудың өзі бір ғанибет.

Өзінің жазған өмірбаянын көріңізші. Осыдан-ақ Қалтай ағамыздың шығармашылығына баға бере жатарсыз. «Мен Мұхамеджанұлы  Қалтай, Қызылорда облысы, Тереңөзек  ауданы, қазіргі «Шіркейлі»  совхозында  нағыз  берекесіз  1928  жылдың  24 желтоқсанында  дүниеге  келіппін. Әкем – Нұрекеұлы  Мұхамеджан  1888  жылы  туған, ескіше  сауатты  болған, медреселерде  сабақ  берген. Қарапайым  колхозшы  кезінде  көп  халық  жауының  бірі  атанып, 1937  жылы  25 сәуірде  тұтқынға  алынып, сол  жылы  18 шілдеде  атылып  кеткен. Шешем  1972  жылы 69  жасында  қайтыс  болды. Оларда  қалған  7 баланың  төртеуі  айдау  сүреңде  қаза  тапты. Үлкен ағам – 1925 жылы  туған, Ұлы Отан  соғысының мүгедегі. Інім – 1934 жылы туған, мұғалім. Өзім  ауыл  мектебінде  оқыдым. Мен  бесінші класта  оқып  жүргенде  соғыс  басталды. Одан  кейінгі  оқуда  береке  болмады. Тиіп-қашып  оқып, колхозда  қой бағып, почта  тасып  дегендей  тіршілікпен  жүріп, соғыс  бітісімен  оқуға  аттандым. 1945-47 жылдары  Қызылорда  пединститутында, одан  Ташкент  қаласындағы А.Н.Островский  атындағы  театр  өнері институтында, Москваның  А.В.Луначарский  атындағы  ГИТИС-те  1950-1953  жылы  оқып-бітіріп, театр  тарихы  мен  теориясының  маманы  болып  шықтым.

Әдеби  сапарым  1950  жылы  М.Горькийдің  «Мещандар»  атты  драмасын  аударудан  басталды. Одан  кейін  не  қызметтер  атқарғаным  «Личный  листок  по учету  кадров  деген  қағазда  тіркеулі. Творчествода  не  бітіргенім Қазақстан  Жазушылар  Одағының  мекемесінде – творчестволық  карточкамда  көрсетілген. Шамасы  еңбегім  ескерілген  болу  керек, 1971  жылы «Құрмет  белгісі», 1978  жылы «Халықтар  достығы» орденімен  марапатталып, 1992  жылы Қазақстан  Республикасы Президенті  жарлығымен «Республиканың  Халық  жазушысы» деген  атақ  берілді. Қазір  «Түркістан»  атты  халықаралық  газеттің  Бас  редакторымын. Бір  қатыным, екі  балам, үш  немерем  бар. Осы  байлыққа  шүкіршілік  етіп  жүрген  жағдай-ғой». Қысқа, нұсқа, әзілі мен әжуасы қоса бар. Ресмилік те бар, кішіпейілділік пен кісілік те көрініп тұр.

Кезінде Мәскеуде пьесасы қойылып, оған атақтары дардай адамдар оң пікір білдіріп, одақ көлеміндегі басылымдар жаппай мақтау жазу дегеніңізді ағысқа қарсы жүзген кемеге теңеуге болар. Сонда да кеуде керіп шалқып кетпей, кез келген нәрседен езу тартарлық дүние іздеп жүретін, бірақ сол күлкінің астарына үлкен мән жатқыза алатын Қалтай Мұхамеджановты руханияттың абызы демеуге лажымыз жоқ. Жалпы оның шығармашылығында өнер де, саясат та, адам тағдыры да, қоғам көріністері де шет қалып көрген емес. Қысқа қайырымдарының өзінен мол рухани азық ала аласыз. Абыздың өз жазғандарынан үзінділер келтірсек.

 

…Байқаңдар, ағайын, халық тарихы – киелі ғимарат. Оның есігін адал пейіл, ақ жүрекпен ашыңдар. Ал саясатқа келсек, бұл да медицина, математика сияқты қиын мамандық. Оның ішкі механизмінің тілін тауып, тамырын басу деген жыланның тісін санап, арыстанның азуын емдеуден де ауыр шаруа. Сондықтан тарихқа да, саясатқа да сақ болған жөн. Осындайлардың ортасынан шыққан не ұлттық үлгісі, не азаматтық нішәні белгісіз кейбір рухани қызметкерлер «Қазақ әлі ұлт болып қалыптаспаған, әлі этнос қалпында» дегенді шығарып жүр. Оларға айтарым, этнос дегеніміз – «биогенетическая категория» деген ғылыми тұжырымға жүгінсек, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспау пәтуасына келген күннен бастап бұл дәуірді басынан кешкен болып табылады. Ал енді «национальность» – социокультурная категория» дегенді мойындасақ, бұл дәуірді қазақ басынан кешіп келе жатқалы қай заман. Сонда біз әріге бармай-ақ, ұлттық рухани мәдениетіміздің мақтанышы Шоқан, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтарды этностың еншісіне берсек, алдымен бұлардың қай папуастардың әйелдерінен туғанын дәлелдеуіміз керек. Бұдан 1200 жыл аса бұрын Орхон-Енисей жазбасында қазақтың қолтаңбасы болғаны өз алдына. Ежелгі Шығыс пен гректердің ғажайып туындыларын ұлт жасамай, этнос жасады дегенге кім сенеді? Иллиада мен Одиссеяны немесе «Шахнама» мен «Слово о полку Игоревені» ұлт жасамай этнос жасап еді дегенге кім сенеді? Демек, этнос адам баласының балаң шағы болса, ұлт – есейген, өз тілінде әдебиет пен мәдениеттің негізін қалай бастаған шағы. Түптеп келгенде, капиталистік ұлт, социалистік ұлт дегендер марксизм алхимиктерінің сәуегейлігінен туған ұғымдар. Олар – әдейі әрбір ұлтты өз тарихынан, өз мәдени мұрасынан айыру саясатын көздеген қағидалар.

* * *

…Ұлттық идеология демекші, осы кезде баспа беттерінде «бізде ол жоқ» деп жар салушылар көбейіп кетті. Алдымен басын ашып алайық. Идея – мұрат болса, идеология соған жетудің ғылыми жолдары. Қайсы бір ұлт болмасын, оның келбетін танытатын тілі, діні, дәстүрі, тарихи өткен жолы. Жіліктеп айтсақ, ұлттық идеология бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қоятын саптыаяқ емес. Ол ғасырлар бойы қалыптасады. Оның тағдыры әріде жатыр. Керек десең, тамыры ананың әлдиі – бесік жырынан басталады. Баршаға мәлім ерлікті, адалдықты, азаматтықты, әдеп-әркенді уағыздайтын батырлар жырлары мен эпостарды былай қойғанда, мақал-мәтелдер, дуалы ауыздан шыққан қанатты сөздердің өзі идеология атаулының қай халықта болмасын қайнар көздері. Осы қазақтың бағзы заманнан келе жатқан жігіттің – өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты деген киелі ұғымдар бар. Әрбір азамат осы үш жұртқа да бірдей қамқор болуға борышкер. Осыған орай, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Үйден безсең де, діннен безбе» деген қағидалар ұлттық мұраттың қадау-қадау ережесі емес пе? Ұлан-байтақ мекеніңді қорғауда осылар қай патриоттық ұраннан кем түседі?

* * *

…Өкінішке орай, қазір дастарқан басында болсын, кейде баспасөз беттерінде болсын, зиялымын деген кейбіреулердің аузынан: «Қазақта бірлік болмаған», – деген сандырақты естігенде қарап жүріп қарның ашады. Олай болса тарихқа жүгініп көрейікші. Баршасын көзінен тізіп жатпай-ақ, екі мысал: егер бірлік болмаса, 1643 жылы Жетісудағы Салқам Жәңгірдің кезінде жоңғарлар шайқасына сонау жердің түбі қияннан, кіші жүздің Алшын руынан Жалаңтөс батыр жиырма мың сарбазымен Жәңгірге келіп, бірге шайқасып, жау бетін бірге қайтарар ма еді? Егер бірлік болмаса, о жақ бұ жағы үш жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының ең соңы – 1729 жылғы Аңырақайдағы 40 күндік қиян-кескі шайқасында Ұлы жүз сарбаздарын Саурық батыр, Орта жүз сарбаздарын Қаракерей Қабанбай, Кіші жүз сарбаздарын Тайлақ батыр басқарып, арыстандай алысып, түбегейлі жеңіске жетер ме еді? Осыдан артық бірлік-берекенің үлгісі болар ма? Өзіңіз қараңыз, мына дүниежүзінде көлемі жағынан 9-орын алатын байтақ мекенді бізге сан ғасырлар бойы не қытай, не орыс, не фарсы қорғап берді ме? Білетіндердің есебі бойынша, осы жер үшін кейінгі екі жарым ғасырда 6 миллионнан аса батыр-бағландарымыз құрбан болған екен. Осыны біле тұра бабаларымыздың әруағының алдында «бізде бірлік жоқ» деуге саңылауы бар қазақтың дәті қалай шыдап, аузы қалай баратынына таң қалам.

Ал енді осы айтылғандарда саясат жоқ деп көріңіз. Прозасы, драматургиясы, аудармасынан бөлек осындай тағылымдық жазбалары руханиятқа қосқан мол мұра деп қабылдау керек. 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысының премьерасы болды. «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын» пьесасы, «Шыңдағы шынар», «Айман–Шолпан» киносценарийлері, А.Қаһардың «Ауру тістерін», Ш.Айтматовтың «Ана–Жер–Ана», «Арманым, Әселім» пьесаларын, «Ақ кеме» повесі және Шығыс классикасының «Мың бір түн» ертегісін қазақшалаған. Оның комедиялық және драмалық туындыларының қай-қайсысында да қазақ қоғамында рухани дерттің белең ала бастауы кеңінен қамтылып, қазақ халқының Кеңес дәуіріндегі алмағайып тағдыры, ұлы тұлғалардың трагедиялық бейнесі айқын көрініс табады.

Ол осындай ұлтжандылығымен, қайсар мінезімен, аса қарымды қаламымен, сөз саптау шеберлігімен өз биігінде қалды. Жазушы, кәсіби театр сыншысы, драматург, қазақтың біртуар азаматы көзі тірі болғанда желтоқсан айында 95 жасқа толар еді. Өзі өлсе де артында өлмейтұғын мұра қалдырған руханияттың абызы Қалтай Мұхамеджанов қазағы барда өлмек емес.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

    Алаш қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы һәм ұстаз, педагог-ғалым Жүсіпбек …